174
көрінетін. Кемпір-шалы бар үйлер тамнан түгел арылып шықпай, жастар жағы
ғана тынысы кең киіз үйлерін көтерген тәрізді. Жас қозы, бота, бұзаулар да әлі
қораны жағалайды.
Жазғытұрғы ауыл қолдан түлеткендей біртүрлі бір жас иіске, жас өмірге
толы. Әдемі реңді, әлденеше түсті балапан қозылар, лақтар күншуақта секіріп,
дамылсыз маңырайды. Үлпілдек жүн, үлкен қара көзді боталар көрінеді.
Жылқы ішінде ұзын құлақ, бұйра жүн, сүйкімді құлындар көбейген. Ересек
тартқан, тез шираған бұзаулар да кұйрығын шапшып ап, тынымсыз безіп,
ортқып ойнайды. Осындай өрбіп өскен бар жанды, дүние тіршілікті даттайды.
«Өнген, өскен жарастығы біз». «Жоқтықтың барлыққа жіберген келгіні
біз» дегендей шаттана жайнайды.
Құнанбайдың екі аулы да Жидебайға жиылған. Әр үйде қысыр сауылып,
жылтыр қара сабалар ертенді-кеш күрпілдеп, пісіліп жататын.
Жалғыз Құнанбайдың өз ауылдары емес, исі Ырғызбайдың, Топай,
Жуантаяқтың да көп ауылдары Құнанбайды зор қошеметпен қарсы алды.
Әлденеше күн сүйінші тілесіп шапқыласқан жақындар топ-топ болып,
Құнанбайға келеді. Сәлем беріп, қонақ болып, қалың-қалың жиындарды өз
ауылдарына ертіп барып, ертеңді-кеш қонақ қылып жатты. Биылғы қыс жайлы
боп, жақсы өткен. Сүр мол. Пішенге байлаған, Құнанбайға сыбаға деп арнаған
семіз қойлар, жұнттай жабағылар, арда емген тайлар да болатын.
Малды ағайынның бірталайы сондайлардан сойып, Құнанбайды барлық
шеше, бәйбішелерімен, бала-шаға, туысқандарымен шақырады.
Баласына айтқан көкқасқасын Зере сойған. Күнкенің, аулына апарып,
Құнанбай өзі айтқан көкқаскасын да сойды. Бұл екі күнгі сойыс Құнанбайдың
ел жиып, ру-руды жақынға, жатқа бөліп, екшеп алуына қажет еді. Бейнет кешіп
келгенде, алдынан шыққан кім, шыкпай қуанбай қалған кім? Соны айыру үшін
керек.
Осындай жиында үлкенді-кішілі рулардың атқамінер, ақсақал, қарасақалы
араласып жатты.
Анау күздегі екі ұдай боп қалған Көкше сияқты рудың басшысы Қаратай
енді Құнанбайдың алдынан шығып баурына кіріп алған. Күндіз-түні тізесі
айрылмайды.
Кешелер: айдалды, жеңілді, ұлықтық, бектіктен айрылды деген Құнанбай,
енді осы аман келісінің өзімен, старшын боп келумен бұрынғы лақапты
жалғанға шығарған.
Сол жаймен қатар Мырзахандар айтып келген ерлік ертегісі де бұл өңірдің
жас баласына дейін түгел жетті. Соның бәрінің үстіне мынадай көл-көсір
қонағасы, ұзақ жиын, жағалай сойылып жатқан ақсарбас, көкқасқалар құр ғана
келіс қуанышы емес. Бұның ішінде шеп жию, батамен табысу, ыдырағанды
қайта құрау, құрсауын бүтіндеу - қысқасы, мерейін тағы аспандатып асыру бар.
Осындай сыртқа айбын, ішке медеу болған тойлар жарты айдай айықпады.
Бұл кезде ел-елдің бәрі де қыстауларынан көшіп көктемге, ойға қарай
жөңкілген.
Енді-енді
ғана
ауыл-ауылдар
арасы
күзектегі
сияқты
қашықтаңқырап, бытырай қона бастаған.
Күнде үйіліп баса беретін сәлемші, қонақтар да саябырлады. Сол кезде
Құнанбай үй ішіне, бала-шағасына еркін тиетін болды.
175
Өртеңнің баурына қонып отырған Ұлжан аулына Құнанбай екі-үш күндей
қонақтады. Күнкенің аулы да осы арада жақын еді. Абай осы күндерде байқады:
әкесінің сақал, шашындағы ақ көбейіп, бетінің ажымдары да молая түскен екен.
Ұлжан үйінің түстініне Күнке, Құдайберді, Айғыздар да жиылып отыр еді.
Құнанбай Зереге қарап отырып, осы барлық туысына арнап аз сөз айтты.
Онысы - ұзақ жолда көңіліне көп келген мұң-уайымның үлкені еді.
Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, ініде
серікке жарар медеу жоқ. Баланы ойласа, бәрі де жас. Және бір өкінгені – көп
баланы үйлендіріп, немере сүйетін шағына жетсе де, сол кызықты өзіне-өзі
іркіп, кешеңдетіп кепті. Енді сүйтіп, балаларының қызығын көрмек.
Бұған Зере бастаған бар шеше қуаныш айтқаннан басқа түк қарсылық
білдірген жоқ. Қызық көру дегеннің белгісі не, арты не? Ол ержеткен
балаларды үйлендіру, содан әрі немере сүю. Толып жатқан, шексіз бақыт
сияқты елестейді.
Әңгіме арасында Құнанбай: осы жолы құдайдан соңғы қуатым құдаларым
болды. Адал достықты, шын бейілді солардан көрдім деген. Атап айтқандары:
Алшынбай, Тінібек. Онан соң Тобықты ішінде тергеуге кетіп бара жатқан
жолында Тасболат руының ішінде Байтас басынан қатты тілеулестік көріпті.
Бұрын үй ішіне мәлім емес еді. Өзі сол сапарда жалғыз байлаған байлауын
білдірді. Байтастың жас қызы бар екен. Соны Оспанға айттырмақ бопты. Сүйтіп
тентек Оспанға Байтастың Еркежан деген қызы қалындық боп аталыпты. Үй
іші, әсіресе, шешелер күліп, мәз боп, Оспанның аяғына тұсау түскенін өзіне
естірту, түсіндіру жайын ойлап күліскен-ді.
Осы байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның басқа екі баласы туралы
да жаңалық айтты. Оның біреуі - Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген
Тәкежан енді осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған. Енді
несіне созады? Соның отауы түссін. Екінші, әсіресе, осы отырған барлык үй
ішіне шынымен үлкен қам болатын нәрсе - Абайды қайындату.
Құнанбай осы жолы Алшынбаймен уәделесіп келіпті. Осы көктемге
байласыпты.
Рас, өзге кұданың бәрінен жолы бөлек Алшынбай. Оның үлкен достығынан
басқа, өзі Арғынға белгілі Қазыбек Тіленшінің Алшынбайы. Бұл атраптағы
қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсіресе, ұрын
жіберу осал қам емес. Мал-дүниенің барлығынан да көп үлес, мол шығын
шығару керек деген сөз.
Бірақ, Құнанбайдың бұл байлауын да шешелер ақ тілеумен қабыл алды.
Тек Зере ғана:
- Ел жайлауға шығып, арқа-басы кеңіген соң барған лайық болмаушы ма
еді? - деп еді.
Оған Құнанбай:
- Оның рас-ау, бірақ Алшынбайдың жазғы жайлауы ары шалқып, ұзап
кетеді. Бару, келудің жолы алыстап, мойны қашықтаған соң, жүріс ауыр болады.
Айдаған мал да күйзеліп жетеді. Қайындата баратын үлкендер бар, оған да ауыр.
Және қыс жақсы бопты, мал тойынтам дейтіп емес, ажарлы мал осы күнде де
бар. Ендеше, құдай бұйырса, осы бір бесті-алтылы күн ішінде қамданыңдар да,
176
сапар шегіңдер. Өзің барасың ғой. Төркініңе өзің бастап бар балаңды! - деп,
Ұлжанға бұйырды.
Ұлжан бұны да жақсы қабыл алды.
Осы әңгіме шыққан соң, үй ішінің барлық кеңесі, ақыл, мәслихаты сол
Алшынбай аулына ұялмай, орнына сай ғып бару турасында болды.
Байлаған байлауын көп ырғап, көп көпсіте бермейтін Құнанбай сол жерде
баратын кісілер жайын, апаратын аяқты мал, жыртыс жайын, ақша, пұл, күміс
қазына жайын кесіп-кесіп, өзі айта бастады.
Үй ішінің бұл жөніндегі сөздері қалай да болса, аз болған жоқ, ұзақ болған.
Үйткені, жыртыс болсын, толып жатқан ырым, ілу болсын, барлығын да осы
арада бір сөйлескен соң, екшеп алысу керек. Ұлжан соның бәрін атап айтып,
анықтай бастаған.
Баратын қара малды айтқанда: жетпіс жылқы, отыз туйе аталды.
Құнанбайдың құласы мен жирені деп, жұрт аңыз қыла береді. Алшынбай
аулынан аяры жоқ. Сол себепті: жылқының ішіне бір құла айғыр, бір жирен
айғырдың үйірі кірсін. Басы сол болсын дескен. Осыдан арғы үлкен әзірлікті
тілейтін - жыртыстың бұл матасы.
Оған дәл осы түнде Семей қаласына Ызғұтты мен Құдайберді жүретін
болды. Қалада Тінібекпен ақылдасып отырып, төрт күннен қалмай барды алып,
қайта жетуге бұйрық болды.
Үлкендердің осындай кеңестерінде бала атаулыдан жалғыз Құдайберді
ғана бар-ды. Өзге балалар кейін есітті.
Әрқайсысы өз басына арналған байлауды әртүрлі қарсы алған. Оспанға
Айғыз бен Ызғұтты екеуі келіп отырып:
- Саған қалыңдық айттырдық! - дегенде, ол басында ұқпай қалып, қайта
сұрап:
- Қалыңдық деген не? Қатын ба? - деді. Ызғұтты бұған ұғындырып кеп,
қалай көретінін сұрағанда, Оспан бөгелместен:
- Е, алам... әкел! Маған қатын керек! - деді. Абай өзіне арналған хабарды
үнсіз ғана аңырып тұрып тыңдады. Іші аса бір суық нәрсеге қақтыққандай,
тіксініп қалды. Сол сәтте Тоғжан есіне түсіп, оның алдында қылмыс жасағалы
тұрғандай сезініп еді. Абайға жаңа хабарды айтқан шешесі болатын. Ұлжан
баласының мына пішінін жақтырмады. Бірақ ішінен:
- Ұялғаны шығар, - деп байлаған.
Абай бірнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді. Қалыңдық
деген мұнда бар. Сол сияқты айттырған күйеу Тоғжанда да бар. Қайындамай,
үйленбей қалу мүмкін емес. Ата мен ананың әмірінде. Бармаймын деп
айтарлық сылтауы жоқ. Бар жүрек, бар қиялы Тоғжанмен туысып тұрса да,
мынау тұсауға көнбеске шара жоқ. Осындай іші бір жақта, сырты бір күйде
болған, аса бір қиын, енжар күйде Абай қайнына аттанды.
177
Достарыңызбен бөлісу: |