163
отырмас па еді? Кешсе, жұрттан оқшау көшеді. Қалса Жидебайда жалғыз ауыл
қалады. Арттағы елге ұйтқы боп, асын беріп, ерінің тілеуін тілетіп отырғанның
орнына, өз тыныштығын сүйеді. Бар елдің күтімі де, шығыны да бізде.
Тауқымет біздің мойында! - деп жазғыратын.
Ұлжанның атқамінер атаулыны өз аулына жия бермейтіні рас. Шыңғыста,
қалың ел ортасында болғандықтан Күнкенің қазан асысы, қонақ шоғыры мол
екені де рас. Қазір бұл үйдің сойысы Ұлжан үйінен көп болғанға Күнке, әсіресе
күйінеді. Ол да күндестіктің, бәсекенің бір қиын, шытырман жері болатын.
Мал амалсыз сойылып, жиі шығындап жатыр. Сол шығын өскен сайын іші
ауырып, ең ақыры осы кездерде Ұлжанды абысын-ажынға да, ағайын-жақын
үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш боп еді.
Абай бұл шешесімен дауласпайды. Айтқанын үндемей, салқын ғана
тыңдайды да, сол арада ұмытуға тырысады. Үйткені, шешесі, Күнке
айтқанды
оның баласы Құдайберді айтпайды. Ол әрқашан Абай келгенде қуанып қарсы
алып, аса қатты бауыр тартады.
Күнкенің сөздерін Абай өз шешесіне де жеткізген емес. Бірақ Қарашоқыға
барып қайтқан сайын, үйдің оңашасын тауып, әжесіне айтып, сонымен
ақылдасатын: Әжесі Күнке сөздерін тыңдап-тыңдап кеп:
- Елеме ол сөзді! Қай үйдің қай жөнмен жүретінін сол білетін шығар.
Күндестік деген сұм мінездің ызғары ғой! Күнке мен Айғыздан сондай бықсық
шықпай жүре ме? Шешеңе айтпай-ақ қой, өзім тыямын! - деген.
Айтқанындай Зере бір күні Ызғұттыны шақырып ап, Күнкеге әдейі жұмсап,
жаңағыдай сөздерден тыйылсын деген. «Одан да үндемей шыдап, байының елі-
жұртын, қонақ-қопсысын сыр бермей сыпсыңдамай күтсін» деді.
Құнанбайдың ауылдары мен ағайынының жолаушны күтуі ұзаққа созылды.
Бұл жақтан алған он бес қыстауға Байдалы, Байсалдар таласа, қырбайласа
жүріп, әлдеқашан қонып алған. Күз белгісіз өтті. Қыстың да тең жартысы ауып
барады. Құнанбай қайтпай жатыр. Тек ай сайын
ғана қасындағы жігіттерін
кезек-кезек жіберіп мал алғызады. Үйлеріне әр шаруаның жөнінен сәлем
айтады. Амандығын білдіреді.
Өз ісінен анық берген хабары: барысымен, аға сұлтандық орнынан түсіпті.
Енді соның арты оңай айыға ма? Тексеруден дуан жібермей жатыр деп, қысқа
ғана белгі береді.
Анығында Қарқаралыға жаңа аға сұлтан сайланған, Ол бұрын бір болып
түсіп қалған Бөкей төренің нәсілі Құсбек. Бұл қайта болысымен, Құнанбайға
жақсы қараған жоқ. Өткен сайлаудан қалған кегі бар.
Және тегінде Баймұрын арқылы Бөжей жағын ұстанып келген кісі.
Аға сұлтандар ауысса да, Майыр ауыспаған. Ол да Құнанбайға оң
қарамаған кісінің бірі болатын. Осы екеуі Құнанбай ісін күзден бері созып,
астыртын шолақ қағаздармен бірге Омбыға, көрпіске беттетіп жатқан. Тергеуді
Құнанбайдың өзіне білдірмей, солай ауыстырмақ. Олай әкетсе, Құнанбайдың
айдалуы да ғажап емес.
Осы жайын бірер айда анық сезген Құнанбай Қарқаралыдағы жанашыры
Алшынбай сияқты кісілерді іске қосты.
Араға Алшынбай кіріскен соң, істің бетін
Құсбек жеңілге саймақ боп,
босаңси бастады. Бірақ кетіп қалған азын-аулақ қағаз бар. Омбыдан келген