Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет84/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
170 
Тақат, сабырдан айрылған Абай Түйеөркешке қалай жеткенін аңғарған да 
жоқ. Ымырт жабыла бере екі жігіт тау ішіндегі Ербол аулына келді. 
Кішкене кедей қорада Ерболдың өз үйінен басқа үй жоқ екен. Бұл қыстау 
Қарауыл суының бер жағында, Сүйіндік қорасы өзеннің ар жағында бір 
шақырымдай жерде. 
Маң төбеттері үріп, мұржаларынан түтіндері будақтап, қарауытып, мол 
дүниедей боп тұрған бай ауыл. Иелері Абайға араз, бөтен ауыл. Онда 
Кұнанбайдың баласы баруға жол жоқ. 
Әсіресе мынау келген сапарынан, қастық пен қаттылығын аямайды. 
Әділбек, Асылбектер - бұл өңірдін намыскер, мықты жігіттері. Олар жау 
ұлының ниетін білсе, өлердей өртенеді. 
Соның бәрін есептеген екі жігіт, түн болғанша өзеннің осы жағында қалды. 
Түн келіп, уәделі уақыт өткен соң, Ербол мен Абай жаяулап қана арғы 
жағаға өтті. Ауыл ұйқыда, иттер де тыныш. 
Мал қораның есігін Ербол ептеп ашты да, Абайды түйе қораның ішіне 
енгізіп, өзі қараңғыны сипалап жүріп кетті. 
Абай сол қараңғыда тапжылмай, тынысын тартып тұрған шақта, өз 
жүрегінің тоқтаусыз дүрсілін естіді. 
Аз уақытта Ербол қайта кеп, мұны қолынан алып, сыбырлап: 
- Кұдай берді! Асылбек бүгін үйде жоқ екен! Қазір соның отауына кіреміз! 
- деді. 
Абай ақырын сәлем беріп, жасаулы отауға кіргенде, аққұба жеңге төсек 
жанында тұр екен де, Тоғжан жерде көрпе үстінде отыр екен. Табалдырықтан 
төрге шейін жайылған әдемі алаша. Тамның бар қабырғасы тұскиіз, жібек 
кілеммен қапталыпты. Ақ жібек шымылдық биік сүйек төсекті жартылай 
қоршап апты. 
Абай амандасып тоқтағанда, сыпайы жеңге бұған жақындап кеп, тымағын 
алып, белін шешті. 
Тоғжан алғашқы минуттерде қатты қысылып, өте ақырын амандасып
өзгеше қызарды. Бір кезде оның жүзі ағара бастап, сұрланып кетеді. Жүрек 
толқыны мен ұялу аралас. Барлығы да лүпіл қаққан шыншыл қанмен бетіне 
шығып, сыр айтып қайтады. Ербол жастар қысылмасын дегендей болып: 
- Ал, мен арғы жағаға қайтып, атты әзірлеп тұрамын! - деді. 
Абай үндемей басын изеп, рұқсат етті. 
Жеңге де шай әзірлемек боп тысқа шықты. Сол кеткеннен қайтқан жоқ. 
Абай оңаша қалғанда, әуелде қатты қысылды. Бірақ байқап қараса Тоғжан 
тіпті ұялшақ. Тіпті нәзік, жазықсыз бала тәрізді. Өзі де басында не дерін білмей, 
сөз таба алмай, аса қиналған. Енді ойласа, бұл қалыпта екеуі рақат кешті зая 
кып өткізетін тәрізді. Аз уақыт Тоғжанға иіле қарап отырып: 
- Тоғжан, менің сәлемдерімді есіттіңіз бе? Бар сөзім сізге арналған, сізді 
сағынудан туған сөз еді, ілтипат қып еледіңіз бе? - деді. 
Тоғжан ішінен: «ілтипат қылмасам мұным не?» дегендей. Бірақ ақырын 
жымиып күлді де: 
- Есіттім, Абай! Өлеңіңіз жақсы екен! - деді. 
- Мен ақын емес ем! Жалғыз-ақ сіз мені былтыр бір көргеннен-ақ қатты 
толқынға салдыңыз. Содан бері бір уақыт ұмытқан емеспін. 


 
171 
- Ұмытпадым дейсіз, бірақ содан бері бір келмедіңіз ғой! 
- Қайтіп келем? Ел жәйін білмейсіз бе? Бір көрудін өзі зар болмады ма? 
-Рас! - деп, Тоғжан қызара түсіп, көзін төмендетті де, - сізді мен бір көрдім. 
Көш жөнекей көрдім... байкадыңыз ба, білмеймін! 
Абай ішінен соншалық ырза боп, қуана түсіп: 
- Тоғжан! Япырмау, жақсы айттыңыз-ау! Мен сонда: Тоқташы, бір сәтке 
тоқташы!» дей жаздап, зорға шыдап қалып ем. Көрмей, көрсе де елемей кетті 
ме деп ем. Тоғжан, сізді қайтіп ұмытайын? - деп кеп, Абай Тоғжанның әдемі 
аппақ қолын ұстады. 
Тоғжан қолын тартыңқырап, ұялды да, ығысып қалды. 
Осы кеш екі жасты бір-біріне соншалық сүйікті, ынтық етті. Екеуі тек жүз 
көрісуден, сөйлесуден басқа ешбір бөтен тілек ойламастай. Алғаш көріскендері 
осы болса да, көп жайларды айтысты. Шын сағынышты, ынтық жандар боп 
ұғысты. 
Таң жақындаған кезде ғана жеңге қайта оралды. Сол шай жасай бастап, 
тысқа тағы бір шығып кеткенде, Абай Тоғжанға жақындап кеп, үндемей ғана 
бетінен сүйді. Тоғжан оттай жанып, қып-қызыл боп кетіп, әлсіз ғана қорғанып, 
Абайдың жүзін екі алақанымен қысып, кейін шегіндіре берді. Қарсылық емес, 
ұялу еді. Абай қайта ұмтылып, қатты құшақтап кеп, Тоғжанды оң көзінен ұзақ 
сүйіп тұрды. Бұл сәтте Тоғжанның әлсіз қарсылығы да сезілген жоқ. 
Жігіт сүйіп тұрғанда, Тоғжан ақырын ғана қымсынып, ыстық бетін 
Абайдың бетіне басты, сүйтті де тез босап кетті. 
Абай: 
- Сәулем! - деп барып, құшағын жазды. Осы, кезде жеңге тыстан келіп: 
- Ойпырмай, қалқам Абай-ай, қиын болмаса игі еді! Су түсіп кетіпті! 
Карауыл суы түсіп кетіпті! Атың қайда еді?, - деді. 
Жеңгенің үркіп келген хабары мынау күйдің үстіне Абайды шошыта алған 
жоқ. Бірақ Тоғжан қысылып, қиналып кетті. 
- Не дейді? Судан қалай өтесіз, Абай, атыңыз қайда? Бұл жақта қайтіп 
қаласыз? - деп, сүйген досының басына түскен қиыншылықты жас қыз 
соншылық тіксініп қарсы алды. 
Абай енді аңғарды. Аты ар жақта, өзі жалғыз. Қарауыл суы тентек. Бұл 
ауылда қалуы тіпті мүмкін емес. Енді бөгелсе қолға түседі. Қолға түспесе де, 
өзен бойында таң атысымен көзге түседі. Ол да оңай емес. Үйткені бұл өңірде, 
әсіресе өзеннің бұл жағында, Абайды дос көрер, жақын тартар бір жан жоқ. 
Осы жайды аңғарып, әсіресе, мынадай жақсы қабыл алған жас әйелдерді 
қауыпқа ұшыратпайын деп, Абай тез киініп, қоштасты да, шыға берді. 
Дәл кетер кезде, жеңге шапан жамылып, есік ашып, алдынан шыға беріп 
еді. Абай үйде қалған Тоғжанның қолын қысып тұрып: 
- Қорықпа, Тоғжан! Бірдеме ғып өтермін! Ал, өзің ендігі бар хабарды 
Ерболдан тос! - деді. 
Тоғжан Абайдың омырауына ақ саусақтарын салып, жабысыңқырап тұрып: 
- Қош, ұмытпа! - деді. 
Сыпайы, майда мінезді жақсы жеңге Абайды қараңғы қораның ішінде 
жетектеп ап, қақпаға әкелді де: 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет