Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет94/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   90   91   92   93   94   95   96   97   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
191 
- Ендеше, сіз бармаңыз. Бірақ бізге рұқсат етіңіз. Біз барамыз да, 
араласамыз. Сол жетеді. Қарсы болмасаңыз, мен өзім ада қылайын. Тек қасыма 
Ызғұттыны беріңіз. Және азын-аулақ мал-дүниенің шығынын осы үйдің, мына 
шешелер мен біздің еркімізге беріңіз! 
Бұл тұста Абай көңілінде әзірлеп алған байлау бар сияқты. Онысы бір 
өзінен басқа ешкімге мәлім емес. Ұлжан да қазір баласының сөзін ойлана 
тыңдап қапты. 
Құнанбай басын көтеріп, тымағын киіп, тұруға айналды. Үй іші жауап 
күтіп, қадала қарап отыр. Салмақ салғандай. Соны жақтырмаған Құнанбай 
қырыстанып: 
- Мейілдерің! Маған десе, аяғына бас ұр Байдалы мен Байсалдың! - деді де, 
шығып кетті. 
Көнгені осы. Қай көңілімен көнді. Қиналып, қынжылып көне ме? 
Кекесінмен көне ме? Оның ар жағын Абай елеген жоқ. Тек қарсы алыспаса 
болды. 
Енді шешелерімен оңаша отырып, өз ойынша қалай араласатынын ап-
айқын қып, таратып-таратып айтып берді. Байлауының бәрі де орынды екен. 
Зере мен Ұлжан осы іске көмекші болсын деп, Ызғұттыны шақыртып, дәл 
осы күні Абайға ақылшы ғып қосып берген. 
Абай өз ағайындарының ішінен Құдайбердінің болыспағын қажет деп білді. 
Оған өзі барып, ұзақ әңгімелесіп, бар ниетін айтып, ұғысып қайтты. Құдайберді 
Абай керек еткен жәрдемінің бәрін жеткізіп тұрмақ болды. 
Осы кеште Ербол Бөкенші жаққа қайтпақ еді. Атқа мінер жерде Абайды 
оңашалап алып: 
- Абай, бөтен сөзім жоқ. Тек бағана әкеңмен сөйлескен сөзіңді есіткелі 
өзіңе дән ырза боп, достығыма сүйсініп ем. Барым сол ғана. Енді мен ана жаққа 
барып көптің ісіне қолдан келген көмегімді етейін! - деді. 
Абай рұқсат етті. Жалғыз-ақ, Ерболдың ас жөнінде керегі болса шақыртып 
алмақ болды. 
Келесі күні Абай атқа мінді. Қасына ерткені жорға Жұмабай мен Мырзахан. 
Бұл үшеуі Қазбаланы өрлеп, Көтібақ пен Жігітектің қалың ауылдарын аралап 
отырып, сол өлкенің орта тұсындағы Бөжей аулына келді. Бұл өңірдегі ел 
тұтасымен астың қамында. Бөжей аулының жоғарғы жағындағы кең бір 
төскейге сансыз кеп үйлер тіккізіп жатыр. Астың күні жақындап қалған. 
Қарбалас мол. Ер атаулы ат үстінде. Асқа тігілген үйлерді артқан көштер, 
тізбек-тізбек боп, дамылсыз ағылып келіп, жаңағы төскейге құйылып жатыр. 
Абайлар ең алдымен Бөжейдің қаралы үйіне түсіп, құран оқыды. Белдеуіне қара 
тігілген, ішіне қымбат бұйым атаулыдан сеп жиылған, қаралы теңдер тізілген 
үлкен үй әлі сол қалпында. Бөжейдің жыл уағын күтіп, азалы күйде тұр. 
Тұлдаған киімдер де оң жақта ілулі күйінде. Әсем тұскиіздің үстінен ілініпті. 
Осы ауылдың қасында ас иелерінің жиыны түгел екен. Абайлар Бөжей 
үйінен қымыз ауыз тиіп, тысқа шығып, сол жиынға келді. Кішілеу төбенің 
басында отырып, кейбір аттыларды шақырып алып, кейбіреулерін шапқыза 
жөнелтіп, әмір таратып отырған осы жиын. Ортасындағы үлкендері Байдалы, 
Байсал, Сүйіндік. 


 
192 
Байдалы былтырғыдан бері недәуір қартайып қапты. Сақал-шашының ағы 
көбейіп, бурылға жақындаған. Қастарына Абай келіп сәлем бергенде, бұл 
үлкендер бұрынғыдай емес, оң шыраймен амандасты. Байдалы мен Сүйіндік, 
Зере мен Ұлжанның амандық-саулығын сұрап, жас жігітке қастарынан орын 
берісті. Осы үлкендердің бұйрығын күтіп, қас-қабақтарына қарап жүрген жас 
жігіттердің ішінде Ербол бар. Абайдың бұрыннан жақсы білетін бір танысы 
Жиренше де осында. Байсал Құнанбаймен араздасып кеткелі, Абай мен 
Жиреншенің кездескені осы. 
Жиренше де Абайға енді жылы ұшырап амандасты. Жаңа адамдар келген 
соң, үлкендердің өзге істері мен сөздері бөгеліп тоқырап қалған. Азғана жиын 
біраз үндемей отырысты. 
Абай осы уақытта Байдалыға қарап: 
- Байдаш аға, - деп алып, сөзіне кірісті. 
Келген жұмысын қысқа айтты. Бірақ, орнықты, байыпты қып жеткізді. 
...Осы жиынға сәлем айтқан Зередей аналары екен. Сол кісідей үлкендер 
жіберіпті. Бөжекеңнің асына ағайын боп ат салыспақ. Бұрынғы шақта қапы 
болса, енді олай емес, қалыспаймыз деген адал ниетпен келіпті. 
Байдалы Абайды тыңдап алды да: 
- Шырағым, бұл сөзіңе ағайын ырза. Бетіңнен жарылғасын. Енді қалай 
кірісесің, ойлағаныңды өзің айт! – деді. 
Абай сонан соң кешегі шешелеріне, Ызғұттыға, Құдайбердіге өзі айтқан 
жобаларын айтып шықты. 
Қонаққа тігіліп жатқан үйлердің ортасынан Абай өзі тіккізетін үйлерге 
бөлек орын тілейді. Он үлкен үйді осы бүгін күннен қалдырмай әкеліп тігудің 
міндетін алады. 
Он үй - отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін үй болмақ. Сол үйлерге арналған 
ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ баршасы үйлермен бірге келеді. Және он 
үйдің ертеңді-кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі өзіне бөлек. Ол 
Абайлардың өз мойнында. Ас ошағын да өздері жайлайды. Аспазшы, күтуші, 
даяшы жігіттердің бәрін де Абай өзі қамдайды. Үлкендер осыған сенсін де, 
казір осы арада тапсырып, байлап берсін. Сонан соңғы Абайдың тілейтіні: әр 
рудан, әр жақтан келген қонақты осы маңдағы әр топ, әр ауыл міндетіне алып 
жатыр ғой. Ас келесі солай ғой. Ендеше Абай да мынау үлкендердің бұған 
арнайтын қонақтарды атап бермегін сұрайды. Сонда және осы жиынға келетін 
ең қадірлі, ең сыйлы деген елдің қонағының бірін берсін, соны өтінеді. 
Байдалы, Байсал, Сүйіндіктер Абайдың өзін ендігі ақылдарының ішіне ала 
отырып сөйлесті. 
Бұл асқа Қарқаралының Арғыны, Жетісудың Жалайыры, Садыр-Матайы
Семіз-Найманы, Ылдидың Уақ, Бурасы, Дағандының Керейі бар, талай үлкен 
рулар келмек. Бәрі де алыстан келеді. Бірақ, осы топтардың ішінде, әсіресе, ала-
бөтен, жолы басқа бір топ бар. Ол Найманнан келетін Бөжейдің нағашылары. 
Сол елде ертеректе Бөжей атты жақсы кісі болған. Кеңгірбай сонымен құда боп, 
өзінің Ералы деген баласына Бөжейдің қызын айттырған. Кейін сол Бөжей 
қызынан туған немересінің аты нағашысындай болсын деп Бөжей аталған екен. 
Байдалы қыстан бері соларға айрықша хабар жолдаған. Жақында жауап кепті. 
Бөжейдің сол нағашы жұрты жиенінің асына келмекке әзірленіп жатыр екен. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   90   91   92   93   94   95   96   97   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет