266
Жиған жұртқа ақыл салған жоқ. Байлауын айтуға, баталасуға шақырыпты.
Осы күні, дәл сол жиынға көз қылып, Тәкежанға «қалаға шап деді. Отряд әкел,
қырғын көрсін бұл тентек ел» деп бұйырған-ды.
Жұрт тарап кетті. Барлық үлкендер Балағаз ойлағанды ойлап, қаладан ұлық
пен отряд келетінін күтті. Бірақ сыртқа осындай лақап шашып жіберіп,
Құнанбай дәл осы түнде отыз кісілік қол қамдады. Бұл түн Әділханның
Балағаздарға жаңа жеткен түні.
Отыз жігіттің қастарына бес-алты тазы қосып беріп, қаруларын іштеріне
тыққызып, Құнанбай бір-ақ сағат ішінде Шыңғыстың сыртына қарай суыт
жүргізіп жіберді. Балағаздың жатағын Тәкежандар білмесе де, Құнанбай үйде
жатып біліп алған-ды.
Тек бұл уақытқа шейін түк сезбеген кісі боп жата беретін.
Құнанбайдың сол жөнелткен жігіттері таң аппақ боп атып келе жатқанда,
жан-жақтан саулап барып, үш қыстауды қоршап алды.
Балағаздың күзетке қойған жігіті иек артпадан тазы ертіп шығып жатқан
аттылардың барлығын аңшылар екен деп ойлаған. Шыңғыс сыртында қар
бекігенше түлкі қуып жүретін аңшылар бола беруші еді. Солар деп, селқос
қалды.
Сүйтіп бұл күнге шейін ерлік пен жырындылыққа ешкімнен осал
соқпайтын Балағаз, қапыда оп-оңайдан тұзаққа ілінді.
Қуғыншы қолдың басы Ызғұтты. Үлкен өткір сапыны жалаңаштап ап,
Балағаздар жатқан үйге бар жігітімен бір-ақ қаптады. Келсе, Балағаздың көзі
ұйқыда жатыр екен. Бар жігіті тегіс бейқам. Жиыны он адам.
Ызғұтты сапының сыртымең бөксеге ұрып оятқанда, Балағаз басын
төсектен жұлып алып:
- Қап, сорлы қылған тәңір-ай, не қара басып еді?! - деді.
Барлық сөзі осымен бітті. Тегіс тұтқын болды. Тысқа шығарып, он жігітті
екі-екіден мінгестіріп жатты. Әр тұтқынға үш-төрт жігіттен кепті.
Балағыздың желкесіне Ызғұттының өз сапысы үнемі төнумен болды.
Құнанбай қолы үрдіс жүріп Шыңғысқа тартты. Он жігіттің ішінен осы күн
кешке жол бойында жалғыз Абылғазы ғана қашып құтылды.
Ол өзінің артындағы жігітпен күбірлесіп, ақылдасып ап, кейіндей берген.
Қасында қатарда келе жатқан Құнанбай жігіт кешеден бері жүрістен талып,
қалғып келеді екен. Шоқпарын да қолына ұстамай, тақымына қыстырып
қойыпты.
Жол бір бұраң сайға, тастақ жерге жеткенде, Абылғазы жаңағы жігіттің
шоқпарын бірақ тартып алып, атынан жұлқып жіберіп, төңкере тастап, өз
атының үстінен анау босаған атқа жалғыз-ақ қарғыған.
Құлап түскен жігіт, енді есін жиып, екінші тұтқынның астындағы жаман
шабдардың тізгінінен ұстай алды да, айғай салды.
Бұл кезде Абылғазы аттың басын кейін бұрып ап, ағыза жөнелген.
Алдыңғылар хабарланып, шуласып жүріп, ақыл тапқанша, Абылғазы ұзап
кетті. Кеш қараңғылығы да қоюлап келе жатқан. Ызғұтты: біреуін қуамыз деп
көбінен айрылармыз деп, ілгері тарта берді... Жалғыз-ақ, енді қолдың артына
өзі түсті.
267
Барлық топты шоқтай қып иіріп айдап отырып, Бөкенші асуынан асырды.
Қарашоқыдағы Құнанбай қыстауының тұсымен өтпекші. Сол маңға жақындап
келгенде, Төлепбердіні Құнанбайға жөнелтті. Ұстап әкеле жатқан хабарды
айтумен бірге, Құнанбай қашқындарды көрем дей ме екен? Алатын жауабы бар
ма екен? Соны сұратқан.
Құнанбай Төлепберді хабарын есітті де, қысқа ғана бұйрық берді.
- Мұсақұлға апартыңдар. Тәкежан мен тілмашқа айт, дәл осы бүгінгі
түннен қалдырмай, Семейге жөнелтсін. Тегіс арбаға мінгізіп, күзетін мықтап
отырып, абақтыға апарып, бір-ақ табыс етсін. Айналсоқтап, жалтақтамасын!
Сыбаға сол! - деді.
Тәкежан Семейге кетпеген-ді. Кешегі жиында Құнанбай жұрт көзінше оған
бұйрық бергенмен, артынан: «Өзің барма, кісі шаптыр» деген.
Кеңсесіне қашқындар келісімен Тәкежан асығыс қимылдады. Құнанбайдың
айтқанын дәл орындап, осы түн ішінде, барлық жігіттерді Семейдің абақтысына
жөнелтті.
Сөйтіп, ел-жұрт Балағаздардың ұсталғаны туралы анық, толық хабар алып
болғанша, тұтқындар ұзап кетті.
Бұл күндерде Құнанбай мен жаңа болыстың мінезі, - тырнағына тышқан
ілінген мысықтай. Гүрілдеп, айбар шегіп, жота жүні үрпиіп, түстерінен от
шашып тұрған. Сөйлесе, шеттерінен қалшылдап сөйлейді. Жазықсыз тепкі
көрген, ыза шеккен кісі болады. Екі-үш күннен бері айналаның барлығына:
- Почта талапты Әділхан!
- Не деген сұмдық! Неткен қастық!
- Аяспайтын жаулық қой! Қазынаның қағазын жойып, Тәкежан басы бәлеге
ілінсін дегені ғой!
- Шатаққа ұшырап, жоқ болсын дегені! Мұндай сұмдықты көрген бар ма? -
десіп, дабыл қағып жатты.
Бірақ ішкі сырға, шынға келгенде, сол өрекпулер қаншалык бақырауық
даңғаза болса, солғұрлым жалған болатын. Құйындатып, қара борандатып
келгендегі, анық мақсат басқада жатыр. Бұл күнге шейін қаншалық дауласып
жүргенмен, бұл елдің ортасында біреуге біреу абақтыға салғызу, жер аударту,
каторгіге айдату сияқты істерді істеп көрмеген.
Ертең ес жиғанда, барлық ағайынға сұмдық боп көрінетін іс осы екенін
Құнанбайлар таниды. Сол жат қылықтың бетін бүркеу үшін жаңағы жалған
шуды басымдатып отыр.
Бұрын өз тұсында мұндайлық істі істемеген Құнанбай, Балағаздар
қарсысына келгенде, басқа қырға мінді. Өйткен себебі, Жігітектің мына
жастары бастаған істің түбінен ол аса қатты сескенген.
Балағаздар ісін Құнанбай өз ішінде ұрлық деп бағалаған жоқ, тамырлы,
түбірлі наразылық, қарсылық деп білді. Анада Базаралы айтып кеткен сөз бен
Балағаздардың қылықтары астыртын астасып жатыр. Көпке тимей жеке
жерлерге тиетіні және, әсіресе, Ырғызбайдай оқшау топтарға соқтығатыны
соны көрсетті. Әлсіз бен көпке тимегендіктен, қалың ел арасында сүйсінушілер
көбейіп барады.
Ашаршылық, жоқшылық қамауында отырған жұрт енді осыған ден қойып
кетсе, не болмақ? Мұндай ойларға байланған сайын, Құнанбай үрке беретін.
|