Вирустар– ультрамикроскопиялық қатаң жасушаішілік паразиттер тобы, тек тірі ағзалардың (бір жасушалы және көп жасушалы) жасушаларында ғана көбеюге қабілетті. Олар адам, жануар, өсімдіктер, бунақденелілер, қарапайымдылар мен микроағзалардың ауруларының қоздырғыштары болып табылады. Вирустарды 1892 ж. Д.И. Ивановский темекінің теңбіл ауруын зерттеу барысында байқаған.
Д.И. Ивановский ауру өсімдіктің бактериологиялық сүзгіден өткен шырыны арқылы сау өсімдікке ауру жұқтыруға болатынын анықтады. Осылай ауру тудырушы ағзаның бактериологиялық сүзгіден өтіп кететінін көрсетті, бұл ағзалар «сүзілетін вирустар», сонан соң «вирустар» деген атқа ие болды.
Вирустардың басқа микроағзалардан ерекшеленетін мынадай қасиеттері бар: бактериологиялық сүзгіден өтіп кетуі; жасуша құрылысының болмауы; өсуге немесе бинарлы бөлінуге қабілетсіздігі; метаболиттік жүйелерінің болмауы, нуклеин қышқылының бір типінен – ДНҚ немесе РНҚ тұруы. Сонымен қатар, олардың көбеюі үшін тек нуклеин қышқылы ғана қажет; өзінің ақуыздарын синтездеу үшін қожайын – жасушаның рибосомасын қолданады; вирустар қоректік орталарда көбеймейді және қожайын ағзасында ғана өмір сүре алады.
Вирустар белгілі бір өсімдікте, жануарлар немесе микроағзалар – қожайындарында паразиттік әрекет етеді. Сондықтан вирустарды қожайын типінің негізінде топтарға жіктейді (соңғы кезде вирустардың құрылысы, олардың сыртқы орта факторларының әсеріне сезімталдығы және т.б. назарға алады). Вирустар топырақта көбеймейді, онда тек ұзақ уақыт сақталады (бидайдың, сұлы мен темекінің теңбіл ауруының вирусы, сақиналы дақ ауруының вирусы және т.б.) адамның және жануарлардың кейбір вирустары топыраққа түсіп, бірнеше ай бойы инфекциялық қабілетін сақтайды.
Фагтар – паразитті микроағзалар. Оларды 1915 жылы Ф. Туорт және 1917 жылы Ф.Д. Эррель бір-бірінен тәуелсіз ашқан. Фагтар негізінен көп бұрышты призма тәрізді басынан және өсінділерінен тұрады. Басының ұзындығы 60-100 нм, өсіндісі 100-200 нм жетеді. Призма тәрізді басы тәртіппен орналасқан капсомерлерден тұратын қабықпен қапталған. Басының ішінде бір немесе екі тізбекті ДНҚ болады, құйрығы жиырылуға қабілетті ширатылып орналасқан капсомерлермен қапталған ақуызды қармалауыш түрінде болады. Құйрығының негізінен 5-6 базалды пластинкалы аяқшалары болады. Осы пластинкалардан жұқа жіпшелер сорғыш мүшелер тарайды. Құйрығы арқылы ДНҚ фагтің басынан шығып зақымдалған микроағзаның жасушасына өтеді. Қазіргі кезде бактериофагтардың бактерияларға ену механизмі жақсы зерттелген. Фаг негізінен өзіне сезімтал бактерия жасушасына енеді. Сонан соң басындағы ДНҚ бактерияға өтеді де, фагтің қабығы жасуша сыртында қалып қояды. Фагтің ДНҚ-сы бактерияға өткен соң, бактерия бөлінуге қабілеттілігін жоғалтады, қозғалуын тоқтатады. Бактерияның метаболизмі фагтың ДНҚ–сы әсерінен қайта құрылады, яғни, бактерия өз жасушасының заттарын емес бактериофагтардың заттарын синтездейді, сөйтіп жасушада бактериофагтардың бөлшектері қарқынды түзіле бастайды. Соңынан бактерияның жасуша қабығы еріп, одан жетілген бактериофагтар шығады. Бактерияның бір жасушасынан жүздеген, тіпті мыңдаған бактериофагтарды пайда болады.
Бактерияны ерітуге (лизиске ұшыратуға) тек вирулентті фагтар ғана қабілетті болып келеді, бірақ сирек жағдайда бактерия жасушасы вирулентті емес фагпен жұқтырылады, демек фаг бактерия жасушасын лизиске ұшыратпайды, бірақ сонда тіршілік етеді. Инфекцияланған бактерия жасушасы бөлінген кезде түзілетін жас жасушалар инфекцияны тасымалдаушы болып қала береді. Мұндай бактериофагтарды - шамаланған деп, ал фагтарды тасымалдаушы бактерияларды – лизогенді деп атайды. Белгілі бір жағдайда бактериялардың лизогенді культуралары ішіндегі фагтардың көмегімен лизиске ұшырауы мүмкін. Мұнда фагтардың арнайы әрекетін атап өтуі қажет. Әрбір фаг микроағзалардың бір түрін немесе бір-біріне жақын түрлердің топтарын зақымдауға қабілетті. Бактериялардың Pseudomonas, Bacillus, Rhizobium, Streptococcus, Staphylocoсcus туысы, актиномицеттердің Strepzomyces туысы, микобактериялардың Mycobacterium туысын және т.б. лизиске ұшырататын фагтар белгілі.
Фагтар суда, топырақта және басқа да табиғи орталарда кездеседі. Кейбір фагтар медицинада аурулардың алдын - алуда қолданылады.