180
Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше шатырдай аппақ екен. Ішінде
жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп, бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері
көрінбейді. Уықтың қарына шейін жағалай тұтылған, ылғи су жаңа жібек кілем.
Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл, жасыл
көрік беріп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат мақпал мен
оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе,
кестелі жастықтар. Үлкен бұйымынан - оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес
қатардай жібек көмкерудің үстіне құстөсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер
жиналыпты. Көкшіл-қызғылт еңі бар шілтері шымылдық биік төсектің жоғары
жағын перделеп тұр.
Абай осы төсектің алдына кеп отырғанда, екі
жағынан Ерболдар отырған
жоқ. Балдыздар, құрбы қыздар, қайынбикелер отырды.
Солардан жоғары таман Ербол, Жұмағұлдар орналасты. Олар да бірыңғай,
өкшелеп калмаған. Орталарына үлкен сырғалы, кәмшат бөрікті кекселеу қыздар
араласып отырысқан екен.
Күйеулер осылайша орналаса бергенде, жаңағы бірге келген келіншектің
үшеуі кіріп кеп:
- Шымылдық, шымылдық түсір! - десті.
Абай қасындағы аққұба қыз атып тұрып, атлас шымылдықты сусылдатып
түсіріп жіберді. Сүйткенше, әлгі келіншектер есікті шалқасынан ашып:
- Кіріңіз, кіріңіздер! - деп, тысқа дауыс берді де, күйеулер жаққа қарап: -
Ал, балалар! Үлкендер! Енелерің келеді! - деді.
Абай, Ербол, Жұмағұл және қастарындағы бар қыздар орындарыңан ілезде
тұрысты.
Шымылдық түсірулі. Үй ішіне үш үлкен әйел кірді.
Ортадағысы Абайдың
үлкен енесі - Алшынбайдың әйелі, семіз, қара бәйбіше.
Қасындағы орта жаста, ақ сары әйел - Абайдың өз енесі, Түсіптің қатыны.
- Ал, шешелер, көрімдік!
- Көрімдік кәні!
- Болмаса, балаларыңды көрсетпейміз, беті ұялады! - деп, алғашқы келген
келіншектер, күлген бойларында, шымылдықтың шетін ұстады.
-Алыңдар! Көрімдік сендердікі! Бірақ бізге баламыздың жүзін көрсетіңдер,
алыңдар! - деп, үлкен бәйбіше қолына шашуын алды. Сол сәтте атлас
шымылдық шалқая ашылды. Күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр
екен. Үлкен бәйбіше:
- Өмір-жасың ұзақ болсын!
Алдыңнан жарылғасын, қарағым! - деп
шашуын шашты. Лақтырғаны бір табақ өрік, мейіз, кәмпит.
Өздері осы ауылдың балалары болғандықтан иілмей Абайларға күле қарап
тұрған қыздар, шашуды теруге тап берісті. Күлісіп, таласып алып жатыр.
- Қадамың құтты болсын! Қызығың ұзақ болсын, қарағым Абай! - деп,
Абайдың өз енесі де тілеуін айтты. Күйеулерінің жауап айтуы шарт емес. Олар
үндемей сызылып қана тұр.
Сол кезде екі ене жақындап кеп Абайдың бетінен сүйді де, көп бөгелмей
шығып кетті.
Абай бұл кеште өзінің өзгеше халына үйрене алмай, қатты қысылумен
болды. Ұзын тымақ та көзіне түсіп, терлетіп мазасын кетіріп отыр.