149
Сонан соң үлкен ұзақ жоқтаудың сарынына түскен қыздар. Олардың
өзгеше бір суық зарлы жоқтау ырғағы бар. Дауыстары құйып қойғандай дәл
бірдей шығады. Жалғыз-ақ бес қыз тұтас ұзақ айтқан жоқ. Бәйбіше тоқтаған соң,
өзге қыздар да басылып, екі-ақ қыз адақтап шықты. Ол Бөжейдің екі бойжеткен
қызы.
Бұлар бар сөзін анық қып, анда-санда «аһ» деп,
жалын атып қойып,
сұңқылдап зарлап отыр.
«Әкекем... жеткізбей кеттің... арманда кеттің... зармен кеттің, жетім бейбақ
біз болдық... пана кім?.. Неге аңыраттың?» деген сияқты жерлерге келгенде,
барлық үйдің іші қайта егіліп, тыйыла алмай, тұншыға жыласады. Абайға да
шын жылаудың ең ауыр кезі осы болды. Ол көз жасын тіпті ірке алмай қойды.
Буына жаздап, булыға жылап отыр.
Осымен біраз барды да,
екі қыз әкелерінің әміріне, әміріндегі ерлік,
жақсылық істеріне түсіп кеп, бір сәтте дауыстың мәнін аса бір тосын жайға
салды.
Бөжейдің өзін қойып, тұстастарын айтып келіп, әркімді атай отырып үйдің
іші тегіс жым-жырт тына қалған уақытта, бір кезде Құнанбай атын сап еткізді.
Төрде төмен қарап, тымағын көзіне киіп, тұнжырап отырған Құнанбайды
мынау екі қыздың қатал даусы басқа соққандай болды.
Бірақ бұл - дауыс. Намаз сияқты бұзылмайтын жол-жора.
Айтар сөз, тыяр
тыйым, істер шара жоқ.
Екі қыз сөздерін барған сайын қатайтып, қадалып кеп:
Жау боп шықты Ырғызбай
Айыпқа бердің бір қызды-ай, -
деп бір кетіп және бір сәтте:
Оның аты Құнанбай,
Жүйріктігі құландай
Шұбарлығы жыландай... –
деп, жарып өтті. Жалғыз көзге дәлдеп тұрып қамшы ұрғандай қатал жаза.
Құнанбай қасындағы үлкендер бәле шығып кете ме дегендей қыбылжи
бастады. Жөткіріп, қақырынып, қозғалақ қақты. Бірақ Құнанбай тістеніп ап,
сыр бермей шыдап берді. Абай дәл бұл кезде ұялып қысылғаннан өлердей боп
отыр. Ол үй ішімен көрісіп кеп отырған соң байқады. Анау бір топ қыздың
ішінде Тоғжан да отыр екен.
Бірақ ол бетіне салы жамылып, сырт беріңкіреп,
қырын отыр. Абайдың ары, әсіресе, сол Тоғжаннан ұялғандай, енді ішінен:
«Ойпырмай, мынаны көргенше жер жарылып, жұтып кетсеші бізді!» - деген бір
ой ойлады.
Сөйткенше, төрде отырған біреудің қатты тамсанған үнін есітті. Қараса -
Сары апаң екен. Ол ашулы түспен түйіліп, қара шапанды басына жамыла беріп,
жүрелей отырып ап, айғайлай жөнелді.
Сезінің басы Бөжейді мақтау мен сол жақсыны жоқтау еді. Соның аяғын
шұбыртып кеп: