260
- Менің тілімді алсаң, - деп Құдайберді біраз ойлады да, - болма! Ұлықтық
қасиет емес екен. Көзіміз жетті ғой. Бектік бұзады екен және түбінен қайыр
шықпайды, қарғыс шығады екен. Жас өміріңді зая қылма!
Абай өз жауабын ойлаған да жоқ.
- Айтқаныңыздың бәрі шын, Бәке!
- Тіленіп жүрген көрінеді ғой әкесінен. Анау Тәкежан-ақ боп, қарқ босын! -
деп, Құдайберді тоқтап қалды.
Бұл кеште, ел жатқанша, Абай ағасының қасынан кеткен жоқ. Науқастың
тілегі бойынша домбыра алғызып, көп-көп күйлер тартып отырды. Енді
бағанағы балалар да келген. Абай ауруды ұйқтату үшін сол балаларға айтқан
боп, «Мың бір түн хикаясының» бір тарауын да айтып берді. Балалар бұның
қасынан шықпай, ертегісін телміре тыңдасты. Әрі домбырашы, әрі әңгімеші
ағаны үшеуі бірдей жақсы көріп, төсекке де бірге жатты. Нұртаза мен Шұбар:
- Абай ағам қасына мен жатам!
- Жоқ, өзім жатам! - десіп, таласып кеп, екі жағынан қойнына кірді. Көздері
ұйқыға барғанша, Абайды кезек тартып құшақтап жатысты.
Сайлаушы төре келіп, кешелер Құнанбаймен көп сөйлескен болатын. Жаңа
болыс туралы мұның айтқанынан шығатын емес. «Жаңа закон, жаңа сайлау
болады» дегеннен бері, Құнанбай өзі енді ұлық болудан тоқталмақ.
Бір кезде Арғынның бір дуан елін басқаратын аға сұлтандық бар-ды. Оған
Құнанбай қызығып барып, бастық болған. Содан келе, кішірейе түсіп,
Тобықтының старшыны болды. Бірақ, не десе де, түгел Тобықты «ашса
алақанында, жұмса жұмырығында» болған.
Енді міне, ұлық қолы ұзарып келеді. Тұтас Тобықты да жоқ. Үш бөлінетін
бопты. Мұның бір бөлігіне ұлық болу оншалық мұрат емес.
Қайта, болыс болмай сыртырақ отырса, бар Тобықтыға өз әмірі молырақ
жүрмек. Ол бір.
Екіншіден, ел арасы бүгін қиындап барады. Мынау Балағаздар сияқты
тынышсыздық шықты. Онымен алысу керек. Бірақ алыс пен тартыстың басы
тағы өзі болса, баяғы араздық қайтадан қозданады. Өзінің тұс-тасы
Бөжейлермен алысқаны бір сәрі. Енді болыс болдым деп Жігітектің жас-
желеңімен, бала-шағасымен алысатын болса, ол бойға лайық емес.
Қайта оларға қолы батыл тиетін жасты салу керек. Өз тұстасымен өздері
алыссын. Балалар болса ержетті. Билікті соларға артып, ақылы мен әмірін өзі
тыныш отырып жүргізеді.
Үшінші, Құнанбайдың жасы болса да жетпіске тақап қалды. Енді ержеткен
баланың ішінен өз орнына кісі қамдайтын мезгіл жетті.
Осының бәрін іштей ойлап, таразыға салып келіп, жаңа болыстыққа
Абайды лайықтаған. Оның да бір есебі бар.
Абай әке тәрбиесінен сыртқары кетті. Қайта бар мінез, бар жүрісі оны
Құнанбайдың қасында отырған қатал сыншысы етіп барады. Соңғы жылдар,
әсіресе, солай боп келеді. Әкесі Нұрғанымды тоқалдыққа алғалы, Абай тіпті
қашықтап жүр. Ол жөнде Құнанбай ішінен Ұлжанды айыптайтын. «Балаңды
суық өсірдің» деп, биылғы жазда Ұлжанға кеп кінә таққан.
Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлімнің мол
екенін әкесі танитын. Ендеше, мына тұста осындай шалғай кетіп бара жатқан
261
баланы ұлықтықпен қайта тарту керек. Ел билеудің салмағы жас басына түссе,
Абай әкенің шырғасына еріксіз келеді. Егер әкенің ойындай боп, беті түзелсе,
өзге жастың қолынан шала келетін жұмыс, Абайдың қолынан молынан келеді.
Ол қайратына да Құнанбай сенетін. Ендігі байлаудың бәрі қат-қабат ойлардан
туған.
Әкесі тұрып, шай ішіп болған кезде Абай келді. Дастарқан жиылған, үй іші
жаңа сыпырылған, таза екен. Тәкежан Абайдан бұрын келіпті. Ұқыпты
шәкірттей боп анадай жерде жүгініп отыр. Құнанбай екі баласынан басқа кісіні
үйден шығарды да, сөзге кірісті...
Айткан сөзінің бәрі де Абайға арналған сияқты. Өзінің қартайғанын айтты.
Жақсы-жаман өмірді алыс-жұлыспен өткізгенін ескертті. Кім үшін алысқан?
Осы нәсіл, осы балалардың алдыңғы тілеуі үшін алысқан. Енді міне бұлар
ержетті. Өз істерін өз қолына алатын мезгіл жетті. Дос тапса да, жау тапса да,
бұлар енді өздерінің тұстасынан табады. Өз заманының тілін де бұлар сырт
буын кәріден оңай ұғынады. Алыстың тәсілін де тез табады. Сондайға кезектеп
кірісетін осы екеуі. Бірак, бүгін бірі болса, ертең екіншісі болар. Жол жүлдіге
таласпасын. Әкенің ұйғарғаны Абай. Соның болуын мақұл көреді.
Құнанбайдың көптен бері Абайға ұзақ сөз қатқаны осы.
Абай ойланған кісі сияқтанып, аз үндемей отырып барып, ақырында
тамағын қырынып алды да:
- Әке, сенгеніңізғе рақмет! Ендігі міндетті бізге артқаныңыз орынды. Арқа-
басыңызды бұдан былайғы ауыртпалықтан босату керек. Тыныштық өмір
тілейтін кезіңіз болды. Жалғыз-ақ жаңағы сөзіңіз маған айтылса, мен өзім
болыстық, ұлықтықтан бас тартам. Мезіретім емес. Әрі ағалық жолы бар, ебі де
бар, ұсынған орныңызға мына Тәкежан лайық. Осы болсын! - деді.
Абай осы соңғы сөздерін айта беріп, Тәкежанға көз тастады. Молда пішін,
мүләйім боп отырса да, Тәкежан қып-қызыл боп қуанып кетті. Жаназада,
підияны мол атаған жерде жымыңдап кетіп, қыбылжып қалатын, мысық сопы
хазіреттей көрінді.
Құнанбай Абайға қайта-қайта қадалды. Болмайтын себебін екі қайтара
сұрады.
Абай бір рет қысқа қайырып: «бола алмаймын» деген еді. Бірақ әкесі
екінші рет салмақ салғанда, молырак дәлел айтты. Халықты билеу үшін адам
өзі камелетке жету керек. Оған Абай өзін әзірмін дей алмайды. Піспеген
адамның қолындағы билік, жас баланын қолындағы ұстара пышақ есепті. Не өзі
арандайды. Не өзгені арандатады. Абай өзін аямаса да, бұған еріксіз күні
түсетін халықты аяйды. Болмағанда, сондықтан болмайды. Халық керегіне
жарайтын боп жете қалса және елге пайдасы тиеріне көзі жетсе, ол күнде әкесі
ұйғармай-ақ өзі сұрануға уағда береді. Әзірше әке зорламасын... деген сөздер.
Құнанбай бұл тұсқа келгенде шұғыл өзгеріп, тез тайқып шықты. Сол арада
Тәкежанға бұйрық етті. Ол баласы оп-оңай «құп»деді.
Осыдан кейін он бес күндей уақыт өткенде, Тәкежан болыстыққа нық бекіп,
бетін түзеп алды. Ақылшысы аз емес. Бір жағынан Құнанбай болса, екінші
жақтан Майбасар, Жақыптар да өз сабақтарын Тәкежанның құлағына құйып
жүрді.
|