Патологиялық материал. Бактериологиялық зерттеуге өліктің
жатқан жағынан кесіп алған құлақты немесе құлақтан алынған қанды
жібереді. Құлақты кесіп алардан бұрын, оның екі жерін жіппен қатты
қысып байлайды. Сонан соң, екі байлаудың ортасынан құлақты кесіп
алады да, кесілген орынды қатты қыздырылған қалақпен күйдіреді.
Кесілген құлақты (жібін шешпей) 3%-ды бор қышқылының ерітіндісімен
дымқылдандырылған дәкеге, сосын целлофанға орап, темір жәшікке
салады. Қан аларда құлақтың кесіндісін алдын ала дезинфекциялағаннан
соң қан алады да, қан алынған жерді жалынмен күйдіреді. Қан қалың
қабатпен 3-4 зат шынысына жағынды жасалады да, ауада кептіріледі.
Өлікті сою кезінде сібір жарасына күдіктенсе, союды тоқтатып,
бактериологиялық зерттеуге көк бауырдың бір бөлігін жібереді. Сібір
жарасына диагноз бактериологиялық және серологиялық (ПР) зерттеу
нәтижелерінің негізінде қойылады.
Микроскопиясы. Патологиялық материалдардан жасалған
жағындылар Грам, Михин, Романовский-Гимза тәсілдерімен боялады.
Bacillus anthracis көлемі 3-10 мкм болатын, ірі грам-оң, жылжымайтын
таяқша. Олардың жасушалары жеке-жеке, қос-қостан немесе қысқа
тізбектер түрінде орналасады. Таяқшалардың бір-біріне бағытталған
ұштары сүйір, ал бос ұштары дөңгеленген болып келеді. Ұлпалардан
дайындалған препараттарда қоздырғыш таяқшалары капсуламен
қоршалған (66-сурет), қарапайым қоректік орталарда капсула түзбейді.
Қоректік орта өсінділерінен дайындалған жағындыларда
Bacillus anthracis стрептобациллалар түрінде кездеседі (67-сурет). Қоректік
орталардағы мен сыртқы ортадағы микроб жасушасының ортасында
спора пайда болады.