165
Алшынбай, Майыр, Чернов және Тінібек төртеуі Омбы бұйрығы келген
соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты.
«Жібердік» деп, Омбыға «үкілі почта»
жөнелтіп, Майыр өзі де қағаздарды
алып ілесе шықпақ. Содан арғысының есебі жолда табылмақ. Жолдан қалса
Омбының өзінде бітпек. Қалай да осы Майыр өзі барып құтқарып қайтпаққа
серт етті.
Сонымен Құнанбай жүріп кетті. Көлігін, жылы шанасын, жол азығын, қос
аттарын шетінен ортан қолдай қып сайлап алды. Қойын-қонышқа ақшаны да
сықап алды. Құнанбай қасына үш жігіт ертіп, тартып кетті.
Бірақ не дегенмен Омбыға қарай беттегелі Құнанбай көңілінде күдік көп.
Әсіресе,
діні бөлек, сыры бөлек Майыр ғой деп, параны көп алса да, көп уәде
берсе де, сол Майырдың өзіне сенбейтін. Дәл кетерінде Алшынбай мен
Тінібекке:
- Соған, сол жағына ұкып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып
арылыңдар да, менің артымнан шапқыншы жіберіп, хабар етіңдер! - деген.
Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жігіті Көккөз дәл үшінші күні
Құнанбайды қуып жетті. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр еді. Шапқыншы қос
атпен салт қуып келіпті. Екі құла айғырдың қалың жалдары төгіліп, ұзын кекіл
мен күлте құйрық бәрі де қырауытып, шаңыта түсіп, көпсіп тұр.
Бауыр мен
жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен.
Көккөз Құнанбайды шанадан өзі түсіріп, қолтықтап оқшау шығарып алды
да, көп күбірлесіп, бар сәлемді айтып берді. Аздан соң бұл жігіт оң сапарды
көп-көп тілеп қала беріп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелді.
Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны:
- Майырды Керекуде тосыңдар! Тосып алып, содан әрі бірге тартыңдар! -
деді.
- Өзі әйтеуір, азбай ма екен? - деп, Мырзахан қадалып еді.
- Азбас! Азып сонша не бопты? - деп, біраз отыра түсіп, - бірақ әлі өзіміз
көрсететін бір қайрат та бар. Дер кезінде айтармын. Беліңді әрдайым бекем
буғайсың! - деді.
Майырдың
ниеті дұрыс болғанда, осы Омбыға жүргізгені қалай екенін
Мырзахан түсінбеуші еді. Оған Құнанбай:
- Солай істелу керек! Көрпіс алдында әмірін орындап, мені жүргізгенін, өзі
де шыққанын, айтқанды екі қылмағанын таныту керек. Ақталып қайтатын
болса, кісіге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдік көрме! - деген.
Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жетті.
Келген күні кешке ол Құнанбайды өзі түскен пәтеріне шақырыпты. Құнанбай
қасына жалғыз Мырзаханды ертіп барған.
Майыр Керекудегі өзінің жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестікіне
түскен.
Үй иелерінен бөлек, оңаша сәнді
белмеде Майыр Құнанбай мен
Мырзаханды қабыл алды. Өзі Қарқаралыда тілмәш ұстағанмен, қазақшаға
ысылып қалған болатын.
- Ал, Өскенбайыш мырза, енді сені айыптайтын қағаздарды көрмексің ғой,
солай емес пе? - деді.
- Көрсет енді! Тек бірін қалдырмай, бәрін көрсетші!..