202
тыныс алған сабадай-сабадай сар самауырлар кірді. Кірді де, бар қонақтың
күйін келістіріп, көңілін тапты.
Бұл он үйдің бүгінгі бейіл құрметі кешегісінен асып түспесе, кем болған
жоқ. Өзге көп үйлердің қонақтары күн батарда аттанып кеткендіктен, Байдалы,
Байсал, Сүйіндіктер де осында келген. Оларды Ұлжан мен Абай кеш бата
әдейілеп шақырып алып, нағашы қонақтардың тобының ішінде болсын,
бірге
отырып, өздері де қонақ болсын деген. Осы кеште Абай істеген сый-құрметке,
жақсы ретке олардың өздерінің де көздері әбден жеткен.
Абай бұл түнде де ұйқтамады. Осымен ұйқысыз, ауыр түннің үшіншісі өтті.
Келесі күні түскі асты ерте астырып, қонақтарға ерте бергізген. Дәл осы
астың дастарқаны жиыларда Найманнан келген кәрі нағашы Абайды шақыртып
алып, бейілденіп бата беріп, үлкен алғыс айтты.
Дәл сол үшінші күннің түс кезінде Абайдың пішініне көздері түскен Ұлжан,
Ызғүтты, Ерболдар жас жігітті қатты мүсіркеді. Абайдың жүзі қан-сөлден
айрылып, науқастан тұрғандай. Екі көзі қанталап, кіртиіп, жақтары солып,
біртүрлі жүдеп, үрпиіп қапты.
Рас, Ызғұтты мен Ербол да сондай алжа-алжа болған екен. Үшеулері бір-
бірінің ажарларын айтысып, күлісіп алды. Ербол:
- Тура кешегі ыстықта бәйгеге шауып,
жолшыбай болдырып қап, түнде
тағы таң асып шыққан Қарашаның көк шоқайындай боппыз, не керек! - деді.
- Ендігі бар арман - бір ұйқы. Тек осы тұрған жерге құлай кеткендей боп
тұрмын! -деп, Абай біржолата титықтағанын айтты. Сол уақытта бұларды
Байдалы келіп, Бөжей үйіне шақырды. Астың әлі аяқтамаған арты бар. Онысы
Бөжейдің тұлдаған аттарын сою, үй ішінде былтырдан жиылған септі тарқату,
қаралы теңді бұзу.
Бұл істен жақын ағайын шет қала алмайды. Бастығы нағашылар болып,
барлық Тобықтынын қалың жұрты, енді соған беттеді.
Байдалылар Бөжей
үйінің жанына келгенде, үй ішіндегі былтырдан бергі қаралы әйелдер тысқа
шықты. Содан соң Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді.
Ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып
тастады. Ас өтті. Қаралы жыл толды. Енді азалы күндер бітті дегеннің белгісі.
Байдалының тапсыруымен, Сүйіндік қалың елді бастап, ақ үйге кірді де,
қаралы теңдерді бұзды. Бұ да жаңағыдай белгі. Осы уақытта Бөжейдің әйелі
мен екі қызы он жаққа теріс қарап отырып ап, дауыс айтты. Үй ішіндегі барлық
жиын үндемей жыласты. Бөжейдің аруағына арналған соңғы дауыс, соңғы көз
жасы осы. Енді ең соңғы құран оқылып болған соң, жиын тегіс тысқа шығып
тұрғанда, тұлдаған екі ат келді. Қатты семірген күрең мен қара көк асаусып
кетіпті.
Екеуін де Бөжейдің туысқандары жыласып тұрып жықты да, Байдалының
өзіне бауыздатты.
Жаңағы қараны жыққан Байсал, септі бұзған Сүйіндік, енді мынау тұл атты
бауыздаған Байдалы - үшеуі де кейін «жол» алады.
Бұлар осы қауымның әрі
үлкені, әрі Бөжейдің үзеңгі жолдастары. Сондықтан, ас артынан болатын
ырымның үшеуін сол үш кісіге орындатудың айрықша мәні бар.
Тұл аттың етін жемей кетуге тағы болмайды. Қалғи-шұлғи отырып, сол
еттің піскеніне Абай зорға жеткен.