135
- Жылағанмен жақсы Бөжей қайта ма? Тірілер болса, күңіренген дүние,
төгілген жас аз ба? Әнеки, - деді. Түн аспанын қақ жара шулап, боздап, зарлап
жатқан қыз-қатын, ер-азамат жаққа қол нұскады.
Жалын атып, аһ ұрып, күрсініп алып:
- Есті жи, Байсал! Белді бекем бу, түге! - деп өзгелерге де әмір, бұйрық
сияқты сөз тастап, - ақыл қосыңдар одан да! Хабаршы жөнелтейік. Қамға
кірісейік! - деді.
Қалған жай бәріне де мәлім еді.
Бұл үлкендер осы түнде қырық-елудей жігіт-желеңді және бірер ақылшы
кәріні қастарына алып, өліктің артын күтетін қамға кірісті.
Хабарды кімге беріп, кімге бермеуді Байдалы өзі атаған. Сол ретте
Құнанбай ауылдарын қатардан әдейі шығартып тастаған-ды.
Отыз-қырық кісідей шапқыншы түн ортасы ауа бергенде қос-қос атпен әзір
болды. Жарау ат, айғырды мініп, қалың Тобықтымен көршілес Керейдің,
Матайдың, сонау тіпті Қарқаралы жағындағы Шор мен Бошанның басты-басты
жерлеріне де жат, суық хабарды алып, шашырай шауып жөнелген-ді.
Түн бойы ұйқтамаған Байдалылар күн шыға бергенде, Бөжейдің өз үйінің
жанына, осы өлкедегі ең үлкен үй Сүйіндіктің сегіз қанат аппақ үйін әкеліп
тіккізген. Үй тігіліп болысымен, ішіне бөтен жасау-жабдық кіргізбей, тек
есіктен төрге дейін кілем ғана жайғызды. Оң жаққа үлкен сүйек төсек кіргізді.
Үстін көмкерумен қара кілеммен тегістеп болып, сол төсекке Бөжейдің сүйегін
әкеп салғызды. Жаназасын шығарғанша өлік осында болмақ.
Бөжейдің өлігін өз үйінен шығарып, мынау үйге әкеп қою қаралы қатындар
мен Бөжей қыздарының зарлауын қатты үдетіп еді. Байдалы сүйекті
орналастырып болысымен сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз
қолымен әкеп қара тікті.
Бұл жүмыс өліктің артын күтудің үлкен бір серті еді. Қара дегені - ұзын
найзаның басына тігілген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан
болса, сол төрелердің өзді-өз тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы,
ала тулы деген төрелердің тұқым-тұқымы, жік-жігі осындайда көрінетін. Ал,
қарадан кісі өлсе тудың түсі өліктің жасына қарай болады. Ол жөндерге
келгенде, Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана ақылдасты.
Сүйіндік жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі өлсе, ақ болатынын
айтып келді де, «Бөжейдей орта жасты кісінің қаралы туы - бір жағы ақ, бір
жағы қызыл болу керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту - қара
дегені осы еді.
Бөжей өлген күннің ертеңінде тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге
өлімнеп ерекше күтілетінін жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас беріледі,
жыл бойы арты қатты күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық
атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады. Бұл әдеттің екінші
бір белгісі тағы бар. Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүнер
жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп
келді. Бірі - доға жал семіз күрең ат. Екіншісі - дом боп жарап қалған, сартап
болған сұлу қара көк ат. Күрең ат - Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті - осы
жаз басынан байлап жүр еді.
136
Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде
барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп,
бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып:
- Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! - десіп, күңіреніп еді.
Өзгеден бұрын бойын жиып алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ
босағада тұрған күрең атқа кеп:
- Жануар-ай, иең кетіп тұл қалдың ғой, сен бейбақ! - деп, жақындап келді
де күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан кұйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл
тірсегінен жоғары келтіре, қалың кұйрығын да борт-борт кесіп алды.
Қара көк атқа да соны істеп, тұлдаған екі атты барлык осы өңірдің өзге
жылкысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті
айтылды. Мынау тұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей
семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады.
Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:
- Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде
ерімнің каралы ер-тұрмайы осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осы жануарға
жабылсын! - деді. Бұл сөзі байлау еді.
Осыдан соң Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық
басты ру, бай ауылдарының мал иелерін алып отырып, Бөжейдің жаназасына,
підиясына байлайтын мал-мүліктің әңгімесіне кірісті.
«Өлім - бардың малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжен бай болмасын,
бірақ жоқ емес. Әсіресе, ағайын тұрғанда, мынандай шебі бүтін тұқымы
тұрғанда, неге жоқ болады! Тіріде тілеуі бір туысқан өлісінде неге ұмытады?
Бет топырағы жасырынбай тұрып қайтып ұмытады?
Осыны айтыспаса да ойламаған ағайын жоқ. Сондықтан олар Бөжейдің өз
үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті.
Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тіккен үй, әсіресе өткен-
кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан болса,
аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргіншісі болсын, баршасы да бұл бір
жылдың бойында, ылғи ғана Бөжейдің үйіне түсетін болады. Солардың тие
берсіні, тілек батасы Бөжейге сауап. «Өлгендердің артын күту, аруағын күту
сол сауабын ойлауда» деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар
еске алды.
Сонымен Бөжейдің өз үйінің шығыны әлі алда жатыр. Ол санаусыз көп.
Ендеше мынадай қауырт шығасыны ол үйдің қзіне салмай, бөліп әкету шарт.
Жиылған ағайын ынтымағы сараңдықка бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан
болмаған бай підия және де осы Бөжейдікі болатын болды.
Бастығы Сүйіндік, Байсалдар болып: «Азаға салғаным», «қосқаным»,
«аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос ат, іңген, жамбы, тай тұяқ, қон тұяқ
сияқты бұйымдар атасты. Сүйтіп, кеңес аяғында підиясының өзі талай тоғыз
болып саналды. Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі
тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді.
Осы таңертеңде, дәл осы кеңесте, мынау қара тіккен ақ үйге бұдан былай
мол жасау, қаралы сәнді жасау жиюдың жайы да байланды.
Сүйіндік, Байсал, Байдалы бар, бәрінің үйлерінде, тең, сандықтарында
жатқан қаралы қалы кілем, қымбат ішік, өзгеше тон, тұскиіз сияқты асыл
137
бұйымдар тегіс осы үйге әкеліп жиылмақ. Түске жақын ақ үйдің ішіне әзірше
жасау қып ілмесе де, ертең өлік шыққан соң ілетін боп барлық септің
жасауларын да әкелісіп қойысты.
Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт
байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып,
сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап
жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр.
Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт
байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың
сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол
жоқтауларын айтумен отыр.
Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол
жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды. Аңыраған ел жер
қайысқан қалың нөпір боп кеп, бірнеше күн жыласып, аза салып болды да,
ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды. Сүйегін бұл жайлауға қоймай,
Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды.
Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай
айналасы болды.
138
Достарыңызбен бөлісу: |