Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет98/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
199 
айтысып «Бала ақын» деген ат алып сол Садақты өлең, сөзде мүдірткен осы 
Қадырбай болатын. Оның көп өлеңіне Абай қанық. 
Бірқатарын жатқа біледі. Өз қонағының ішінде Қадырбай болғанына Абай 
дән ырза болды. 
Қадырбай болса, бағана түсер жерден-ақ, бұларға арналған үй - Құнанбай 
үйлері екенін білген-ді. Арысы Тобықты, берісі Ырғызбай ішінің қатын-
баласына дейін білетін Сыбанның бірнеше сөзуар кісілері тек отырған жоқ. 
Бағана кештен бері тысқа шығып, қастарындағы күтуші Ерболдармен сөйлесіп, 
осы он үйдің жай-жапсарын, күтуші иелерін де Қадырбайларға мәлім еткен. 
Қадырбай өзі де келгеннен бергі сар қымыздан, дастарқан мен ыдыс-аяқтан, 
шай үстіндегі тәтті-дәмдінің молдығынан әр жайды топшылап отырған. Әсіресе, 
түрілген жас қазының қатарында жүрген үйіткен қойдың етінен - мынау үйдің 
сыйын өзге үйлердің сыйынан басқаша деп бағалаған. Ас атаулының бәрінде 
болатын жалпы құрғақ сыйдан бөлек жатыр. 
Енді осы сыйды басқарып жүрген Құнанбайдың бір жас баласы деген соң, 
Қадырбай сол бала өз қастарына келгенде ілтипат жасады. Абайға: 
- Бері кел! Отыр, балам! - деп шақырып ап, өз қолынан қымыз ұсынды. 
Қызғылт қоңыр сақалы бар, келбетті, ақсары Қадырбай Абайға аса бір 
келісті кісі көрінді. Бұл қонақ Абайдан әке-шешелерінің саушылығын 
сұрастырды. Көрсетіп жатқан сый-құрметіне алғыс айтты. 
Абай өздігімен сөйлемей, тек қана Қадырбайдың сұраған сөздеріне жауап 
беріп отыр еді. Жауапты қысқа болса да, байыпты, орнықты ғып айтады. Жас 
жігіттің түс-тұлғасын Қадырбай ұнатты білем, тағы да сөйлеткісі кеп: 
- Осы Барлас ақын маған бір әңгіме айтып еді. Күнекеңнің оқудан қайтқан 
бір жас баласы бар екен. Өзі өлеңқұмар екен. Ұлжаннан туған. Зеренің 
қолындағы баласы десе керек еді. Сол әлде сенбісің? - деді. Абай ұялыңқырап 
күлді де: 
- Барлас ақынның біздің үйге кеп азырак қонақ боп кеткені бар еді, - деп, 
Қадырбайдың жүзіне тура қарады. 
Қадырбай күлімсіреп қойып: 
- Балам, ендеше сен көңіліңе алма, әкеңмен мен құрдаспын. Сондықтан 
еркін сөйлей берем. Айтпағым: өлең дегенді аса бір сүймейтін кісі сенің әкең 
еді. Сен неғып өлең сүйгіш боп жүрсің? Осының жөнін айтшы? - деді. 
Үй іші Қадырбайдың қалжыңына күле бастады. Абай өзі үй иесі 
болғандықтан сыпайылық жасап, аз сөйлермін деген. Бірақ мына Сыбандар шет 
елдің адамдары сияқты емес. Тобықтының өз ауылдарының адамындай кең 
отыр. Жауап айтқысы да келеді. Айтар сөзі де даяр сияқты. Тек қонақка кеп 
отырған үлкен кісімен жауаптасса, әдепсіздік болар ма екен? - деп екі ойлы 
болды. Өзі байқамастан тамсанып, басын шайқап еді. Қадырбай шалып қалған 
екен. 
- Кәне, бірдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт! - деді. 
- Ендеше, Қадеке! Әкесі құрдастың баласы құрдас дейді ғой. Оғат айтсам 
ғафу етіңіз! Бірақ аса бір көңілі керен кісі болмаса, өлеңді сүймейтін жан бола 
ма? Менің әкемнің де сүйетін өлеңі болар. Жалғыз-ақ сіздің есіңізде қалғаны, 
әлгі бір «Шұбарым, арғымағым, кер маралым, өз заңынша болкендік 


 
200 
жандаралым!» - деген өлеңді жақтырмай, сынап сөйлеген сөзі болмаса! - деді де, 
ақырын күліп қойды. 
Үйдің іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты 
қарқылдап күліп жіберді. 
- Япырай, мына баланың өзіме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгімені естіген 
екенсің-ау, ә? - деп, үй ішіне жағалай қарады. - Мынаның айтып отырғанын 
көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Күнекең 
соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп, сын айтып еді. Балам, 
сен дауыңды тауып айттың! - деп, тағы күлді. 
Абай осыдан әрі үндеген жоқ. Тегінде соңғы кезде барлық үлкендерге 
талас сөзде соқтығынқырап сөйлегенді қатты ұнатушы еді. Өзі қоймай 
сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкінген жоқ. 
Қайта мұндайдағы қатқыл көңілі бір ырзалық тапқандай болды. 
Бұл үйдегі қонақтар ұзақ отырып, кеш жатты. Орындарын жайластырып, 
тегіс жатқызып болып, түңліктерін жапқызып, Абайлар ас ошағына қарай 
қайтқанда, жаздың қысқа таңы сарғайып атып келеді екен. 
Қазбаланың түстік жағындағы үлкен қоңыр биіктер бозғыл тартыпты. 
Жұлдызы сиреген көкшіл аспанда Тезектің қарашоқысы айқындап көрінді. 
«Таң келедіні» бұл атраптың қатпарларына, ұйқысы қалың көлеңкелі сай-
саласына елдің алдымен сол мәлімдеп тұрған тәрізді. 
Абай, Ербол, Ызғұттылар ас үйлерге жақындай беріп, өзара күңкілдесіп: 
- Қазір таң атады. Бүгін ұйқы бола қоймас! 
- Ұйқыны қояйық! 
- Отын-су ерте қамдалсын. 
- Қымыз! Қымыз кешікпесін! Бар үйдің де сабалары сарқылып қалды. 
-Ұйқыны қойып, тез қам қылайық! - десіп, келесі күннің қамына жұмылды. 
Келер күн ең ауыр күннің өзі болды. Астың дәл үлкен күні осы. Абайға 
тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ. 
Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде, 
барлык он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, 
көлденең қараған елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді. 
Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-
тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. 
Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, 
өлке бойы жайнап кеткендей болады. Нағашыларға арналған күтімнің қапысы 
жоқ, оқшау сый болды. 
Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен 
ақбоз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолыңа үлкен биік ағашқа 
орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін 
деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ. Астың қалың думан, 
қызу ордасы қайнады. Әңгіме, дүкен қарақшы айналасында болады. 
Байсалдың хабарын құлақтана салысымен, барлық жұрт аттарына ұмтылды. 
Жал-құйрығы сүзілген бәйгелер де киікше басып, ойқастап шықты. Аз уақытта 
қалың ел ат үстінде әзір болды. 
Жиынын Абай тегіс болжай алмады. Ол атқа мінбеген, мінбекші де емес. 
Өйткені мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдің адамдары болғандықтан, 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет