167
Құнанбайлар бұған: «Қош, қош» десті де, шығып кетті. Өзгеше қонақтары
кетісімен Майыр атқып тұрды. Өзі де, қозғалысы да шып-ширақ екен. Басын
сілкіп, «дір» етіп, тағы біраз коньякты төңкеріп ап, іске кірісті.
Ендігі серігі осы үйдің
иесі Сергей, сол екеуі ертеден байлап қойған уәде
бойынша қораға шығып, Сергейдің бір кішілеу сарайын өртеді. Сарай ішінде
Майыр мініп келген үлкен шана, азын-аулақ қамыт-сайман және сол шана ішіне
тасталғап киіз, азын-аулақ жәшік және аса көп ескі қоқсық қағаз жанды.
Бұл істі білген, көмектескен Сергейдің пысық «дабернайы» Мишка
болатын.
Сергей өз қорасында осындай өрт шығарумен Майырдың жеген парасын
және заңға қарсы істеген қылмысын жапты. Бұл іс «еруліге қарулы».
Былтыр
Қарқаралыда қазнаның пұлын Сергей мықтап жеп барып, сынған уақытта,
Майыр осындай жалған өрт салып, өзі акт жасап, қол қойып, Сергейді кұтқарып
кеткен. Мынау - топас арам айланың бәрі соның орайы болып шықты.
Осы түнінің ертеңінде Сергей, өз қаласының белгілі жемқор дуан басына,
өздеріне мәлім жолмен куәлік жасатып, «қағаз өртенгенін» Майырға акт қып,
нықтап бекітіп берді.
Сонымен арада бес күн өткенде, Құнанбай бір бөлек, Майыр бір бөлек боп,
Омбыдағы көрпіске келді.
Көрпіс кеңсесі Құнанбайды осы келгеннен он шақты күн
шолақ-шолақ
тергеді де, ақырында айыпсыз тауып босатып шығарды. Майыр бар ісін жым-
жылас аяқтап алып, дуанына қайтты.
Сондай жолдармен ақталған Құнанбай Қарқаралыға қайта келгенде,
«сүйінші» тілеген шапқыншы Тобықтыға қарай ұйтқи шапқан. Құнанбай өзі
ауылға қайтуға асықпай, Қарқаралыда тағы да біраз жатты.
Мырзахан Омбы сапарын Алшынбай аулына және басқа сыр шашпайтын
тілеулестерге үлкен ертегі қып айтып жүрді.
Оның әнгімесінше, Майыр барынша қас еді. Қағазды, заңды көрсетіп,
Құнанбайға: «Мынамен құртам,
мынамен жоқ қылам, мынамен қайтіп
құтыласың?» деп табалап, мақтанып, жайып салған боп шықты. Майыр сондай
қастығының үстіне ақымақ, аңғал болып та әңгімелескен. Онысына сенбейтін
тыңдаушы болған жоқ.
«Тап солай» десіп, бастарын шұлғи-шұлғи иланып еді. Осымен қатар
Құнанбайдың «жүрек жұтқан ерлігі, айла-тәсілі» өзінен-өзі атамай-ақ әйгіленіп
жатты.
Бұл ертегі алғашқы шапқыншымен Құнанбай ауылдарына неше қабат
ұлғайып, өрекпіп жетті.
Майырмен және бар Қарқаралы ұлығымен қайта табысқан Құнанбай
көктемге шейін қайтпай жатып, енді ұлықтығын қайта қуды. Бірақ,
бұдан
былайғысы аға сұлтандық емес.
Қар кетіп, көк алғаш тебіндеп шығып, жер дегди бастағанда Құнанбай
Қарқаралыдан шығып, Тобықтыға қайтты. Ендігі қайтысында Тобықтының
старшыны Майбасарды орнынан түсіріп, соның орнына өзі сайланып қайтып
келе жатыр.
Бұл хабары да Құнанбай дуаннан шықпай-ақ ауыл-аймағына жеткен
болатын.