223
Жарап, қатқан қойлардан ажар кеткен. Жүндері үрпиіп, ұйысып қалған.
Жамбастары сарала боп баттасып қалғандары бар. Анда-санда шыдамсыз
ешкілер
бақырып-бақырып тұрып, омақасып жығылып та жатыр. Бірнеше
ауылдың өз қыстауларынан осы қорыққа қарай жүрген жолы қадау-қадау белгі
қалдырыпты. Ол белгілер: ұшып өлген ешкі, лақ, арық тоқтының өлімтігі. Ақ
қардың үстінде, кең жазықта қарауытып қалып жатыр.
Қой алты күн аштыққа шыдайды десуші еді. Мынау түрлеріне қарағанда
бұл малдардың аштығы әбден шыңына жеткен көрінеді. Енді екі-үш күн өтсе,
тегіс жусайтын халде екен.
Қарды бұзып жүретін мұршалары да жоқ. Сондықтан, бірен-саран көтерем
жылқы мен арық түйені, немесе жалғыз-жарым сиырды қойдын алдына салып,
соған қар бұзғызып келеді.
Ашыққан қойлар, алдарында әрең ілбіп келе жатқан ат пен сиырдың
құйрығын жалмап қояды.
Осындай тегіс кем-кетік, дімқас болып, ілбіген,
сорлы малдың
айналасындағы адамдар да жүдеп, салдырап біткен екен. Қартаң жандардың
беттерінде ажым қалыңдапты. Барлык жүздер қуаң тартқан. Белдері жіңішкеріп
бүгілген.
Киімдері жыртык, жүдең. Бастарына ескі-құскы ораған әйелдер ғана емес,
сақалды ерлер де бар. Аяқтарында, көбінесе, сырған киіз...
Қорықтың шетіне ілінер-ілінбесте, барлық жұрт күрек, шоттарын омбы
қарға салып, шидің түбін, қорық үстін аршуға кіріседі. Абайлар әр топты бір-
бірінен алысырақ түсіріп, жер көлемін кеңірек беріп жүр. Үш қорықтың бір
қасиеті қалың шилі болушы еді. Шеңгел итмұрын сияқты бұталары да көп.
Омбы қар қорықтың
шет-шетінде қалың болғанмен, дәл шилердің ішіне
кіргенде оншалық қатты емес, күпсек екен. Және аршыған жердің қай тұсынан
болса да, қалың шөп шығып жатыр.
Осындай жерлерге жетуге жараған мал тегіс талшық ала бастады. Абай
мен Ербол жұрттың көбін орналастырып болған кезде түс болды. Қорыққа
келген ауылдардың жиын саны елуден асты. Тәкежан жалғыз сиырдан қоритын
қорыққа, бүгін түскен қой саны мыңнан асып тұр. Ірі қара көп емес. Неше
күннен бері қарды қанша тепсе де, астынан құр тақыр көріп келген азынаулақ
аттар енді соңғы күштерін өлмес қамына салып жатыр.
Бүріскен мал мен жүдеген жандар бағанадан бері Абайға үлкен ауыр ой
салды. Жаз жайлауда, арқа-бас кең шақта ғана елдің іргесі бүтін,
белі бекем
сияқты көрінеді. Мынау жұттың күндері қалың көптін соншалық панасыздығын,
корғансыздығын көрсетті.
Жиырма-отыз қойы бар, үш-төрт қорасы бар үй - қалың елдің көпшілігі.
Жыл он екі айда ішері, мінері сол. Сояры, сатары да сол. Киер киімі, бас панасы
да сол айналдырған аз тұяқ. Аман тұрған күннің өзінде бұл қандай тапшылық.
Ал, бүгінгідей қысылған шағында, мынандай апат, ауыртпалық көрген
шағында, қаншалық әлсіз, осал. Осы азынаулағынан айрылса, тірлік не болмақ?
Кешегі «іргелі ел» деген, «жұрағат, жұрт» деген осы-ақ болғаны ма?
Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген
осындай боп қақ қасына
келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сорын көрді.