Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет83/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
168 

Осы көктемде Абай көңілі бар дүниенің дырдуынан, бар адамның реніш
қуанышынан оқшау кеткен, оңашаланып кеткен бір өзгеше құпия сырдың 
соңында еді. Сол сырына Абай бар жүрегімен, бар қиял сезімімен шомған 
болатын. Домбырамен, хатпен де талай шыншыл жыр айтты. Жыр емес, жас 
жүректің тебіреніп толқыған сырын айтты. Бірақ, ол ғана емес, айтылған жыр аз 
ғана. Айтқанының бәрі, көңілінің бары емес. Әлдеқайда бері жатыр. Егер 
көкірегін ақтарып, іште барын көрер, тыңдар, ілтипат етер жар болса, айтылып 
болмас, тілмен жетпес әсем саз, шерлі наз сонда жатушы еді. Ойда барын 
жеткізе алмай, кеудеде тыныс біткендей кұста болған шағында, Абай қатты 
сенделіп қиналып кетіп: - Япырмау, қайтем енді? Қол шорқақ, тіл мақау! - 
дейтін. Көңіл сезгенін, тым құрса өзгенің көзін иландырардай қып айта 
алмағанына күйеді. 
Сол айтылған, жазылған жырлар әлі күнге Абайдың өзінде, өз бойында. 
Аталған, арналған жеріне бірде-бірі жеткен жоқ. Үміт бар ма? О да жоқ! Тек 
жалғыз шерленіп, тебіренеді. Тек жалғыз қиял медеуі құлаққа кеп ап-айқын 
соғып, бір жақындап, бір алыстап кететін шолпы сылдыры. Атқан таңның 
аққызыл шапағындай, үлбіреген алқызыл шұғыласы. Көз алдынан сол жүз 
кетпейді. Ұмыттырмайды, тастамайды. 
Күн жылынып, қар кетуге айналып, мейрімді анадай жарқыраған жақсы 
күн келгенде, Абай тақат қыла алмай, атын ерттеп міне сап, бет қараған жаққа 
таман жортып кететін. Болымсыз сылтауы сары тазы. Ауылдан шығып ап, 
кейде ағызып, шауып жөнеледі. Қоянға тазының өзі іздеп жүріп кездеседі. Абай 
оның әрекетін әрберден соң ұмытып та кетеді. 
Кейде сары тазыны жоғалтып алып, анда-санда есіне бір-ақ түсіріп, 
айғайлап шақырған болады. Тазысы қалың қорық ішінен кей уақыт қоянды 
айдап шығып жазыққа шығарып, көсілте қуғанға да, Абай аңырып
түсінбегендей боп, сілейіп қарап тұрып қалады. 
Тағы бір кезде, көз алдында қоянды ұйпалақтап, жетіп соғып, тосып тұрған 
тазыға қарамастан, қасынан салғырт өте береді. 
Әдетте иесі түсе қап айрып алатын еді, жегізбейтін еді. Сары тазы енді 
таңқалып тұрып, ақырында Абай ұзап кете бастаса, тынышсызданып, үре 
бастайды. Оның да әсері болмайды. Тазы бұл мінезді тіпті түсінбей, аласұрып, 
мазасызданып иесіне бір ұмтылып, қоянға қарай бір шауып, өз еңбегінің 
соншалық қадірсіз болғанына қатты қиналғандай болады. Абай бұл уақытта да 
шіміркенбейді. Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, 
жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-
қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды. 
Бірақ көңіліндегі күйінің желісін үзбейді. Ұзақ сұлу әнді елти сүйіп 
жырлағандай боп, ұсына береді. 
Қарсылай соққан қоңыр жел былтырдан қалған сар көденің басын изетіп, 
бұралып ессе, Абай тымағын алып, маңдайын төсеп, ұзақ тұрады. Шыңғыстан, 
Түйеөркеш, Қарауыл жақтан соққан жел де бір жақындық леп әкелгендей бола 


 
169 
ма? Бейіс үстінен соғып өткен райыс, шафқат желіндей еміренте ме? Рас, 
сүйткендей болады. 
Бір күні тағы да барлық пен бұлдыр арасындай, тірлік пен қиял арасындай 
бір түс толқынының құшағында жапа-жалғыз тұрғанда қасына бір салт атты 
желіп келді. 
Жапан түзде оқшау келген жолаушы Абайды селт еткізіп, оятқандай болды. 
Байқаса, бір бөгде адам. Жас жігіт. Абай өзі қорықтың шетінде бір қыратқа 
таман шығып тұр еді. Жат жолаушыға суық қарады. Бірақ анау жігіт жымиып, 
танығандан боп жылы ұшырап келеді. Жете бере, Абай атын атап амандасты. 
Абай енді ғана таныды. Тани сала, екі беті ду етіп, қып-қызыл боп куанып кетті. 
Бұл былтырғы Тоғжан аулынан қайтарда Абай танысқан Ербол екен. 
Өзінің кенет өзгергенінен Абай қысылып қалды. 
Бірақ Ербол мұның өзгерісін байқамаған екен. 
- Аң аулап жүрмісің? Итің қайда? 
- Ит осында... Жаңа осы шиде жүр еді... - деп Абай итін енді ғана есіне 
алып, артына қарады. 
Сары тазы бұл уақытта шиден шығып, жортып келеді екен. Ербол тазының 
түсіне қарай сала күліп жіберді. 
- Жарайды, аңшы-ақ екенсің! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен? 
- Қой, тоқ емес-ті!.. 
- Бәле, мынау не? Бүйірін қарашы! Жаным-ау, өзі не жеген? Жаңа ғана 
жепті? - деп, айнала қарап тұрып, төсіндегі қанды көрді де: - Өзің итіңнің аң 
алғанын да білмепсің ғой. Мынау қоян жепті ғой! - деді. 
Абай аздан соң тазыны сөз қылғанды қойып, Ерболды басқа әңгімеге әкетті. 
Қасынан жібермей көп жүріп, ұзак сөйлесіп, жылы сөйлесіп кеп, аулына 
шақырды. 
Ерболдың қолы бос, жай, ауыл қыдырып жүр екен. Абайға мейлінше 
көңілденіп ерді. 
Осы кездескеннен бастап, Абай Ерболды бес күндей жібермей, өз аулында 
қонак етті. Неше алуан ойындар ойнады. Әңгімелер айтысты. Кеш сайын ән 
салып, ұзақ сауық құрысты. Сол күндер ішінде Абай өз өлеңдерін де айтты. 
Ербол ендігі сырласы боп алды. Өмірінде алғаш рет осы жігітке Абай өз 
жүрегінің сырын ашты. «Тоғжанға білдір» деп ашты. 
Ербол осыдан соң, барлық Абай айтқан өлеңдерді жаттап ап, жас жігіттің 
жан сәлемін Тоғжанға жеткізбек боп жүріп кетті. 
Арада айдан созылған үш күн өткенде, Ербол Жидебайға қайта кеп, 
Абайды ертіп алып Шыңғысқа, Түйеөркешке қарай тартты. 
Абайдың жалғыз тілегі бір ғана оңашада жүз көрісіп сөйлесу болатын. Сол 
арманын Ербол апарып, әуелі Тоғжанның жеңгесіне, Асылбектің келіншегіне 
айтыпты. Сәлемге айтқан өлеңдерін айтып беріпті. Ол жеңге Тоғжанмеп 
барынша сырлас, тату болатын. Өмірінде әлі күнге қайын сіңлісі мен өзге 
жігіттің арасына делдал боп көрмеген-ді. Бірақ мынау жол оған да өзгеше 
көрініпті. Ербол да сөзге жүйрік, қолқасын өткізе білетін, отты, жұғымды жігіт. 
Әйтеуір сол жеңге мен Ербол екеулеп отырып, Тоғжанға Абайдың бар 
өлеңін естіртіпті де, ақырында, бір жол жүз көрісуге көндіріпті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет