147
Осындай қамның бәрі биенің бас сауымына шейін түгел бітті. Қалың топ -
бата оқыршы шаңқай түс кезінде сансыз кеп салтты боп күнбатыстағы
Жәнібекке қарай тартты. Барлық жиын - елу қаралы еркек,
отыз-қырықтай
қатын. Араларында Абай, Тәкежан сияқты жастар, Оспан сияқты балалардан да
бір топ бар.
Жұрттың бәрі ат үстінде. Тек Зере мен Ұлжан және сол екеуінің қасына
мінген Сары апаң деген әйел мен екі жас келіншек қана арбада. Құнанбай бұл
арбаны өзге жұрттан ерте қамдатып, бұрын жүргізіп жіберген.
Сол арба жарым жолға барды-ау деген кезде өздері аттанған-ды. Бақанас
өзені мен Жәнібек өзенінің екі арасы тай шаптырымдай-ақ жер.
Құнанбай қасындағы көп қошеметшінің ішінде Ырғызбайдан: Майбасар,
Жақып, Ызғұтты сияқты туысқандары. Және Құнанбай жағында жүрген
әлденеше рулардың ақсақал, қарасақалы бар.
Ат үстіндегі әйелдер бөлек топ боп кейінірек келе жатыр. Олардың
ортасында Құнанбайдың үлкен әйелі Күнке, сонан соң Айғыз және Қалиқа
сияқты абысын-ажын. Кәріден - Таңшолпан сияқты шешелер де бар еді.
Аттылардың қалың тобы осындай лек-лек боп, Құнанбай шоғырын алдына
салып келе жатқан. Бір сәтте осы жұрт екі қоныстың
арасындағы сар жазықты
айғай-шуға батырып, оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп Жәнібекке қарай
ат қойды.
Бұл елдің ежелгі ырымы бойынша әлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты
осылай алыстан айғайлап: «Ой-бай, баурым!» деп, жылай шабу болатын.
Сол шабысты ең әуелі үлкендер бастамақ керек, Бағанадан қалың топтар
Құнанбай шоғырына қарап келе жатыр еді. Қазір сол Құнанбайлар өздері де үн
салып, аттарын борбайлап, еңкейе шауып жөнеліп берді. Арттағы еркек, әйел,
бала-шаға топтары да сол сәтте дүрк жөнелісті.
Абай орта бір топтың ішінде келе жатқан. Қасында Күнкеден туған ағасы
Құдайберді, атшабар Жұмағүл,
жорға Жұмабай және Тәкежан, Оспан сияқты
аға-інілері болатын.
- Ойбай бауре-е-м!
- Аға екем!
- Аскар белім!
- Құт берекем! - деп, Абай қасындағы кекселеу кісілер шырқап жылап, үн
салып келеді.
Атшабар Жұмағұл мен Тәкежан болса, аттарының екі жағына кезек
қисайып, құлап кететін кісі тәрізденіп, ауытқып жосытады.
Сырт ажарлары шынымен егілген,
есінен танып, бауыры езілген кісілер
тәрізді. Абай жай ғана, тұра шауып келе жатып, ана екеуінің соншалық сырт
құбылысына сенген жоқ.
Тартымды, бір қалыпты шапқан, бірақ шынымен «ой баурымдап»
шапқан
Абай қасындағы Құдайберді сияқты. Абай тегінде аз ойласып жүрсе де, осы
ағасының мінезін ұнатушы еді. Қазірде өзін соның шамасында ұстап, «сол
істегенді істесе мақұл болар» деп білді. Дүркірей ағылып, шулап шапқан топ
Жәнібектің көк майса кең саласында жыпырлай қонып отырған сансыз көп
ауылдардың үстінен шыға келді.