ҚИЯДА
1
Абай үйленгелі бірнеше жыл болды. Ділдә түскен жылдың келесі
көктемінде бұл, ардың үлкен баласы Ақылбай туды. Екі жыл өткенде Күлбадан
деген қыз туды. Ол бүгінде бірден асты. Қазір Абай үшінші баланың әкесі
болғалы жүр.
Ділдә екіқабат уақытында бірнеше айдай ауру адам сияқты болатын. Ас
батырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты
боп алған.
Аз жылдың ішінде бірнеше баланың әкесі болса да, Абай әлі өзінің осы
халіне үйреніп болған жоқ. Оған үйлеріндегі үлкен шешелер де себеп болды.
Ақылбайды Ұлжан өзі баурына салып, өз баласы қып алды. Тілі шығып қалған
Ақылбай бұл күнде Абайды әкем екен деп білмейді. Жай, анда-санда ас
басында көрініп кететін көп үлкеннің бірі, бөгде таныстай көреді. Абай да оны
ыстық көріп бой тартқан емес. Үйткені, ол бала мұның жастығына зорлық
еткендей боп, тіпті ерте туды.
Ең алғаш, 17 жаста Абай әке болды. Үйленудің өзі бір тәңір құдіретіндей
амалсыздық күні еді. Соның артынан ес жиғызбай, ілесе келген әкелік, тіпті бір
мазақтай, қатал зорлықтай көрінген.
Алғаш Ақылбай туған күні Қалиқадай жеңгелер;
- Балалы болдың!
- Енді, міне, сен әкесің!
- Қайырлы болсын! - десіп, күліп қамалаған болатын. Сонда Абай бір
ұялып, бір қиналып, не қыларын білмей, атына мініп, кетіп қалған. Аулына үш-
төрт күн өткенде бір-ақ оралып еді...
Кішкене Күлбаданды да Абай әлі танып болған жоқ. Ол да күні бойы
шешелер үйінде, солардың баурында болады.
Ділдә бейнелес, ақсары, мазасыз қыз кеш болғанда ғана отауға келеді.
Абайды әкелікке еріксіз көндірем дегендей боп, Күлбадан түні бойы ұйқы
бермей жылайды. Сонысының өзімен де ол жас әкемен екі арасын бітімсіз қып
қойды.
«Тыныш ұйқыдан кісіні шаяндай шағып оятады» деп, Абай оны
«Саршаян» дейтін.
Қазір сол Саршаян тағы да жылап отыр. Кеш батып, үй іші қараңғы болса
да, Ділдә от жақпапты. Өзі шымылдықты түсіріп, биік төсектің алдына көрпе-
жастық салып, жантайып жатыр. Күлбадан шешелер үйінен жаңа келіп, төсекке
жатпай, қиғылық салып отыр екен.
215
Абай бір топ кісімен үйге кірді. Тыста боран. Бұлардын үстері тегіс қалың
қар, қырау... Үйге шұбатыла кіріп, мол аяз алып келді.
Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан тынышы кеткен Ділдә
басын көтерді...
Абай тымағы мен ішігінің қарын қағып жатып:
- Ділдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды!.. Болмаса апарып
тасташы анау үйге! - деді.
Ділдә жарық жағып, шымылдықты түріп қойып, қонақтарға көрпе салды да,
Күлбаданды қолына алды.
Күтуші қызыл келіншек отауға кіріп, Ділдәмен сыбырласып алып,
қонақтардың қамына кірісті.
Бұл қонақтар Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары, жас жігіттер: Ербол,
Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын.
Орталарындағы үлкені Базаралы. Сол төрге шығып, шешініп отыра беріп:
- Жаным-ау, мына кұдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі боран!
Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау ел сорлыны! - деп, уайым айтып, ұзын
қара сақалын ұстап, ойланып қалды.
Еңгезердей мол денелі болса да, аса сымбатты, нұр жүзді Базаралы қазір
отызға жаңа ілінген. Ақ елтірі ішігін желбегей жамылып отырып, таңдайын
қақты.
Ділдә дөңгелек үстелдің үстіне шам әкеп қойғанда, жігіттер айнала отырды.
Бұл кезде Абайдың да денесі ірілеген. Жаурынды, сүйекті боп қалған екен.
Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар
мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп
қалған.
Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен. Жазық биік маңдайы шекесіне
таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең кесілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны
тотықса да, келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу
көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және
ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл отты
көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады. Жақсы туыс
белгісі сияқты.
Әлі ұзармаса да, теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай
мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қарасұр жігіт, сонау сұлу болмаса да,
ұнамды, сүйкімді.
Оңаша отауға іріктелген жас жігіттер бұл кешті көңілді өткізсе керек еді.
Бірақ жаңа орнықпай жатып Базаралы айтқан уайым сөз бәрін де ойға салды.
Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген. Базаралы
осы кешке ғана тау жақтан келгенді. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол
жұрттың жайын білмек боп:
- Немене, жұт өзі қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемі қандай? - деп
сұрады.
Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті.
- Анық жұт жаппай келмей ме? Бұл соның өзі ғой! Ел дегенде көпті
айтамыз да... көп қысылды ғой!.. Мына боран айықпағалы міне үш күн болды.
|