Балдырлар –хлоропластары бар, фотосинтез кезінде оттегі бөлетін эукариотты ағзалар. Біржасушалы, жіп тәрізді, колония түзетін (циноцитті) түрлері, сонымен қатар өсімдіктерге ұқсас таллом деп аталатын немесе көп қабаттан тұратын құрылым түзетін әлсіз дифференцияланған жасушалар мен ұлпалардан тұратын көпжасушалы түрлері де бар. Көп қабатты құрылым әр түрлі пішінді: қарапайым жіп, бау тәрізді жұқа жіпшелер, шар тәрізді, таспа немесе жалған жапырақтардан тұратын бұталар тәрізді болып келеді. Кейбір балдырларды тек микроскоптың көмегімен ғана көруге болады. Ал кейбіреулерінің мөлшері оншақты метрге дейін жетеді.
Жасушаларында цитоплазмасы, бір немесе көп ядролары, вакуоль мен фотосинтездеуші мүшесі - хлоропластары бар. Балдырлар әр түрлі пішінді және алуан түсті болып келеді, бірақ міндетті түрде хлорофилл пигменттерінен тұрады. Көптеген балдырлардың хлоропластарында айналасына крахмал жинайтын ерекше ақуыздық дене – пиреноидтары болады. Балдырлар крахмалдан басқа да полисахаридтерді, сонымен қатар моносахаридтер мен майларды синтездейді.
Балдырлардың көбеюінің үш тәсілі белгілі: вегетативті, жыныссыз және жынысты. Балдырлар табиғатта кең таралған. Оларды өзендерде, теңіздерде, мұхиттарда, батпақтарда, топырақтарда және басқа субстраттарда кездестіруге болады. Жер үстіндегі балдырлар топырақтың беткі қабатында, сондай-ақ топырақтың терең қабаттарында, ағаштардың қабығында, тастарда және т.с.с жерлерде мекен етеді. Кейбір балдырлар (жасыл немесе көк – жасыл балдырлар) саңырауқұлақтармен (аскомицеттермен) селбесіп, температура мен ылғалдылықтың жағымсыз жағдайларында дамуға қабілетті екі компонентті ассоциация – қыналарды түзе отырып тіршілік етеді.
Қарапайымдылар – топырақта кеңінен таралған, саны жағынан өте көп біржасушалы микроскоптық ағзалар тобы. Олардың мөлшері 5-20 мкм, жасушалары шар, сопақша, қысыңқы немесе бұтақталған пішінді болып келеді. Қарапайымдылар негізінен қозғалғыш және икемді, яғни, пішінін оңай өзгерте алады. Қарапайымдылар көбінесе паразиттер мен жыртқыштар болып келеді, алайда сапрофагтары да кездеседі. Олар жоғары сатыдағы өсімдіктердің өсуі мен дамуын ынталандырады. Қарапайымдылар өсімдіктерге тікелей жағымды әсерін тигізеді, мысалы, ризосфераны азотты қосылыстармен байытатын зат алмасу өнімдерін бөледі; күрделі органикалық қосылыстарды өсімдіктерге қол жетімді қарапайым түрге айналдыра отырып ыдыратады. Қарапайымдылар топырақта мекендейтін микробтардың тіршілік әрекетін, түрлік құрамын және санын өзгерте отырып, өсімдіктерге жанама әсерін де тигізуі мүмкін.