Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет107/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
218 
Жігіттердің осы әңгімесі аяқтай бергенде, аязды тыстан үш кісі кеп кірді. 
Үстері қар, сақал-мұрттары сіреу болған. Алдыңғы келген сеңсең тымақ, көне 
тонды, ұзын бойлы жолаушының кірпігіне шейін қырау тұрып қапты: 
Бұл келген Бөкенші Дәркембай мен соның екі кедей көршісі екен. Абай 
Дәркембайды танып: - Шешініңдер, - деп еді. Дәркембайдың жүрісі тығыз екен, 
шешінбеді. 
Бұл Дәркембай анау жылы Тоқпамбетте Бөжей сабалатында Құнанбайды 
атам деп мылтық оқтаған кісі болатын. Сол төбелестен бері Тобықты іші 
болсын, әсіресе, Құнанбай айналасы болсын оның сондағы ісін есіткен. 
Барлық Ырғызбай Дәркембайды содан бері көзге түрткі ғып, шетке қағып, 
қырына ала беретін. Абай шаруасын сұраған соң, Дәркембай іркілген жоқ. 
- Шырағым Абай, қарындасқа қайырымы бар бала деп естушем. 
Сондықтан кеп отырмын. Болмаса, ана Тәкежандай десем, келмес ем... Басыма 
күн туып кеп тұрмын. Мынау екі көршіммен үшеуіміздін үйлерімізде жиыны 
20-30-дан тұяқ бар еді. Сол азынаулағымызбен бірге пана таба алмай ығып, 
бүрісіп кеп отырмыз... Жерімізде қылтанақ жок. Қойларымыз бұралып бітті. 
Қазір осы Мұсақұлға жеткенше, бес кой үсіп өлді! - деді. 
- Өй, Шыңғысқа неге тартпадың?.. Тым құрыса, тау панасы бар ғой! - деп, 
Асылбек сұрай бастап еді. 
- Ойбай-ау, боран Шыңғыстан соғып тұр. Өзі титықтап тұрған мал қарсы 
баса ала ма? Және Шыңғыс қайда, біреу қайда? Мынау Мұсақұл, Жидебай әрі 
ыққа қарай, әрі жақын және иелері бейіл берсе, бұл Мұсақұл, Жидебай, Барақ 
сияқты үш қорық - талай қора қойға пана емес пе? Қарын аршысам да, өлтірем 
бе! Шидің іші қойға пана ғой! - деп бар үміт қып келгенім осы еді! - деді. 
Абай Дәркембайдың жайын танып отыр. 
- Дұрыс кепсін! Ал, жая бер!.. Енді несін сөз қып кеп тұрсың? 
- Оның рас-ау, қарағым! Бірақ жаңа кеш бата, сол Мұсақұлға зорға кеп 
жетіп ек. Алдымыздан Тәкежан шығып, қайта қуды. Қасында әлгі Жұмағұл 
дейтін қаныпезер бар екен. Басымызға қамшы иіреді. Кет деп жатыр. Бар 
талшығымды қырам ба осы мен? Қырар болсам, тым құрса, сен білсін, аш-арық 
ағайынның опқа түсіп жатқанын сол көрсін деп келдім. 
Абай Дәркембайдың осыдан арғы сөздерін тоқтатып, тез байлау жасап, 
Ерболға қарап: 
- Ербол, жылы киін де, атқа мін! Дәркембай, еріңдер мынаның қасына! Осы 
арадан азық алып кетіңдер! Ділдә, тұр! - деп, Абай келіншегіне бұйрық етіп: - 
Мына кісілер ашықпастай қып, ет, азық әзірлете бер! - деді. Ділдә лезде тұрып, 
шығып кетті. 
Абай Ерболдан Тәкежанға сәлем айтты. «Қумасын!.. Қазынасын жемейді! 
Мынаның азғана малына жайылыс берсін және Жұмағұлды тыйсын!» деді. 
Ербол тез киініп алып, Дәркембайларды ертіп жүріп кетті. 
Тәкежан бұл күнде Мұсақұлды қыстайтын. Ол Абайдан бұрын үйленіп, сол 
жылы енші алып, бөлініп шыққан. Қазір өзі аса малқор да және әсіресе жер 
қорығыш, қызғаншақ болатын. «Жұрт көзіне түспейтін жер болса, тіпті осы 
мына үлкен шешелерінің өз аулынан жайылған малды да қуып тастап отырады» 
деп, барлық көрші малшылар қайран болушы еді. 
Абай Тәкежанның сол мінезін биыл естіп, қатты наразы боп жүретін. 


 
219 
Көріссе, суық амандасатын. 
Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, 
қайтып келді. Қысқалау тығыз қара сақалына қар тығылып, шал беттендіріп 
апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш 
сызын жасырмай білдіріп тұр. 
Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып, сақалының қарын аршып 
жатып: 
- Тәкежаннан күткенше тәңірден күткен жақсы ғой! Мұсақұл, Жидебай, 
Бараққа мен мал түсіртпеймін деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. «Сабап-сабап 
айдап таста Дәркембайды» деп, көзімше бұйрық берді. Жұмағұл құдай ұрған, 
сол сөзді арқаланып, жаңа менімен ілесе шауып келіп, әлгі Дәркембайдың 
қойын сойылдап қуып жүр! - деді. 
- Дәркембай ше? Ол енді қайтеді? 
- Түн ішінде мына боранда қайда барады? 
- Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсеші!.. - деп, үйдегі жігіттер 
жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп: 
- Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елді қан қақсатып жүретін 
атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. «Тым құрса, сен аял берсеңші, таңға 
шейін тоқтасаңшы!» деп ем, өзіммен ерегесіп, аузына келгенін айтты! - деп, 
тоқырап қалды. 
Ербол бар есітіп, бар көргенін айтқан жоқ. Тәкежан Абай туралы қатты 
сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзін де сабамақ боп ұмтылған. 
Бірақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: «Енді тек қолың 
тарт! Болмаса, екеуміздің біріміз қан-жоса боламыз!» деп, араға түсіп барып, 
Ерболдан бетін қайтарған. 
Бұл жайларды Абайға айтса: «Екі туысқан арасына от тастаған» боп 
саналатыны бар. Өз басы ондай жан-жалды сүймейтін Ербол мұндайда 
тартыншақ болушы еді. Абайды ұшқары істерге арандатпаймын дейтін. 
Ондайын артынан біліп, неге айтпадың? деп, күйіп сөйлеген Абайға, бұл сыр 
ашпайтын. Өзінше, Абайдың жақсы досын, тату жолдасын «сақтағаным» деп 
білетін. 
Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр. 
Жолдасына сырмінез болғандықтан Абай қазір айт деп қысқан жоқ. Тек 
жаңағының ар жағында жатқан басқа зіл бар екенін таныды да, аса қатты 
долданып кетті. Екі беті бір сұрланып, бір қарауытып, түнеріп алды. Азғантай 
уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да, 
бір сәтте атып тұрды. 
Базаралы, Асылбектер Абайдың байлауын ұқпай аңтарыла қалды. Абай 
демі дірілдеп, тістене сөйлеп: 
- Тұр, Ербол! Менімен бірге жүр! - деді де, өзі шапшаң киіне бастады. 
Жеңіл күпі кие сап, шарт буынып, қолына қамшы алды да, есікті қатты ашып, 
атқып жөнелді. Ербол артынан кетті. 
Қамшы алғаны үйдегілерге Абайдың атқа мінбек болғанын білдірді. 
Тыста екі көк ат ерттеулі күйде бораннан ықтап, қораны жанасалап тұр 
екен. Абай ең жақын тұрған біреуін шешіп жатып жолдасына: 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет