221
Осы кезде Абай ақырып жіберіп:
- Аш көзіңді, жауыз! - деді.
Жұмағұл Абайды тани берді. Бірақ танысы жаудан бетер боп шықты. Үн
қатқанша аял болған жоқ. Абай оң қолындағы қамшысын құлаштап қайрып
алып, Жұмағұлды қақбастан тартып-тартып жіберді. Жұмағұл тебініп
құтылайын деп еді. Шылбырын Абай сол қолына орап апты, тапжылтпады.
Екеуінде де үн жоқ. Абай аямастан тағы да батырлатып жөнелді. Қолы қатты.
Қамшысы сойылдай тиіп барады. Бұл қорлықты көргенше,
өліп бағайын
дегендей боп, Жұмағұл Абайдың өзіне ұмтыла берді. Бірақ дәл осы кезін баққан
Ербол әзір тұр екен. Атын қатты тебініп жіберіп, қимелеп кеп, Жұмағұлды
жауырыннан ала түсті. Бұл уақытта:
- Уа, құдай тілеуің берсін! Бәсе, бір адам баласы да бар шығар-ау! Жанның
бәрі қасқыр емес шығар-ау! А, құдай-ай, бері әкпеші! - деп, зар қағып жүгіріп
кеп, Дәркембай да жетті. Жұмағұлды жағадан алып, бір-ақ жұлқып, күпсек
қардың үстіне доптай түсірді. Абай сол арада: «Қойды кейін қайыр!» деп, қатты
әмір берді. Иелеріне айдатып отырып, қорыққа қайта кіргізді.
Жақын жерде тұрған үлкен мая бар екен. Соған қарай айда деп бұйырды.
Қой
маяға жақындай бере, шұбай жүгірді. Дәркембай Құнанбайдың қорығына
түсумен қоймай, пішеніне тағы ауыз салғаннан қорқып:
- Қайыр! Қайтар! Пішенін жегізбе! - деп, өз кісілеріне айғайлай бастады.
Абай оған да зекіп:
- Тоқта былай! Барсын!.. Жесін! Маяға жабыңдар, жарамсақсымай! - деп
ақырды. Қойлар тегіс маяға жетті де, мол пішенге бас қойды. Жағалай жабысып,
қатып тұрып қалды.
- Таң атқанша осы маядан тапжылтпа! Боран аныққанша тыпыр еткізбе!
Бұл жер, бұл шөптің Тәкежан иесі болса, мен де иесімін! - деп, Абай бір
жұмысты жайғады да, енді Дәркембайды қасына шақырды.
- Дәркембай, сенің екі жолдасың осы қойдың қасында болсын.
Айрылмайды. Ал өзің дереу мынау атқа,
мына жер қорығыш Тәкежанның
атына мін де, қазір шапқылап отырып, осы маңдағы өзіңдей ауылдарға хабар
айт. Мен жіберді де! Шыңғысқа жете алмай, осы жақын маңда қойлары аштан
бұралып, қырылып жатқан ауылдар тегіс жүруге жарайтын қойларын алып,
азаматтарын сайлап, дәл осы үш қорыққа, Құнанбай қорығына айдап келсін.
Күрек-шоттарын ала келсін! Қойларын қорыққа салып,
қар аршып, жан
сауғаласын! Осы хабарды мына жақын жердегі - Торғай, Жігітек, Қарабатыр,
Бөкенші барлығына айт! Ендігі жұтты көрсек, бірге көреміз! Бар! Шап! Жиып
кел тегіс, - деді.
Дәркембай сол бұйрықпеп атқа мінгенде, Абай Жұмағұлдың кеудесіне өз
атының тұмсығын тіреп тұрып:
- Сен антұрғанның бұдан былай итаршы болғаныңның алды-арты осы
болсын! Білдің бе? Ал, Тәкежанға айт, шыдамаса - өле қалсын! Жуандығы мен
кәрі болса, жұтап жатқан қойға, аш-арық елге көрсетпесін, дәл маған көрсетсін!
Жөнел!.. Жаяу бар!.. - деп, бұйрық етті.
Бағанадан бір ауыз үн қатпаған Жұмағұл
Тәкежан аулын жаяу іздеп
кеткенде, Абайлар Дәркембайды өз қолдарынан жөнелтіп жіберіп, ауылға
қайтты. Боран әлі бәсеңдемепті. Енді, тіпті, ышқына соғып, қарсы алдарынан