186
Құнанбай Ұлжан келгенде, қарсы алып, барлық жанға қанған-ды. Абайдан
амандықтан басқа бөтен жай сұрамады.
Бірақ Құдайберді Абайды бұл күн өз аулынан жіберген жоқ. Бар
жолдастарымен қонақ етіп, құрбыдай күтті. Тәуір көретін інісінің ержетіп,
үлкенге қосылып, үйленуге айналғанын бұл ауылда жалғыз Құдайберді қуаныш
еткендей.
Ол Абай мен Ерболдан Бошанның салтын, әдет ырымдарын сұрастырып
отырып, осындайдағы дағды бойынша қайынжұрттан сарқыт қып әкелген жаңа
әндер айтыңдар деп қолқа салды.
Абай мен Ербол осы түні көп ән айтты. Әнге кірісер жерде Абай:
- Қарқаралы біздің елден әнші болады екен! - деп еді. Құдайберді күлді де:
- Қарқаралы әнші ме, жоқ жаңа есік көріп қайтқан күйеудің көңілі әнші ме?
Қайныңның әні де ыстық көріне ме, кім білсін? - деді.
Үйдегілер Құдайбердіні қостап бірге күлді.
Абай бұрынғыдай емес, бұл
жолы ағасымен дауласқысы кеп:
- Әділетін айтам, Бәке! - деді. Құдайбердіні Абай «Бәке» дейтін.
- Жоқ, сен Қаркаралының дауын айтпа, әнін айт!
- Рас, ол дұрыс екен! Дауын әннің өзі айтсын! Кел, Ербол, - деп Абай
бастады да, Ербол ерді. Бұл екеуі әдемі қосылып кеп, аса тамылжыған, шырқау
ән - «Топай-көкті» айтып шықты. Тобықты естімеген ән. Абай өз әндерінің
үйдегілерге әсер еткенін байқап:
- Міне, бұл әнді не дейсіз? - деді. Үйдегілердің бәрі сүйсінген екен.
Солармен бірге Кұдайберді де:
- Жақсы екен! - деді.
- Ендеше тағы тыңдаңыз! - деп алып, Абай мен Ербол «Шырайлым» деген
жаңа әнді де айтты. Құдайбердіге бұ да ұнады. Мақтай бастады. Осы кезде
Абай мен Ербол күбірлесіп алып:
- Енді дүпке сақтаған әнді айтамыз! - десті де, аса бір сәнді,
салмақты,
назды қоңыр ән айтып шықты. Ән - «Аққайың» болатын. Бұл әннің үш
қайырмасы айтылды. Үйдің іші мызбақпай, үн шығармай, қалта қарап, қатып
тыңдап қалған екен. Абай домбыраны қоңырлатып қағып тоқтады да:
- Ал, Бәке, бұған не дейсіз? - деді.
Үш әннің үшеуін де Абайлар Қарқаралыдан әкелген,
бұның бірде-бірін
Тобықты әлі білмейді.
Құдайберді бар ынтасымен шын сүйсінді де:
- Сенің сөзің дұрыс па деп отырмын. Жақсы ән әкепсіңдер! - деді. Абай
осы орайда Тобықтыдан өздері салып барған: «Көкқаулан», «Мақпалқыз»
сияқты әндердің жарамсыз боп қалғанын айтты. Ол әннің бәрі Қарқаралыда
мәлім екен. Балаға шейін білетін, ескірген ән. Және оның өзі де Тобықты
ішіндегіден артық өрнекпен айтылатынын сөйледі.
Кеңесе келе Абай Тобықтының өзі ән шығара қоймайтынын, әннің көбін
сол
Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық
келістіре алмай, бұрып, ырғақсыз ғып әкететінін айтты. Құдайбердінің алғашқы
қалжыңын енді тойтарғандай. Ағасы Абайға біраз таңданыңқырай қарай
отырып, сөзінің бәрін мәнді көріп: