Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет124/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
252 
жабысқан. Жерім қайда? Кегім, есем қайда? Оның несі құриды? Асып-төгіліп 
жатқан артығы ғана шашырайды. Менің аш-арығым өлімнен қалады. Бойыма 
жимаймын. Айналамды ажалдан алып қалам... Басым кетсін, маған десе. Бұл 
жолымнан тоқтатпайсың... Бардан алам, жоққа берем. Жаман, сасық ұрыңды 
тапқан екенсің? Мен ұрысы емеспін, өшімін. Жоқ-жітікке, әлсізге тисем, 
айтсаңшы!.. - деді. 
Қаумен Балағазбен салғыласқан жоқ. Айтқан сөзіне бойлаған да жоқ. Оның 
шошығаны жалғыз-ақ жай. Баласы не десе де, Қаумен қазанына кісі асын 
салмайды. Сондықтан, бір-ақ түйіп байлағаны - Балағазды өз қасынан қуу 
болды. 
- Көш! Көш! Қасымнан кет!.. Көрмеймін! Қазір көш! - деп, бұйрық берді. 
Базаралы үндеместен түйілді де, қатып қалды. Әкелі-балалы туысқандар 
осы орнынан айрылысқан шағында, үшеуі үш бөлек ойда. Бір-бірінен шалғай 
болатын. Балағаз Қауменнің бұйрығын орындап, дәл осы күн көшті де, 
Қарашаның аулына барып қосылды. 
Сонда барысымен төрт-бес күн өткен соң Құнанбайдың дәл өз аулынан бес 
жылқы алды. Балағазға серік болған жігіттер аз ғана болатын. Әзірше бұлар 
Абылғазы мен Әділхан ғана. Осы үшеуі өз жүрістерін үлкен есеппен, еппен 
істеген. 
Бұлар ең әуелі алыстағы Найман ішінен дәл өздеріндей үш-төрт жігіт серік 
тапты. Олар да жұт пен жоқшылық салдарынан атқа мінгендер. Шетінен шешен, 
ер, өжет жігіттер болатын. Жаз ортасында Аягөздің ар жағына жолаушы жүріп 
барып, Абылғазы сол жігіттермен сөз байласып қайтқан. 
Екі жағының да анық кесескен байлауы өзді-өз ортасының мықтыларын, 
қалың шоғырларын торымақ. Әлсізге тимекші емес. Сонымен, Семіз-Найман, 
Садыр, Матай ішіндегі Құдайсүгір, Қаптағай, Жұмақан сияқтылардан аналар 
алады. Тобықты ішінде Құнанбай, Ырғызбай, Қаратай, Сүйіндік сияқтылардан 
мыналар алады. Бұлар ешуакытта қалың шоғыр боп жүрмейді. Жалғыз аяқ, 
жүргінші сияқты ғана болады. Тағы бір тәсілдері: Тобықты жігіттері Найман 
ішіне барғанда, өз қолдарымен мал алмайды. Ондағы жолдастары кімнен алуды, 
қанша алуды өздері шешіп, өздері шығарып береді. Тобықты ішінде Балағаздар 
да сүйтеді. 
Екі жағы да жол мен жерге аса жүйрік. Жолшыбай қай сулар елсіз, қандай 
даламен жүргінші аз жүреді? Қандайлық елеусіз адырлар, сай-салалар бар, 
баршасын жаттап алысқан. Екі топтың да ең үлкен айласы қуғыншы мен 
жоқшыны адастыруға жұмсалады. Бұл орайда бәрінен шебер Балағаз. Өзі 
тапқан айла-тәсілін бар жолдастарына ол үнемі үйретіп отырады. 
Сүйтіп, айналдырған алты-жеті жігіт, тура екі дуан елдің жуан-жуан 
жерлеріне құйындай соқтықты. Өңшең өжет жандар, ұялас бөрідей тиді. 
Құнанбай мен Байсалдардың ақылын тауысқан бір нәрсе: мал алушы 
жаулардың бірде-бір уақыт көзге түспейтін тығылғыштығы болатын. 
Әрдайым, таң ата, жылқы алынғаны білінісімен, жоқ қараушылар жабыла 
атқа мінеді. Екіден-үштен бөлініп ап, шапқылап отырып, айналаның бәрін 
сүзеді. Керей, Найман, Қаракесек жақтарға кететін жау болса, соларды еріксіз 
көрсететін тұрғы-тұрғының бәрін алады. Күні бойы тас-тастан қарауыл қарап 
отырады. 


 
253 
Бірак, әрқашан: «Ұшкан шыбын, жорғалаған қоңыз жоқ» деп қайтып келеді. 
«Іште қалады! Шыңғыс ішіне тартады!» деп, ол жақты да арылтады. Сонда да 
дерек болмайды. 
Балағаз болса, өз айласын қатерге сүйеп, үлкен ерлікпен істейтін. Ол 
қадалған аулынан қалаған малын алысымен қаша жөнелмейді. Найманға да тез 
жөнелтпейді. Қайта бес-алты күн өткенше, жұрт аяғы басылғанша, 
Тобықтының өз ішінен тапжылтпайды. Алысқа да әкетпейді. Тіпті, сол мал 
жоғалтқан ауылдың дәл өзінің қасында, қой ерісіндей ғана жерде жүреді. 
Сезікті болатын қиындарға, қарауыл биіктерге әсте жоламайды. Бұл жазда ол 
жерлерді шалғыншылар ғана кезетін. 
Бір алғанда, жылқыны бес-алтыдан артық алмайды. Сол топты, жылқы 
ішінен шығарып алысымен, Балағаз өз жігіттеріне тегіс мінгізіп қояды. 
Жылқы алардың алдында бұл жолдастарын жаяу ұстайды. Оларда жүген мен 
ішпектен басқа түк болмайды. Түн ішінде елеусіз бір адырларға соларды әкеп 
тастайды да, Балағаз, Әділхан, Абылғазылар жылқы әкеледі. 
Алынған жылқыны жігіттер мініп алған соң, Балағаз өзі әрқашан 
қарауылда отырады. Аналар ойда жатып, мұның белгісін тосып отырады. Ауыл 
жақтан шыққан қуғыншы мен жай жүргінші көрінсе, Балағаз саспастан отырып, 
бетін бағады. Жігіттеріне бұйрық етіп аттарына мінгізіп қояды да, анау 
кісілердің бетінен ғана тайдырып отырады. Олар әсте қашпайды, тек қана бір 
бел асып түсіп, бір қолаттан екінші қолатқа ғана ауысады. Сүйтіп, кей уақытта 
жоқшылар мен бұл жігіттердің арасында бір-ақ қана далда, бір ғана бел қалып 
отырады. Малы алынып, сабылып жүрген ауылдың иегінің астында болады. 
Тынығу керек болғанда, қуғыншылардың жаңа ғана арылтып келген 
жерлеріне барып бекінеді. Осындаймен бірнеше күн өткізеді де, жалғыз-ақ 
түннің ішінде, жолдастарының бетін Найманға қарай бірақ түзейді. 
Қарашаның аулына Құнанбай жіберген кемпір бұл айланың бірін де білген 
жоқ. Ол түк білмей қайтушы еді. Өйткені Балағаздар өз үйлеріне мал 
соймайтын. Алған жылқыларын әсте маңайлатпаушы еді. Жалғыз-ақ, бір-ақ 
жол ғана Абылғазы ашқарақтық істепті. Найман жігіттерін алысқа ұзатып, 
қуғыннан құткарып болған соң, елсіз судың басында бір семіз тай сойылып еді. 
Соның бір ғана телшесін Абылғазы өз үйіне әкепті. 
Осы ет ел жатар кезде, түнде асылып еді. Бірақ кемпірдің мұрны жылқы 
етінің иісін біліп қапты. Ол ет піскенше, сырттан аңдып, дәл табаққа салып, 
Абылғазының алдына келген уақытта оқыс кіріп келіп, телшені көрген. Тайдың 
телшесі екенін де танып алған. 
Құнанбай Байдалыға кісі салды. «Қараша туысқанын өзі қақсын, сыбысы 
шықты. Айғағым бар. Тек арылып берсін. Егер Қараша танатын болса, 
Кауменді кепілге өткізсін. Қаумен сезетін болу керек. Жалғанға жанын 
бермейді. Сенсем, тоқтасам, соның ар-иманына сеніп қана тоқтаймын», депті. 
Байдалы Қарашаға салмақ салған жок. Тұп-тура Қауменге жабысты. 
Қаумен өзінің Қарашадан да, тіпті Балағаздан да безгенін айтты. Байдалы 
болмады. «Не қара деп шық! Немесе ақтап кет. Құнанбай сенен жан алса ғана 
тоқтайды. Көзің жетсе, адал болса, жан бергеннің күнәсі жоқ. Қайта ағайының 
мен туысыңды нақақ жаладан құтқарасың» деген еді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет