Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет118/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
240 
Ауыл үйдің қонағы тарағанша, Қуандық үй ішінің ұзақ шаруасына алданып 
жүрді. Шай жасап, қонақтарды күткен де өзі болатын. Шешесіне болысып, 
тыста сойылып жатқан мал жаққа да барып қайтады. 
Қонақтар мен әкесінің әңгімесі үзіліңкіреген кезде, Қуандық Қарашашпен 
сөйлеседі. Шай үстінде барлық жұртка ашық үнмен тіл қатып: 
- Ішіңіздер! Ішіңіздер... Аз іштіңіз! Жеп ішіңдер! - деп, анық үй иесіндей 
бейіл көрсеткен. 
Әке алдында именіп, жасқанып, ұяң сөйлейтін қыз емес. Шайдың 
дастарқаны жиылып болған кезде, мал да сойылып болып, ет асылган-ды. Үй 
ішінің қарбалас жүрісі саябырлады да, барлық үлкен-кіші қонақтардың 
айналасына жиылды. 
Қазірде көбірек сөйлеп отырған Абай. Қуандық Абайдың атын бұрын да 
естіген болатын, өзіне жақынырақ отырған Қарашаштан енді анықтап тағы 
сұрап алды. 
Жігіт қонақ әр сөзін байыпты қып, шешен сөйлейтін сияқты. Абай биылғы 
жұттың ауыртпалығын бұрынғы жұттармен байланыстырып, желілеп сөйлейді. 
Киіз туырлықты қазақтың баяғыдан бергі айықпас қасы, арылмас соры сол. 
Осыны екінің бірі біледі. Бірақ, атадан бала, баладан нәсіл сол көргеннен өнеге 
алары бар ма? Бұл бәледен құтыларлық жол бар ма? Сол туралы арғы бергіде 
«ел қамқоры» деп аталған жандардың, елге жаны ашып, жол айтқаны, жөн 
сілтегені болды ма? Қадырбай соны біле ме екен? Осыны сұрады. 
Қадырбайға бұл сұрақтар тосын көрінді. Ойланыңкырап отырып, тақпақтап, 
мәтелдеп кетті. «Баянсыз бақ, тұрлаусыз тіршілік... Бар дүниеде тозбақ бар. Исі 
аңқыған бәйшешегің де күзі жетсе қуарады... Әл-қуатың кеткенде, алма бет те 
суалады», деп дүниенің кезегін, баянсызын айтты. 
Абай бұл сөздердің шешендігін бағаласа да, ішкі нәрін қанағат қылған жоқ. 
Қазақ деген қалың ел, іргелі ел, оның тірлігінің де айнымас берік тұрағы болу 
керек. Бәйшешектің тірлігі адам тірлігіне місе, мысал болмайды деп еді. 
Қадырбай ел дегеннің бәрінің тірлігінде де тұрақсыздық бар екенін айтып, 
қазақ тірлігі өзгеден артық тірлік деп бағалады. 
Абай бұған да тоқтамады. Өзге елде өнер барын, енер деген таусылмас 
азық, жұтамас байлық екенін айтып кеп: 
- Ойлап, байқап қарасаңыз, осы дүниедегі бар, жұртты біздің қазақ шала 
біледі. Бір елді бір ел жақсы білсе, жақсы өнегесін де алар еді. Сонау адам-ата 
заманынан бері қарай бір елдің өнегесіне бір ел ортақ боп келген. Соның 
тапқанын бойына жапсырып, үлгі етіп, өрбіп өсіп келген. Біз болсақ, сол көп 
үлгіден кенде, көп өнерден кенже қалғамыз. Баяғы заманнан бері айықпаған 
жұт - сондай артта қалғандық салдарынан, - деді. 
Қадырбай мен Қуандық мына сөздің тұсында бір-біріне қарасты да, іштен 
ұғысқандай болды. Қадырбай өзге әкелердей емес. Баласына ақыл сала 
сөйлейтін және қыз бала демей Қуандыққа да сүйенетін тәрізді. 
Бұл кештегі ұзақ әңгіме мен кейбір жарыссөздер ылғи ғана сол жаңағы 
«ел», «елдік» деген жайдан болды. Сонда, кәрі ақын жас жігіттен неше алуан 
соны сөз есітіп кеп, іштей қатты толғанып қалды. 
Әншейінде қандай үлкендермен кездессе де оңай ұғысатын жайлар бар еді. 
Сол баяғыда шешіліп қойған, «айдан айқын» деген сөздің барлығына мына 


 
241 
жігіт басқаша қарайды. Дау айтады. Айтқанда, тауып айтып, тізе көрсетіп 
тоқыратып кетеді. 
Келесі күні қымыз үстіндегі мәжілістерінде осы әңгімелер және де 
сөйленді. Қуандық дауға араласқан жоқ. Бірақ бүгін ол Абай сөздерін көбірек 
қостайтын болды. Әкесінің кейбір дауларын қабыл алмай күледі де: 
- Әке, қонақтың сөзі ұтымды ғой, - деп қояды. Тағы бір кезде «осы сөзге 
тоқтау керек-ау!» деп те қойды. 
Бұл тұс Абайдың кешеден бергі әңгімені екшеп кеп тоқыратқан жері 
болатын. 
Бүгінгі елдің тірлігін, кәсібін көп сынаған Абайға, Қадырбай жаңағы бір 
кезде: 
- Ендеше өзің не дейсің? Елді бұдан бұлай немен ел бол дейсің? Сынадың, 
мінедің ғой! Ал енді, шығар жолың бар ма? Соныңды атап көрші! - деген. 
Абай осыған орай: 
- Елге өнер, білім керек. Оқу, тәрбие керек. Ендігі заман кең жайылыс, ұзақ 
өріске сеніп, қалың ұйқыны қуат біліп жататын заман емес. Өзге өнерлі елден 
оқып, үлгі алудың заманы, - деген. 
Бұл байлау Абайдың осы дау үстінде тапқаны емес, көптен бергі оңаша 
ойларының сарқып келген жері. «Ел үшін сол керек және әсіресе, өзі үшін де 
жалғыз жол, даңғыл жол - сол!» деп білген болатын.
Қадырбай оқу, тәрбие ата мен бабаның тәрбиесі. Балаға соны білмек, 
бәрінен де асыл деп, дауласа бастап еді, Қуандық сол тұста жаңағы өз байлауын 
айтқан, 
Осыдан кейін Қадырбай өзі де тоқырап қалып, қайта ойланды. Ойланып 
кеп, үндемей отырып барып, ақырыңда: 
- Шынға бақсақ, сенің сөзің әділ екен, балам. Бетің де, арманың да 
көкейіме қонады. Ендігі заман солай болса, болғаны-ақ! Сенің айтып 
отырғаның осы өз буының мен келер ұрпақтың тілі болар. Тек, бірақ кімге 
барасың? Үлгі-өнегесін қайтіп аласың? Сол жолда заман адастырмаса болғаны 
да! - деп, сөзін аяқтады. 
Қарт ойша көп қарсыласты. Бірақ байыптап барып, шын мақұлдады. 
Осыдан кейінгі екі күн, екі түн бойындағы әңгімеде Абай Қадырбаймен 
дауласқан жоқ. Бірақ аса бір ықыласты, ұғымтал тыңдаушы боп отырып, ылғи 
ғана Қадырбай көрген ақындар жайын сұрастырған. 
Қадырбай бұл мәжілістер тұсында даңғыл жолға түскендей боп, жазылып 
кетті. Кейде соқтырып, өлең айтып кетеді. Өзі жаңылып ұмытыңқырап қалған 
жерлер болса жалт етіп Қуандыққа қарайды. Әрі сұлу, әрі майда мінезді 
Қуандық әкесінің мүдірген жерлерін тез айтып, есіне түсіріп жібереді. 
Бұрын талай естіген сөздерін әлі де құмарланып, сүйсініп тыңдаған ажар 
көрсетеді. Жалғыз айтыс-талас сөздер емес, елдің мұңын-шерін айтқан ойшыл 
ақындардың сөздерін де Қуандық жақсы ұққан екен. 
Қарт ақын әр сөзінің тұсында әлдебір ертегіндей алыс ақын Садыққа соға 
береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше көрінген сол Садекең екен. 
«Көргені мен білгені ұшан-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жеткізгенінің мың да 
бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!» - 
деп сөйлейді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет