143
келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбіше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты.
Бұл бастаған он бес түйелі көштің сәні өзгеше көрінді. Бар түйенің үстіне
артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қоңыр алаша, қара ала текемет
көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара жамылшыларымен баяу
ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді.
Көштің түріне таңданып, үнсіз тоқтап қалған балалар тобы мынадай
салтанатты көріністің алдын кесіп өте алмады. Енді амалсыз көш өткенше
қарап тұратын болды.
Басында бұларға көш адамдарынан көз салган кісі жоқ еді.
Бірақ алдыңғы
қыздар тобы енді жакындап, қастарына кеп қалған екен.
Солар ғана өзінше, біртүрлі түйсінгендей болды білем. Аралары азырақ ауысып,
аз ғана бөгелісті де, бір кезде бір топ қыздар ортасынан екі қызды ілгерірек
бөліп шығарды.
Бағанағы кекілі кесілген қара көк ат сол екі қыздың орталығында жетекте
екен.
Оспан аңырып таңданып, Абайдың қасына кеп:
- Бұлар кім? Бұл қандай көш? - деп тақат таба алмай, ағасын қамшымен
түрткілеп, мазасызданып тұр еді.
Қазір екі қыз бөлініп алға шыққанда, олардың көрінісіндегі елден ерекше
бір жайды байқап, Оспан қатты күліп жіберді.
- Ойбай, Абай, ананы қара! Тымақты қара! - Абай бұған ашулы түрмен
жалт қарап, қатты түртіп қап:
- Тоқта, кұтырма! - деді.
Оспан Абайдан сескеніп қап, аузын басып,
тайының жалын құшақтап, үнсіз күліп жатты.
Бұған ерсі көрінген сурет Абайдың өзінің де өмірде ең алғаш көрген
көрінісі.
Бұл көш қаралы көш екенін - Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағана-
ақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлім. Бірак, қазір мына екі
қыз істеген іс сол бөлектің ішінде де бір өзгеше болды.
Олары өзге қыздан бөлінгенде байқалды. Бастарына еркектің бас киімін
киіпті. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтірі тымақтары бар. Қыз кимейтін
бас киімнің артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Енді ғана анық көрінді,
орталарына жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстіне Бөжейдің ер-тоқымы
ерттеліпті. Ер үстіне сол Бөжейдің осы өткен қыста Қарқаралыға киіп барған
қызыл күрең ішігі жабылыпты. Ердің қасына қамшысын шәншіп, соған да теріс
қаратып, Бөжейдің қысқы түлкі тымағын кигізіпті.
Екі қыз бөліне салысымен мына көлденеңпен қарап тұрған аттыларды
көріп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында, ауыл
үстінен өтсе, немесе бөгде жүргіншілер
жанынан өтсе, қаралы көштің қара
жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен.
Бір күліп, жыны қозып алған Оспан бұндай жайдың бәрін қайдан ұқсын.
Өзі ес білгелі, дәл өз үйлерінен өлім шықпаған. Өлімді бұлайша күтуді
көрмеген бала бұл жерде ұқтырам десе де ұқпас еді. Оған жаңағы көз алдынан
өткен көріністің бәрі ерсі көрінді де соған күлді. Абайдан қорыққанынан басын
көтере алмады. Бірақ тайының шоқтығына жабысып жатып көзінің қиығымен
сығалап қарап қояды да, екі иіні дірілдеп, шек-сілесі қатады. Алғашқы екі қыз