190
- Немене, Байсалдың дауын айтар тіл, жақ жоқ деп пе ең? Қыстауымды
қайырмай, қасарысып отырғанын да қостарсың сен!?
Абай қайтқан жоқ. Үні қатқыл шықты.
- Қыстау - жайлау емес қой.
- Қыстаудан жайлауға көшетін кекесін болмай ма екен?
- Ендеше түп-түйінді айтады екеміз. Сонда
қыстау жайындағы ашудың өзі
әделет пе?
- Әделет, сенің ойыңша, біреудің басына күн туса, соның орнын тартып алу
ғой?
- Тартып алғыштың басы, шынға келсек, Байсал емес, өзіміз ғой. Байсал
алушы емес, алынушы боп келмеп пе еді бұл күнге шейін? Әмір бойы бір-ақ
қыстау сұрап емінгені өзіңіз емес пе едіңіз? Сол
бір қыстаудың зарынан кеше
сіздің қасыңызға еріп, қолыңызды қостап, тіпті анау Бөжейді сабасуға да
барғаны қані? Байсалға тиген бір қыстауды қуған - зорлық. Содан ұшқындап
кеп, мына... - дей бергенде, Құнанбай Абайды тоқтата берді. Бірақ,
алғашқы
ашулы үні бәсеңдепті
- Жә, сурылма!.. Менімен жарыса түспек пе ең? - деді. Абай бұған аз
іркілді де:
- ...Мына жайлауда бөлінбеген бір елдің көдесі үшін түс шайысу тіпті жол
емес! - деп тоқтады.
Бұрын Абай әкесіне осындайлық ел жайындағы сөздерді айтқанда, көсіліп
сөйлей алмай, күрмеле беруші еді. Тілі де тұтқыр тарта беретін.
Құнанбай баласының бұл жолғы үнін өзгешелік көрді. Үй ішіне айнала
қарап, байқап еді, Зере, Ұлжан да қалт қарап, қадала тыңдап отыр екен. Жаңағы
сөз жалғыз Абай сөзі емес пе, әлде? Құнанбайдың бетіне батып айта алмаса да,
сырттан бар жақын, бар туысқан осылай десе ме екен? Осындай ғып
ойландырған сұрақтармен Құнанбай тоқырап, үнсіз отырып қалды.
Аздан соң
тынышсызданып қозғалақтап барып, көлбей түсті. Шынтақтап, жантая берді.
Абай биік төсектен жастық әперді. Құнанбай сол жастықты қолтығына басып,
Абайға сыртын беріп, ойға түсіп қалып еді.
Алғашқы сөзіне қарсы дүрсе қоя берген ашуды көрмеген соң, Абай тағы
бір сөз бастады.
- Үй
іші болсын, бала-бауыр болсын, өз ойындағы мақұл дегенін сізге
айтуы шарт қой. Айта алмай жасырып қалса, лайық па? Сіздің де естіп білуіңіз
лазым ғой!
Діндәр әкеге кітапшылап сөйлесе, парыз, уажіп деген сияқтыны еске алуы
мүмкін. Бұл есебі дұрыс болған сияқты. Құнанбай Абайға қырындай қарап,
ендеше айт дегендей ілтипат жасады. Абай енді бөгелген жоқ.
- Тағы бір жайды айтуға рұқсат етіңіз. Ол мына Бөжейдің асы туралы. Бұл
жөнде біз ада қылмаған ағайын міндеті көп. Жалғыз-ақ, енді мынау ас жалғыз
Жігітекке сын емес. Бірнеше дуанның еліне сауын айтып отыр. Ағайынмен,
адаммын дегеннің бәріне сын. Өлімінде оқшау қап ек, енді тым құрымаса,
мынау асына ат салысайық! - деді.
Құнанбай өткен жылдың ызасын еске түсіріп:
- Мен қайтейін! Кел демесе кимелеп барам ба? Барып тұрып, былтырғыдай
кеудеге қақтырам ба? - деді де, бұл сөзді жақтырмағанын сездірді.