196
Осы түнді тынымсыз қарбаласпен өткізген үлкен ауыл, таң сарғайып
атысымен, тағы бір үлкен көшті жөнелтті. Арасында үлкен үйлері, қостары,
ұранқайлары бар - жиыны сегіз үй, ас ошағының басына тігілетін боп кетті. Ас
пісіргіш еркектер мен қатын да, отыншы, сушы қызметшілер - баршасы да осы
көшпен жөнелді.
Күн шығып, ел тұрған соң, кең пәуескені үш атқа жеккізіп, қасына Айғыз,
Сары апаң, Қалиқаларды алып Ұлжан да жүрді. Артта қалған ендігі іс -
сойыстың малы. Соны таңдап ұстатып алып, Қазбалаға тез жеткізу бар. Абай
мен Ызғұтты қастарына үш-төрт жігіт алып, сол шаруаға қалған.
Бойдақ жылқыны ауыл қасына ерте айдатып келіп, Құдайберді, Ызғұтты,
Абай -үшеуі ат үстінеи түспей жүріп, түндегі
аталған он байталды іріктеп
таңдады.
Әрқайсысы әр айғырдың үйірінен белгіленген. Бұл байталдың бәрі де,
өмірі жүген, құрық тимеген шу асаулар. Көп мықты жігітті қашаған қуғыш
бедеулер мен жүйрік ат-айғырға мінгізіп, қолдарына ұзын құрық, мықты
бұғалық беріп, асауларды ұстауға кірістірді.
Жайын құландай безіп қашқан байталдар оңай ұстатқан жоқ. Бірнешеуі
жеткізбей жосып, әлек етсе, кейбіреулері мойындарына түскен құрықтарды
жұлып әкетіп, бар жылқыны үркітті. Ауыл үстінен
қашқандарын иттер куып,
Ботақан бойы азан-қазан болды.
Жігіттердің көбі астарындағы аттарын қан сорпа қып, өздері де талған
кезде, жеті байтал ұсталып болды. Енді, бір жирен, екі құла байтал шығанға
шығып, мойындарындағы бұғалығымен босып жүр.
Олардың соңына Масақбай түсіп, сойылдап ұрып жүріп, қорқытып әкеп,
қалың жылқының ішіне тықты. Сол кезде барлық аттылы-жаяу тұрған жиын
байталдардың мойнында сүйретіліп жүрген арқандарға үштен, төрттен
жабысып, табандап жатып алысты. Сүйтіп, соңғы қашағандар да тегіс ұсталды.
Шыңғырып
бұлқынған жас асаулар, түздің тағысындай арпалысса да,
бастарына тегіс ноқта киіп, мойындарынан қосақталып, Қазбалаға қарай кетті.
Жиырма еркек қой да бұл кезде жарым жолға барып қапты.
Керегінің бәрі түгелденген соң, Абай мен Ызғұтты да жортып отырып, ас
басына келді.
Аталған жерлерге қонақ үйлер де, ас үйлер де тігілген екен. Іштері де
реттеліпті. Әр үйдің күтуші жігіттері өз үйлерінің жанынан табылды. Үй
басына екі босағаға екі-екі үлкен саба орнаған екен. Абайдың артын ала, ілес
келіп жатқан қымызшылар үлкен-үлкен мес пен сүйретпелерді толтырып әкеп,
жаңағы сабаларды кезек-кезек күрпілдетіп пісіп жатыр.
Ұлжан да өз міндетіне сыбана кірісіпті. Ол ас ошағын Қазбаланың суына
жақындатып қаздырып, мал сойғызуға кіріскен екен.
Жиырма шақты жігіт
биелерді ақтармалап сойып жатқанда, Ұлжан тағы бір топ жігіттерді алып,
жиырма қойдың он шақтысын Қазбаланың жағасына апарып, әр жерде қалың-
қалың от жаққызып, үйіткізіп жатты. Мұнысы ас пен тойда көп қонаққа
істелмейтін сый. Бірақ, Ұлжан семіз жылқы еті мен жас қойдың етіне үйіткен
қойдың дәмді құйқасын да араластырмақ бопты. Бейнет те болса, Абай
үйлерінің ажарын арттыратын болды. Дәл нағашылардың ішіндегі үлкендеріне
арнап, екі кебеже сүр де әкелгізген. Қыстан қалған бар ескі иіс осы болатын.