264
-Ой, жаратқан тәңір, ақыл иесі болған естиярмен сөйлесіп отыр екем десем,
жаңылыппын ғой. Сен де бір атарман екесің ғой. Бүйткенше, атшабарың
Жұмағұлдан жауап алып, қайта беруім екен ғой! - деді де, тұрып кетті.
Абай Тәкежанның терістігін айтып, сөйлесіп көрмек еді. Ағасы: «Араласпа,
килікпе» деп қатты серіпті. Осы кеңседе отырып, Абай бүгін әзірленіп жатқан
қағаздарды байқады. Барлық мөр, піргауар, қол мен таңбалар Жігітек
жігіттерінің сорына әзірленіп жатыр екен. Сол кеште Семей қаласына үкілі
почта жөнелді. Оны да білді.
Осы білгенін Базаралыға айтып кеп:
- Бүл дүлейлер тағы бір мол бәлені шақырып отыр ғой. Тағы да бір
Тоқпамбет, Мұсакұл шатағын көрмей тынбас! Тек ел жасымасын да,
қорықпасын, Базеке! Ұшық-ұшық, әлі дауыл емес!.. - деді.
Базаралы өзінің амалсыз келгенін айтты. Малынан айрылған аш-арық
осыған кеп салмақ салып, ең болмаса, барып арылып кел деген екен.
Абай Базаралыны тоқтатып қойып, Майбасар, Жақып, Тәкежан үшеуін
оңаша шығарып алды да, қатты ашу айтты:
- Еркекпен еркекше алысудан жеңілесің де, қатын-балаға батырсисың.
Кеше өзі жұтап қап, өзі аштыққа ұшырағалы отырған елдің аузындағы сусынын
алып, не беттеріңмен отырсың?! Осымен ең әуелі сот алдында басың кетпей ме?
Тамам елді дүр сілкінтіп отырсың. Осыныңнан қайтпай, аман отырып көрші,
кәне? - деп, Тәкежанды қорқытып сөйледі. - Сендердің берген ақылың осы ма?
Тым құрса, сендер ұялсаң нетті! Қайтартыңдар қазір елдің малын! - деп,
Майбасарға бұйыра сөйледі.
Тәкежан Абайдың бұл бұйрығына ішінен ыза болды. Бірақ қарсыласуға
бата алмады. Әкесінің әнеугүні Абайға болыс бол деп, көп жабысқаны есіне
түсті. Егер мына жолда Тәкежан теріс боп, Абайдікі оң боп шықса - қатер көп.
Құнанбай ұлықтықты бұдан алып Абайға беріп қоя ма, қайтеді? Тым кұрса,
әкенің беті анық болса екен. Ал әзірше, ол жақтан хабар жоқ. Жігітекке
істегенді мақұлдай ма, жоқ па, мәлім емес. Сол себепті Абайға жауап қатпады.
Ойланған кісі болды.
Қалайда Абай салмағы осал тиген жоқ. Майбасар мен Тәкежан болмаса да,
Жақып ойға түсті. Бұл өзгелерге оңаша ақыл салғанда:
- Балағаз, Абылғазыны ұлыққа қуғызғалы отырмыз. Солардың қағазын
мықтап бол да, Семейге тез жөнелт! Тентек деген азды қуайық! Шығара қуайық!
Мына малды қайтарайық! - деген. Осымен Базаралы бұл жолға келген
жұмысын тындырып, жазықсыз елдің малдарын алып қайтты. Бірақ Жігітек
ішіне Тәкежаннан естіген қорлық сөздерін айта келді.
Балағаздардың үстінен қатты қағаз кеткенін де айтқан.
Базаралының өзімен тілдеспейтін. Балағаздар осы күндерде Қарашаның
аулына күндіз-түн кісі жіберіп, хабар-ошар алып тұратын.
Арада үш күн өткенде, Шыңғыс ішіне бір тосын хабар тарады. «Семейге
Тәкежан болыс жөнелткен үкілі почта таланыпты. Тобықты жерінде емес. Уақ
жерінде, Мұқыр деген жардың тұсында ұшырапты. Енді бәле молайды» деген
лақаптар дүңк-дүңк шығады.
Тәкежанның Балағаздарды көрсеткен қалың қағаздары анық үкілі почтамен
жөнелтілген. Ол почтасы үш салт атты. Екі қоржындары мен мойындағы
265
былғары сөмкелері қағазға толы. Тымақтарының маңдайларына үкінің бір тал
қанатын жапсырған Жұмағұл, Қарпық және бір атшы жігіт Мұсақұлдан шыға
сала, шапқылай жөнелген. Жол бойынан лау мінгенде, декбірсізденіп: «Үкілі»,
«үкілі почта» деп қолды-аяққа тұрмай, дігір салып мінетін!
Дәл осы шапқыншы бір күн, бір түн жүріп, енді соңғы түн ішінде Семей
түсеміз деп келе жатқанда, Мұқыр жырасына жеткен.
Сол уақытта қарсы алдарынан қара жолмен келе жатқан үш салт атты
көрінеді. Шауып келе жатқан атшабарларға аналар тұпа-тура келді де, бір-
бірден араларына сұғылды. Сүйтті де бір сәтте Жұмағұлдарды жағадан сарт-
сұрт ұстай алып, аттан жұлып-жұлып түсірді. Алысады деген ойда жоқ.
Шапқыншылар бөгде жолаушы деп селқос келе жатқан. Және қатты талып
шаршағандықтары да бар-ды. Енді аттарынан қалай ұшып түскендерін
байқамай да қалған.
Үш жігітті үш-ақ жігіт алды. Беттерін қара шүберекпен таңып алған
жаулар бір ауыз үн қатқан жоқ. Почтаның бар қоржынын, бар сөмкесін тартып
алды да, жөнеп берді.
Бұл қимылды істеген Әділхан болатын. Өзі төртбақ келген айлакер, мықты
Әділхан осы почтаны әдейі аңдығанды. Жұмағұлдардың арттарынан қуып
отырып, жаңа кешке, аналар Күшікбайға түсіп, шайға аялдағанда, ілгері етіп
кеткен. Қасындағы жолдастары Найманнан келген екі ер жігіт. Үшеуі өз
жұмыстарын оп-оңай жайлады да, Шыңғысқа қарай қайта тартты.
Закон жағынан қарағанда бұл істің арты жаман болатынын және
қашқындар халіне пайдасы аз іс болатынын Әділхандар есептемеген.
Тәкежан шағым айдапты, почтасы бүгін кеткелі жатыр дегенді өз аулына
кеп ести сала, Әділхан ызаменен қайнап кетіп, қуа жөнелген. Тіпті арттағы
Балағаз, Абылғазыға да ақыл салмаған.
Бірақ, істелер іс істеліп қалды.
Шыңғыс сыртында Сыбан мен Тобықты жайлауының жапсарында жататын
үш кедей аулы бар-ды. Балағаз бен Найман жігіттерінің бір мекені сол. Бұл
ауылдар осы күзде тегіс ашаршылыққа ұшырап, қақпан құрып, тышқан аулап,
сорлап тұрған кезінде Балағаздар айқасты.
Келді де тоқтық әкелді. Сауын сиырлар мен мінер аттар да берген.
Осы ауылдың шеткі бір үйінде Балағаз, Абылғазылар жатқанда Әділхан
жетті.
Жігіттер Әділханға мақтау айтып, өкінбеске бекінді. «Енді болыс қалаға
тағы шабады. Малтығып жүріп, әнеугідей отряд шығарады. Оған шейін итім
жатсын ба? Үш-төрт күн ат тынықтырып, азық қамдап сайланып алайық та,
Найманға тартайық. Аз күнде қар да бекиді. Жаз шыққанша Найман ішінен
қайтпаймыз. Оған шекті жұмыс та ескіреді» десіп, байлау жасасты.
Бірақ Кұнанбай есебі бұлардан тақысырақ екен. Ол Тәкежанмен қоса
Ырғызбайдың үлкендерін жиған. Бұлар ғана емес, Байсал, Сүйіндіктерді де
шақыртып алды.
- Асқан екен Балағаз! Жерге қақпай, тынбаспын! Енді ара түсер кім бар
екен? Қолымнан алып көрсінші! Сол қашқынның бәрін де айдауда шірітем!
Осыны істемесем, Құнанбай болмай кетейін! - деп, жаман қалшылдады.
|