Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет116/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   112   113   114   115   116   117   118   119   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
236 
- Шырағым, жұрт көрген жұттан аманмын деп отырмын. Қарыздарым - бір 
құдай, содан соңғы - өзіңсің! - деді. 
- Құдайға шүкір! Сауын мен аққа ешкімнен олқы емеспіз. Тіпті сол он бес 
күн ішінде қорыққа тығылғақ елу ауылдың бәрін байқадым... Өзді-өз ортасында 
анық күйлі дәл солар бопты! - деп, Дәркембай да шаттанып сөйледі. 
Үй ішінде Абайға сыпайы амандасқан Қарашаш аса бір жақын жанның 
ілтипатын сездіреді. 
Бұрынырақ бір кезде Абайға сырттан томырылып, ызалы боп жүрген 
Әділбек те қазір ол мінезін ұмытқан сияқты. Өзі жүріп, есік ашып, Абайдың 
қамшысы мен тымағын кереге басына өз қолынан ілді. 
Бұл ауылдағы осындай барлық бейіл, бар ажар Абайға дәл бір өз туысының, 
жақын жанының үйіне келгендей жылылық, достық белгісін білдірді. Тегінде, 
Жігітек, Көтібақ сияқты өзге жақын елдермен салыстырғанда, Абай Бөкеншіні 
әрқашан артық көруші еді. Бұл ауылдардың адамына өзгеше бір мінезділік пен 
адал момындық бар. Және жақсы көрген адамынан қолда барын аямайтын 
шыншыл бейілі бар. 
Қонақшыл жастардың жақсы отауында үш күн бойы ән салып, сауық жасап 
жатқан кезінде, Абай жаңағы мінезді, әсіресе Асылбек пен Қарашаштан көрді. 
Асылбекті Абай көптен бері «Асыл аға» дейтін. Сол Асылбек бұл күндерде 
Абайға аса бір сүйікті, жақын аға боп кетті. 
Бірақ осы күндер бойында Абай ән салып, қалжың айтып, келелі кеңес те 
сөйлеп жүргенмен, өз ішінде жабырқау. Ол жайын өзге жанға сездірген жоқ. 
Соншалық қадірлі, ыстық көрінген Сүйіндік аулы Жәнібекке келе берген 
кештің өзінде-ақ Абайға бір толқын салған «Арман!» деген аты бар, орны 
толмас бір жара. Кеудеден оқ өтіп кеткен жер сияқты өшпес, бітпес уайым. Бәрі 
де бір Тоғжанның ардақты атымен, нұр жүзімен, шыншыл таза жүрегімен 
байланысқан мұң болатын. 
Абай ең алғаш келген күні Сүйіндіктің үйіне кірген жерде сол «жарын» 
жоқтады. Бар дүние орнында. Бар адам сол халінде. Бұл жерде, бұл маңда 
Тоғжан жоғын білсе де, Абайға мынау ата-ананың үйі қазір әкеп, Тоғжанын да 
көрсететін сияқтанған. Есік ашылса, сол кіріп келетін сияқтанып, үйде отырған 
шағында, кұлағына алыстан шылдырлаған шолпы үні келгендей болатын. 
Асылбек отауына қарай басып, ең алғаш табалдырықтан аттап кіріп 
келгенде, Абайға осы отаудың оң жағы тағы да бір бақыт шымылдығын 
көтерердей көрінген. Сол ақ жібек шымылдық, сол биік сүйек төсек, сол жасау, 
тегіс орнында. Сондағы достар қолымен, мынау Қарашаш, Ербол қолдарымен 
тықырсыз ашылған, бөгетсіз достық есігі де мінекей. 
Аса сырлас, нәзік жақын болып, Абайдың көп барлайтын Қарашаш та міне. 
Бірақ бұл күнде достықтың осындайлық ыстық ұясының бәрі де дәрменсіз. 
Абай өзі қандай шарасыз болса, олар да сондай. Тоғжан жоқ. 
Өмірде әсте ұмытылмас, қадірі кемімес жақсы Тоғжан Абай жүрегін осы 
күндерде тағы да бір өзіне тартты. Ендігі - сағыныш пен өкініш. Әлдеқайдан 
қабысқаны белгісіз, бірақ, жақында Абайды сондайлық жүдеткен ана уайымы 
мынау жердегі, мынау шақтағы сағыныш уайымымен жалғасып, бірлескендей 
болды. Екеуі де жазықсыз тазалығымен, адал шындығымен табысса керек. 


 
237 
Сыртымен ән салып, қалжың айтып қойса да, Абай анық байқаған көзге 
жиі-жиі жабырқай береді. Үндемей күрсініп қалады... Бұл үйде жас жігіттің дәл 
осы күйін іштей танып жүрген Қарашаш қана. Ол Абайдың күрсінуінде 
өзгешелеу терең күйік бар екенін байқайды. Жас жігіт кәрілерше «аһ-уһ» 
демейді. Бірақ ақырын күрсінгенмен, демі дірілдеп барып, кеудесінен лықсып 
шыққандай болады. Өксік сияқты, жалынды леп бар. Көп жылап қиналғанның 
артынан келетін дәрменсіз күрсін тәрізді. 
Қарашаш кейде Абайға қабақ шытып қарайды да, жаны ашиды. 
Үшінші күні үйдің бір оңаша кезінде Қарашаш өз тесегінің жанында тұрып, 
Абайға: 
- Абай, қалқам! Осы сен менің Еркемді ұмытпағансың-ау! Жайлауынан ел 
кеткендей, иесі кеткен жұртқа келгендей болдың ба? Байқадым-ау, мен соны! - 
деп, аз ғана қызарды да, сыпайы жүзбен күле қарады.
- Жеңеше, рас! Таныдың, несін жасырам! Көңілің сол күнде де жүйрік еді. 
Дос жүрегің әлі орнында екен. Сондықтан таныдың ғой. Бір сәтін ұмытсамшы! 
Барлық көргенім көз алдымда. Көңілімнен арылмайтын бір ой бар... Тоғжан 
кіріп келіп маған деген өкпе-назын айта жөнелетін сияқтанады да тұрады! - деді. 
- Екеуіңнің жолың да, женің де бөлек еді, қимаймын! Еркем сорлы нені 
айтпап еді маған? Шын ғашық еді ғой өзіңе!.. Кетерінде оң сапар тілеген жоқ. 
Өлім тілеп кетті. Өзіме сонысын да ашып айтты ғой? - деп, Қарашаш бір сыр 
сөйледі. 
Екеуі де шарасыз ауыр мұңға батып, үндемей жүдеп қалды. 
Абайдың көз алдында Тоғжанмен ең соңғы айрылысар шағы соншалық ап-
ашык, айдай айқын боп келді. Қақ қасында тұрғандай, жаңа ғана болып өткен 
хал сияқты. 
Тоғжан сол бір желсіз, тыныш кеште, жым-жырт сайда ымырт жабылар 
шақта Абайды өзі іздеп келді. «Жетсін!» деп шақыртқан да өзі болатын. Күйеуі 
соңғы рет келіп, алып кетерінің алды. Бүгін-ертең құда, күйеу жетеді деп 
отырған кез болатын. 
Бұл күнге шейін соншалық арлы, ұялшақ болған, нәзік қорғаншақ болған 
Тоғжан, дәл сол кеште біртүрлі есіп, бекіп келді. Жалынды, арманды сөздерін 
шешен қып айтты. Көзінде жас, денесі дірілдей түсіп айтқан-ды. Әр кездегі 
үйреншікті ерке әдеті бойынша, Абайдың төсіне бетін басып тұрған-ды. 
Баурына кіріп, құшақтай тұрып, нелер айтпады?.. 
Екеуінің сүйіскен жылдары ұзақ. Бірақ көріскен қызығы, кездескен рақат 
шақтары тіпті аз екен. Тоғжан сол үшін өкінгенін, қатты күйіп назаланғанын 
айтқан. Өмірге, тағдырға, зорлық құдіретке ренішін айтқан. Жылап, өксіп 
назаланып келген кезінде, арман асқан шағында, сол кеште лағнат та айтқан. 
Абай Тоғжанды жұбата алмай, ет жүрегі елжіреп қайтқан. Көз алдында, жылап 
кетіп бара жатқан Тоғжан тұр. Басына жамылған қара жібек шапаны мен ақ 
көйлегінің етегі де есінде. Шапан астынан тұншыға сылдыраған шолпысының 
да мөлдір үні құлақта тұр. Әлі өшкен жоқ... 
Абай тағы да бір күрсінді де: 
-
Есіл Тоғжан, ұмытпаспын... ұмытпаспын! - деді.
Қарашаш Абайды осы ауылдың досы ғана емес, аса бір ыстық күйеуіндей 
көріп, қимады. Сондықтан Асылбекке өзінше бір оқшау ақыл салды. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   112   113   114   115   116   117   118   119   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет