269
Балағаздарды ұры, қары санап, қоса қуып келмедік пе? Бүгін ойлап, болжасам,
сорлылар ұрлық емес, өжеттік бастап жүр екен ғой. Ежелгі бір кеселге кекесін
көрсеткен екен. Аш-арықтың ішінең бұларды қарғаған бір жан көрдің бе? Ұры
демеймін! Өктеп шыққан өз тәнім, өз баурым деймін! Бүгін соны Құнанбайдың
мынау ісі біржолата танытып отыр. Қаумен, Үркімбайға шейін көрсетіпті. Тағы
кім бар? Кімді аман қойды дейсің? Елдіктен кеттік пе? Тағы да кетіскеніміз бе?
Жоқ, жарым жолдан қайтара ма? Тәкежан, Майбасардың шалалығын өзі де
қостай ма? Не дейді? Жігітек сәлемі осы! Сен қазір атқа мін де, Құнанбайға
барып кел. Тілің жетеді. Кеудеңдегі отың да жетеді.
Істегенім істеген дейтін
болса, аянба! Барды айтып кел! - деді.
Байдалының бар мінез, бар сөзін мақұл көріп, Базаралы атқа мінді. Бірақ
әуелі Қарашоқыға бармай, Мұсақұлға қарай тартты. Өйткені Жігітектен
көрсетілген отыз кісінің кім-кім екенін бұл жақ әлі білмейтін.
Жалғыз ғана
Қаумен, Үркімбайлар барын еміс естіген.
Жолшыбай Базаралы болыс кеңсесіне барам деген ниетін өзгертіп,
Жидебайға соқты.
Абай үйде екен. Кешелер, Тәкежан мен Майбасардың жаңа желіктерін
есітіп:
- Жаман бақсының жын шақырғанындай тантырап, жұрт берекесін кетірді-
ау мыналар! - деп, кеп қынжылған-ды.
Бүгін Ерболды Мұсақұлға жіберген. Тізімде кімдер барын білмек.
Базаралы жаңа келіп, өзі жүрген жайларын айтып отырғанда, Ербол қайтып
келді. Қап-қара боп түтігіп, ренішпен келді. Бірақ Абай жөн сұрағанда іркіліп,
бөгеліп қалды. Базаралыдан қымсынады, көрініп тұр. Абай салмақ салып:
- Есіткен-білгеніңнің бәрін айт, несін іркесің? - деген. Содан соң ғана
шешіліп:
- Мына Тәкежан, Майбасар ма!..
Құртар бұл елді, өртемей тынбас, - деп
алып, тізімде бар кісілерді санай бастады. Ұрлыққа, ұрыға өмірбойы шиыры
қосылып көрмеген талай кәрілер мен жастар бар екен.
Абайға бәрінен сұмдық көрінгені Базаралы жайы.
- Не дейді?! Не көкиді мынау әңгі соқырлар?.. - деп, қатты ашуланды.
Базаралының өз жайын есітіп отырғаны осы болатын. Кейіс, реніштен түк
белгі берген жоқ. Қайта сақ-сақ күлді. Абай мен Ербол таңқалып, мұның түсіне
қарасқанда, көкшіл тартып сұрланған ыза көрді.
- Бір өкінішті Байдалыдан есітіп ем бүгін. Ендігі өкініш өзіме кепті.
Тобынан жырылып жалғыз жорытқан кек қасқырдай менікі не әуре десеңші?
Тәкежандар ұры атандырмасын деп, бұққан боппын. Балағаздар ұры емес...
бұзық емес еді, Абай. Бар қылықтарын есітіп біліп жүрсіңдер.
Жұртқа мәлім
сүмелек ұры ма еді солар? Айтыңдаршы... - деп, Абайға қарады.
- Ұры емес. - Бұзық емес. Айтқаның рас! - деп, Абай мен Ербол қатар
қостады.
- Ендеше солардың тобында болмай, кеткенде бірге кетпей, мен не
сандалып жүрдім... - деп, Базаралы тоқырап қалды.
Ерболдың да өз өкініші бар. Бүгін Тәкежандардың түрін көріп, жол бойы
осыны ойлап келген.