Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет60/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
122 
Кешірімі, мейірімі жоқ екенін Көкше неше жерде көрді, білмеймін. Бірақ 
Жігітек соның жоғын күнде кереді. «Кештім» дегенін бірде-бір көрмей-ақ 
кеттік қой! - деді. 
Жол бойында ешбір жерде Абайдың аялдағысы келмеді. Оңай емес, 
әлдеқалай емес, бүгін естігені ерекше. Байдалының аулынан ұзаңқырап 
шығысымен Қарабасқа: 
- Жүр, жарысайық! - деп тебіне жөнелді. Қарабас жарысты оншалық жақсы 
көрмеуші еді. Бірақ Қарашоқыға күн барда жету үшін қатты жүрмесе болмайды. 
Және бұның астындағы - ақтабан қара бедеу, қасқыр соққан жүйрік бие 
болатын. Аймаңдай аттан күйі де төмен емес. 
- Ал жүре ғой! - деп, о да жөнелді. 
Екі жолаушы ұзақ шапты. Аймаңдай ат пен қара бедеу кезек озысып, қатты 
желісіп келеді. Өзі озған кезде, Қарабас: «Тоқтайық!» деп іркіле берсе, Абай 
қуып жете беріп: 
- Тоқтама, жөнел! Жөнеле бер! - деп, атына қамшы баса береді. Қарабас өз 
ішінен: 
«Мына балаға Байдалы сөзі дөп тиді-ау! Шиырғып келе жатқаны сол-ау!» 
деп ойлаған. 
Күн бата берген кезде аттарын қан сорпа қып Қарашоқыға жетті. 
Ауыл сыртында кішкене тастақ төбе бар еді. Құнанбай Майбасар екеуі 
сонда отыр екен. Абай аттан түсе бере, шылбырын Қарабасқа тастады да аял 
қылмастан әкесіне қарай тартты. Құнанбай ауылдан қашық отырса да, 
бұлардың қатты жүріп келгенін аттарының сонау алыстағы ажарынан байқап 
еді. Қара бие ауыздығын шайнап, тыныштық ала алмай кермені сүзе тартып тұр. 
Құнанбай көзіндей, мал сырын бұлжытпай білетін көреген көзге сол белгінің 
өзі де жеткілікті. 
Бірақ ол жайға Құнанбай онша шіміркенген жоқ-ты. Тегінде, балаға ат 
қинайсың, шаруа күйзелтесің! - деп ұсақ мазасыздық жасамайтын. Сондықтан 
баланың біреуі аттың аяғын көтіріп немесе зорықтырып өлтіріп қойса да 
ұрыспаушы еді. Абайға мұндай дүниелік жайында ешуақытта тарлық еткен 
емес-ті. Қазіргі де қатты жүрістерін жай балалық, желік жарыс қой деп білген. 
Бірақ ол өз бетіне. Ал мынау Абай үйге кірмей, асыға басып дөң басына 
келеді. Жақындап келген уақытта әкесі қадағалап қарап еді. Баласының екі көзі 
от шашып, беті қызғылттанып, танауы да желбірей түседі. Барлық жас 
ажарында бал-бұл жанған бір құбылыс бар. Әншейіндегі салмақты, қоңыр баяу 
Абай емес. 
Баласы тақап келгенде, Құнанбай:
- Немене, балам? Неден ширықтың, жөніңді айтшы! - деді. 
Абай әкесінің төменгі жағына отыра беріп, өз ішіндегі көңіл күйін дәл 
тапқанына қайран қалды. 
Отырысымен көп күттірген жоқ. Бүгін Байдалыдан есіткен сөздерді 
бұлжытпастан, жалғыз түйірін қалдырмастан түгел айтып шықты. 
Әкесінен көз алмай қарап отырып сөйледі. Құнанбай басында мұны аса 
салқын тыңдады. Тек «Жігітекті жаныштаудан тоқтамады ғой!», «босаспады 
ғой!» деген сияқты Байдалы дауына жеткен жерде ғана қабағын лезде қатты 


 
123 
түйіп ап, Абайға тіксіне қарады. Баласының өзін барлап: «Осының өзі қандай?» 
дегендей. 
Абай әке көзінен жасканған жоқ. Байдалының дауын соншалық зілді
ұтымды күйде айтумен қатар, мына бала өз сұрағын да осы араға қосып 
отырған сияқты. Әке мен бала ең алғаш рет шындасып бет ашысатын белге 
келгендей еді. 
Бірақ Құнанбай өз баласы туралы екі ұшты болуын тез жойып, Байдалы 
сөзінің салмағына сөз салып кетті. Есітті, ұқты. Жалғыз-ақ түк шіміріккен жоқ. 
Ашумен демігіп, ернін шығарды. Өз байлауы өз ішінде. Жауап айтқан жоқ. 
Абай әкесіне осы сәлемді әкелгенде, тым құрса бір шешілер, бір сөйлесер деп 
еді. Ол болмады. 
Байдалының алғашқы сөзін естіртіп бір тоқтаған еді. Одан тың сөз тумаған 
соң Абай аз отырып, Байдалының соңғы әңгімесін айтты. Бұл Абайдың, әсіресе, 
«жауап айтар, не айтар екен?» деп асығып күткен жайы еді. 
Құнанбай баласының осы көңілін анық таныды білем. Қаратай мен 
Байдалы үшін болмаса да, өз баласы мен өз туысы үшін бір жауап керек. Ол 
тіпті аналардың орайын беру үшін, әсіресе, керек. 
- Қаратай жүйрік қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз 
топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де 
болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық - кісінің 
айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де 
болатын шығар! - деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау айтқан кісі жоқ. 
Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді. 
Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп: 
- Адам бенде ғой! Бенденің жоқ-жіті толған ба? - деді. 
Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. 
Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы 
сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан 
емес. Қабат-қабат шың сияқты. 
Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған, өз 
дағдарысымен кетіп еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет