Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет133/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   130   131   132   133   134   135   136   137   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
270 
- Әттең, Абай-ай, кеше әкең болыс бол дегенде болмаймын деп, бас 
тартқаныңды қайтейін?! Тым құрыса, елге жаның ашыр еді. Мынандай сұмдық 
істетпес едің ғой. Не көріп, не болып отырмыз енді, міне? Үйде отырып, 
ұялғаннан жерге кіресің. Қолдан келген жақсылығың со ма? Айтпай қайтіп 
шыдайсың? - деді. Базаралы Ербол сөзін дұрыс көрген. 
- Онысы рас. Тым құрыса, адалыма ара түсер едің ғой! - деді. 
Абай үндеген жоқ. Болыс болмағанына өкінейін деген жоқ-ты. Бірақ өз 
басын әке салмағынан құтқарам деп, Тәкежанға қарсы болмағанына өкінді. 
Бір шешеден туған бауыр деп аталса да, қазірде Тәкежан соншалық суық, 
жаттай көрінеді. Бұдан бұрын да талай кездесті. Басқан сайын ұғысу емес, 
аралары алыстап барады. Әлі де алдағы күнде көп шайқасатын қас-қайрат сол 
сияқты сезілді. Соның басы осы болар ма? Бұдан былай бұйығып отыра 
алмайды. Базаралыны аяйды. Оның айналасындағы жазықсыздарды аяйды. Сол 
аяғаны шын болса, бел шешіп араласып, тартысып көреді. Қазір де іштей 
байлаған байлауы осы. Базаралының сөзінен соң аз үндемей отырды да: 
- Базеке, адалыңа ара түспесем, азамат болам ба? Тәкежанның күші елде 
емес, қалада екен ғой. Ендеше алдағы күнді сол қалада сынайық. Мен ертең 
Семейге жүрем! Осы істерін аяқтағанша жоқшының бірі мен боламын! - деді. 
Базаралы Абайға ырза боп, шын сүйсіне қарады. Бұл ауылдан іздегенін 
алған сияқты боп, көңілденіп кетті. Қолма-қол жүрмек болды. Асқа қара 
дегенге қарамады. Тез аттанды да Қарашоқыға тартты. 
Ел орынға отыра Құнанбай аулына келген-ді. Нұрғаным үйлері қонақсыз 
оңаша екен. Бірақ Құнанбай Базаралы келді деген хабарды естігенде, өз үстіне 
кіргізген жоқ. 
- Анау қарсы үйде болсын, ас-суын сонда беріңдер! - деген. 
Қонақ үйде жалғыз отырып, қызметші қатынның қолынан шай ішті де, 
Базаралы Құнанбайдың өз үйіне кіріп келді. Сыртқы киімі жоқ. Бешпентшең, 
жалаңбас келген. Нұрғаным ертекші еді. Құнанбай жас тоқалына ертек 
айтқызып, аяғын сипатып отыр екен. Жігіт сәлемін салқын алды. 
Бірақ Базаралы бұл келісінде Құнанбайдың қабағын бағайын деп келген 
жоқ. Отыра сала, сөзіне кірісті. Түсінде қымсыну жоқ. Ағы - ақ, қызылы - 
қызыл боп, жайнап отыр. Ызасы мен адалдығы бұны жанып салғандай. 
Жарқыраған жүзіне жатық шыққан сөзі де сай. 
Нұрғаным бұның жүзіне қадала қарап отырып, бір ағарып, бір қызарды. 
Базаралының әуелгі айтқаны Тәкежан қылығы туралы. «Елдің жазықсыз кәрісін, 
жетпеген жасын қосақтап тізіп, сорлатқалы жатыр. Құнанбайды кәртайды, 
естімейді дей ме, болмаса тұғырдан тайды, әмір құдыреті жүрмейді дей ме? 
Осындай әкенің көзі тірісінде, сол Тәкежан, Майбасардың соншалық іске 
батылы қайтып барады?» деп, сұрау салды. 
Құнанбай жауаптасуға сараң. Тек қана «Тәкежанға бардың ба, өзімен 
сөйлестің бе?» деген. 
Базаралы оған бармағанын, бірақ барлық жайға қанып ап, ең алдымен 
осында келгенін айтты. Тізімдегі адамдарды санады. Байдалының айт дегенін 
жеткізді. «Тәкежан өз баурын өзі жейтін бөрі» болғалы отыр. Кеткеннің бәрі 
өлімге кетеді. Бұл ағайыннан құтылатынына Тәкежанның көңілі сенсін. Тіпті, 
жандарына кебіндерін де бөктеріп жіберсін. Мұнда аш-арық боп қалатын 


 
271 
панасыз бала-шағаның көрін де қазсын. Бірақ осындай аямастық жаулықтың 
орайы болар деп ойлай ма, сірә, жоқ па?» деп, бір тоқтады. 
Құнанбай барлық сөз аңғарын ұқты да, жақтырмады. «Күш айтқалы кепсің 
ғой! Күш дегенді кісі тілмен танытпайды. Көргенің Тәкежан екен, бар да 
сонымен сынас!» деген. 
Айтыс қысқарған сияқты. Базаралы ең сонғы түбірлі сөзін айтты да, 
жұмысын бітірді. Ол сөзі кесесу болатын. «Тәкежан дегеніне жетсін, аямасын! 
Тегінде ниет те бір, істеген іс те бір. Жалғыз-ақ аямас қастыққа орай, айықпас 
өштік болады. Болғанда, айыпкер Жігітек болмайды. Атадан нәсілге кетер 
жаулық осы арадан басталды». Обал-сауабы кімнің мойнында екені көрінді. 
Айтып, арылып шықпағы осы ғана... Өз жанынан айтпайды. Үйелменді ел 
Жігітек бар. Сол айтқызып отыр. Осыны Құнанбайға жеткізіп кетуге ғана 
келіпті... Білдіргені осы. 
Құнанбай тыңдап болды да: 
- Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Бірталай жерге жеткізіп айттың. Енді 
осымен тоқталайық! - деді. 
Базаралы шығып кетті, Құнанбай жалғыз көзін жұмды да, қабағын түйіп, 
ойланып қалды. Әйеліне қазіргі түсі қыраулы қыстай, жат сезілді. Барлық 
жүзінде жойылмас таңбадай боп, кәрілік табы айқындап тұр. 
Нұрғанымның жақсы ертегісін қайталатқан жоқ. Сипатып отырған аяғын 
да жиып алды. Өзге Тобықтыға бермеген еркіндік беріп еді Базаралыға. Қазір 
содан қатты тізе көріп қалған сияқты. Жас жігіт, адалдық ақтығымен өктеп тұр. 
Шындап ойласа, Тәкежандардың шектен асып жатқан істері бар. 
- Өзгелер бір төбе, Базаралы бір төбе емес пе еді? Аянышты білсе, нетті 
шіркіндер? - деп, күрсініп қалды. 
Жігітке арналған ашудың бір ұшығы өзінде жатканы рас. Бірақ Базаралы 
сияқты адамдарды атап берген Құнанбай жоқ болатын. Қазір мына жігіттің өз 
басын қимағандықтан, бір сәтке қынжылып қалып еді. Артынан қайтадан 
қатайып кетті. Жанағы Базаралы Жігітектің тобынан келді. Сол топтың ашуы 
мен кегін ұстанып қапты. Ол жер осал емес. 
Құнанбай осымен екі ұдай боп отыр. Астан кейін Базаралы қарсы үйге 
жалғыз жатты. Екі-үш күннен бергі ашуы Құнанбайға айткан сөздермен біраз 
жеңілейген сияқты. Алдынғы күнде ызаға толы, ұйкысыз түндер болатын. 
Сонымен, төсекке басы тиісімен ұйықтап кетті. 
Қай мезгіл екені белгісіз. Бірақ қап-қараңғы үйдің ішінде бір кезде сескеніп 
оянды. Байқаса, дәл қасына біреу кепті. 
- Ой, бұ кім? - деп еді. 
- Сескенбе, менмін! - деген үн есітті. Нұрғанымның үні екен. 
- Бәтір-ау, мынау жынды неғып жүр?! - деп, Базаралы басын көтеріп алды. 
Нұрғаным сасқан жоқ. Салмақпен ақырын ғана күліп қойып: 
- Тоқта, саған менің көңілім сен жоғыңда қосылған... Мырзаның өз тілі 
қосқан! - деді де, Базаралыны қатты құшақтап кеп, сүйіп алды. 
Жігіт те бұдан әрі үн қатқан жоқ. Екеуі өзгеше бір ыстық жалынмен үш 
қайтара сүйісті. Содан кейін Нұрғаным тез тұрып кетуге айналып еді, Базаралы 
қия алмай, бірге түрегеп: 


 
272 
- Жаным-ай, жай тұрған жүрегімді астан-кестен еттің ғой. Енді несіне 
кетесің? - деп, тағы құшақтады. Бірақ Нұрғаным енді бұдан тартынып, 
босаңқырап алып: 
- Қайда жүрсең, аман жүр! Жаным да, тілегім де бір сендік, Базекем! -деп, 
тағы бір рет асығыс сүйді де, жалт беріп жүріп кетті. Келгені мен кеткенінің 
арасы бір ғана сәт. Жалғыз-ақ сол сәттің ішінде Базаралыға бар дүние 
төңкеріліп түскендей көрінді. Нұрғаным да кеудесіне сыймастай қуаныш әкетті. 
Ол қуанышы - өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махабаттың қуанышы болатын. 
Құнанбай әнеугүні Базаралының сымбатын мақтап, туысына сүйсінген еді. 
Бүгін кешке, дұшпан көзі болса да, бұндайлық азаматқа аяныш керектігін айтты. 
Осы екі кездін екеуінде де қырқылжың қарт өз аяғының қаншалық шалыс 
басылғанын, қалайша жаңсақ кеткенін сезген жоқ еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   130   131   132   133   134   135   136   137   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет