Т-лимфоциттерді розеткаларды түзу кешені әдісінде (Е-РТК) қой эритроциттерінің көмегімен анықтау. Т-лимфоциттерде
гетерогендік эритроциттердің беткейлік антигендерімен иммундық
байланысты қалыптастыра алатын қасиеті бар беткейлік мембрана
рецепторлары болады. Эритроциттер лимфоциттердің айналасында
орналасып, розетка тәрізді пішінді құрайды.
0,25 мл лимфоциттердің жұмыс қоспасына 0,25 мл 0,5%-ды қой
эритроцитінің суспензиясын қосып, 20-25 минут бөлме
температурасында ұстайды. Сонан соң 300-400 айналымда 5 минут
центрифугалап, +4ºС 15-18 сағат инкубациялайды. Пайда болған
иммундық байланыстарды буферленген физиологиялық ерітіндідегі
0,6%-ды глутаральдегид ерітіндісімен бекітеді. Зат шынысына
жасушалардың қоспасын енгізіп, ауада кептіреді. Препаратты метил
спиртімен бекітеді де, қарапайым гемотологиялық бояумен бояйды.
Препараттарды жасуша типтерінен ажырату үшін түсті екі
компонентпен бояуға болады. Эритроциттер - ақшыл-қызыл түске, ал
лимфоциттер күңгірт-көк түске боялады. Бұл жағдайда бекітілген
жағындыға 0,5% глицерин қосылған 76% этил спиртіндегі 1%-дық
«Эозин БА» ерітіндісін 10-15 см қалыңдықта енгізіп, дистилденген
сумен шайып тастайды. Содан кейін 0,3% «АзурІІ» сулы ерітіндісімен
30-40 секунд ұстап, дистилденген сумен шаяды.
Розетка тәрізді жасушалардың түзілуін иммерсия жағылған
микроскоптың көмегімен бағалайды. Үш және одан да көп эритроциттер
байланысқан жасушаларды санап, нәтижесін бағалайды. Олардың
проценттерін, жалпы лимфоциттердің санын және 0,001 мл қандағы
абсолюттік көрсеткішін анықтайды.