184
Абай әлі күнге Ділдә мен тіл қатысқан жоқ. Бір-бірінің жүздерін де
жақсылап көріскен жоқ. Жалғыз-ақ есіктен келіп, шымылдық ішіне кіріп, Абай
қасына отыра берерде ғана Ділдә өз бетін ашпай, Абайды сығалап көріп қалған.
Онда да бір-ақ сәтке көрген.
Үй іші сейіле бере, жаңағы шаш сипарды алған жеңге Абайға:
- Жә, енді біз төсек жайлаймыз. Сен біраз тысқа шығып сейіліп кел! - деді.
Абайға бұл сөз, біртүрлі түрпідей тиген қатты тұрпайылық сияқты көрінді.
Бірақ, бөгелген жоқ, атып тұрып, тысқа шығып кетті. Үй маңынан барлық жұрт
арылыпты. Күйеу жолдасы Ерболдар да кетіп қапты. Абай жалғыз. Түн жарық
емес, бұлты бар ма, тастай қараңғы екен. Күйеу жігіт жапа-жалғыз аяңдап,
ұзаңқырап бара жатты.
Ділдә да жолдас қыздарынан арылған. Жаңағы екі жеңгемен бірге қалған
еді. Оны бір жеңгесі ертіп, бөлек шығып кетті де, екінші жеңге үлкен төсекті
бұзып, шымылдықты түсіріп, орын сайлай бастады. Ділдәні ертіп шыққан ең
жақын жеңгесінің бірі болатын. Ол қалындықты құшақтап ап:
- Ал, еркем, күйеу қалай екен? Ұнаттың ба? - деп сұрады.
Ділдә қымсынған жоқ:
- Қайдан білейін? Бір жуан қара ғой! - деп ап-ашық қомсынғандай сөйледі.
- Қой, байқамағансың ғой. Қара торының әдемісі ғой! - деп, жеңгесі
жұбаныш айтты.
Жалғыз кеткен Абайдың көңілі қазірде біртүрлі ен-жар. Жүрегін
әлдеқандай реніш, өкініш басқандай. Өзінен-өзі суық тартып, сұлқ түсіп,
жүдеңдеп барады.
Барлық осы күйеулік жәйін лезде қайта шолып өтті. Мол дүниемен,
салтанат, нөкермен құда, күйеу боп келісті.
Мұнда да қонақ асы, күтім, той-
жиын, сән-салтанат олқы емес. Өңшең ынтымақ. Мол тілек, жағалай бата. Бәрі
де кім үшін? Екі жастың бағы, қызығы үшін дейді. Бірақ енді бағып қараса,
олар үшін емес. Сол үлкендердің өз ойларындағы сыпайылық, сыйластық,
дәстүр үшін.
Ал, Абай мен Ділдә болса, әлі тіпті пішіндерін де көріскен жоқ.
Бірақ
үлкендер үшін ол тіпті ойландырар да іс емес. Күйеу мен қалыңдық ең алғаш
біліскен, көріскенде, анау салынып жатқан төсекте ғана білісу керек.
Абайдын оқыған кітабы көп. Ғашык дос, асыл жар дегендер бұның әлі
күнге дақсыз келген жүрегіне соншалық бір биік, пак заттай көрінетін.
Шұғыласына тал бойын ұйытқан, ой-қиялын сондайлық мүшкіл
еткен Тоғжан
өзі қаншалық алыста. Бұлт құшқандай, шарықтап елестемеуші ме еді?
Ендігі бұның жары осыншалық сөлекет ырымдар, үйреншікті дәстүрлер
ішінде, бұған соншалық арзанға келгені несі? Екеуін малша табыстырып тұрған
қолдар не деген сөлекет? Неткен сезімсіз тұрпайы? Абай осы ойларға жеткенде
көңлі қатты жабығып, іштегі қиял мекені ойран-асыр боп, құлағандай көрінді.
Жүректе де әлдебір нәзік сұлу шырақтар күрсініп өшкендей болды. Аяғы қайда
басқанын байқамағандай екен. Сыбдыр есітті. Қараса, бағанағы жеңгенің бірі
іздеп кепті.
Күліп, қалжың етіп:
- Немене, қалыңдығыңа бұлданып жүрмісің? Неге сонша күттірдің? - деді
де, үйге қарай алып жүрді.