Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет65/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
131 
Қопа мен Қаршығалы сияқты қоныстарды Бөкеншіге Жігітектен алып 
бергеннен бері, қазір міне күн сайын көші-қоң да, жайылыс-өріс, биебау да 
даулы болып тату ағайым тоңырайысып барады. 
Байдалы, Түсіптер күнде көріп, күнде сезіп: «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ 
екен, қолтығымыздан шығарып алмасақ екен» деп, дамылсыз күдіктеніп 
отыратын болгған. Сол мазасыздықтың өзі де Құнанбайға бұларды өшіктіріп 
отырған. Бұл жайдың бәрін танып сезген Бөжей Құнанбайға қатты ашулы еді.
Кәмшат жайы осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдің 
рақымсыз боп жүргені рас. 
Абай көңілінде Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін 
айыптаған үкімге ақтау жоқ. Үлкенмен араздық, дәл бұндай адамшылық ар 
сыналатын жерге арашашы бола алмайды. 
Хабар-ошарсыз Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман 
қатуланды. Астыртын хабармен Құнанбайдың үлкен аулына Ырғызбай, Топай, 
Жуантаяқтардың көп ірі кісілері жиналып қалған. Солардың тобына Құнанбай 
Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып отырып, тағы кісі жіберді. 
Бұл жолы Жігітекке барған Жұмабай емес, Ызғұтты мен Жақып. 
Құнанбайдың жан күйер жақындары. 
Бөжейге кеп: 
- Бұ не қылғаның? Шабындыдан келген күң бе еді? Құнанбайдың бел 
баласы, оң көзі емес пе еді? Тым құрыса іштен шыққан анасына хабар айтып, 
топырақ бұйыртсаң етті! Бұ не деген білместік, не деген өштік? - деп сөйледі 
Ызғұтты. 
Бөжей мен Байдалы, Түсіп бірігіп отырып жауап берді: 
- Сыныққа сылтау таба алмай отырған Құнанбай ғой. Қаршадай қыз өлді 
деп сауын айтып, ас беруші ме ем? Тіпті берсем де, басым сырықтан арылар ма 
еді? Кінәласа, құн тілесін енді менен. Бірақ, тек әлі жетсе алып көрсін! -деп, 
Бөжей бір-ақ томырылды. 
Жер ашуы қайнар кезіне жеткен сияқты. Бұл сөздер биылғы жазды не 
қылса да үлкен лаңның, зор бәленің жазы етуге айналған сөздер еді. 
Ызғұтты мен Жақыпты жөнелтісімен, Бөжейлер өздеріне қараған бар 
ағайынды баталасуға шақырыпты. 
Сол күні кеше Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекініп 
жатқанда, Байсал, Қаратай, Сүйіндіктер боп, Бөжей аулында, Саркөл үстінде 
серт байлау жасасты. 
Ел-елдің жайлаудағы өрісіне жеткен кезі емес. Әлі жаздың басы. 
Шыңғыстан жаңа ғана асып қонысқаны осы еді. 
Енді екі жағы да тез-тез көшіп, Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жәнібек 
сияқты кең қоныстарға, алыс өрістерге жіті жетіп алмақ. Ендігі жаз күндері, 
барлық жайлау күндері, майдандасқан шептер мен жұлысқан топтардың күні, 
түні болатын сияқты түрі бар. 
Жалпы Тобықты қауырт, асыға көшіп келеді. Жігіт атаулы сойыл 
шоқпарын сайлап, жаз мінетін аттарын жиі-жиі таң асырып, асыға жаратып жүр. 
Қызу өсіп, күн санап өрбіп келеді. Көршілес ауылдарда күн сайын 
тыныштығы кеткен мазасыз айғай дырду көбейіп, кәрі-жас та, қатын-қалаш та: 


 
132 
«кеп қалды!» «тиіп кетті», «алды, жұлды!» деген, суық хабарларды күтіп, 
елеңдеп ұйқтайтын болып еді. 
Зеренің аулы осы дегбірсіздік, мазасыздық үстінде үдере көшіп отырып 
Бақанасқа жетті. Қонғаны кеше ғана еді. Маңында он ауыл емес, қазірде отыз-
қырық ауыл оралып қапты. Ертеңді-кеш қалың жиын, қарулы азамат Ұлжан, 
Айғыз үйлерін күндіз-түні басып жататын болды. Құнанбай Бақанасқа 
жеткенше осы аулынан кеткен жоқ. Топырдың бәрін осында жиып, ұлықтық 
әмір бұйрықтарын да осы арадан атқарады. Барлық атшабар, старшын, илер де 
бүгіндер Бақанас бойында. Бұл атраптағы отыз-қырық ауыл тегіс, ендігі бір 
өзгеше жиынның ордасы сияқты боп алды. Сияз емес, сайлау емес, ас беріп, ат 
шаптырған емес. Не кұдалық береке де жоқ. Сылтаусыз болса да жиын 
айықпайтын бір шоқы боп алды. 
Абай әкесінің ендігі сырын білмейді. Үлкен кісілер кеп, әке қасын 
қоршағаннан бері және Кәмшат өліп, үй ішін, аналар көңлін уайым басқаннан 
бері Абай әке қарекетінен, ендігі мақсұтынан шетірек қалғанды. 
Бақанасқа бұл ауылдар жеткен күннің ертеңінде көршілес Жәнібекке
Тезектің Қарашоқысына, Қазбалаға Жігітек, Бөкенші, Көтібақ та жетсе керек 
еді. Бірақ әлденеден олар келмепті. Сұрастырғанда: кейіндеп, Ақтомар, 
Қаршығалы, Шақпақ тұстарында қапты деген хабар келді. Егескенде, иінтіресе, 
таласа көшетін әдет болушы еді. Бастапқы екпін сондай-ақ еді. Не болды екен? 
Немене есеппен бұғып қалды екен?.. Осыны үлкенді-кішінің әрқайсысы: «Бұл 
қалай? Неліктен?» десіп сұрасып жүргенде, түс кезінде Бақанас бойына бір 
өзгеше хабар шұғыл кеп қалды. 
Ызғұттының аулына түсіп, сусын ішіп аттанған Бөкеншінің үш 
жолаушысы айтыпты: «Бес күннен бері Бөжей науқас еді. Соңғы күнде сол 
науқастың беті бұзылған тәрізді. Бөжей өзі шоши ма? Болмаса, сақтықта 
қорлық жок дей ме? Әйтеуір кеше кешке бар жанкүйер ағайынын шақырып
арыздасып жатыр дегенді есіттік» - депті. 
Бұл жүргіншілердің сөзі ұшқары сөз емес, шын еді. 
Бақанастың суык бетке әзірленіп жүрген елінің бүгін күні бойғы аузындағы 
сөзі осы болды. «Арыздасып жатыр дейді! Байсал, Байдалы, Түсіптер жыласып 
арыздасыпты дейді!», «Науқасының бетінен ағайын шошиды деді!», «Жазым 
боп кете ме қайтеді?» - деседі. Далада малшы атаулы бір-біріне кездессе, қосак 
басында қатындар кездессе, ат үстінде азамат кездессе, ас үстінде үй іштері - 
абысын-ажын күңкілдессе, тегіс сөйлейтін сөз осы болды. 
Осы күннің ертеңінде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген 
хабар да жетті. Өткен түні, ел жатар кезде жантәслім қыпты. 
Бұл хабарды Жұмабай ат үстінде естіп Ұлжан үйіне келгенде, ол үй 
таңертеңгі шайын ішіп отыр екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан 
Абай, Оспан, Тәкежан отыр еді. 
Бөжейдің өлімін есіткенде, үй іші тегіс аңтарылып, селт етті. Бірталай 
уақыт жым-жырт отырып, үн қата алмай қалған үлкендер, мынау тосын 
хабарды енді-енді, әркім әр түрде сезіне бастап еді. 
Құнанбай қатты сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк 
адырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет