Автордың бейнесі – әдеби шығармадағы жазушының өз тұлғасының көріну қалпы. Автордың идеялық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері , наным-сенімдері, көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі бәрі кең, толық мағынасында, әрине, шығарманың өн бойынан, бүкіл құрылыстар бітімінен, идеялық-көркемдік сипатынан танылады [22,30].
Бұл жөнінен келгенде, Мырза Хайдардың лирикалық бәйіт-өлеңдері автор бейнесін сомдауға, оның ішкі жан дүниесін тереңірек сезінуге мол мүмкіндік береді, қаламгердің суреткерлік шеберлігін тануға көмектеседі.
Әрине, ғұмырнамалық шығармада автордың жеке тұлғасына мейлінше көңіл бөлінетіні мәлім, ал егер бұл эпикалық сарындағы көлемді эпопея болса, онда қаламгердің өзі туралы “ештеңе бүкпестен”, өмір тарихының әр кезеңін тәптіштей әңгімелеп беруіне жағдай бар. А. Байтұрсынұлы: “Өмірбаян жазудағы мақсат – белгілі болған адамның өмірі қалай басталып, қандай күйде өткенін көрсету» [25,399] деген болатын. Осыған орай, Мырза Хайдардың да жеке басына қатысты жақсылы – жаманды оқиғалар мен мінез-құлқындағы артық-кем қасиеттерін жасырмай жазып отырғанын көреміз. Мәселен, “Тарих-и Рашидидің” 41-42 беттерінде автордың ата-тегі, өскен ортасы, моғол ханының өз отбасыларына деген көзқарасы және Мырза Хайдардың жеке кісілік, кәсіби һәм жауынгерлік қасиеттері сипатталады.
Мырза Хайдар Саид ханның балаларымен өзтуыстарынан шеттетіліп, қатты қуғындалғанын жазса да,оларға деген қандастық, адами сезімін жоғалтпайды. Ағайындарының қатыгездігі туралы бәйітінде:
Сен жұмаққа бет алсаң, соңыңа ертіп халықты,
Кейбіреулер сен үшін дайындайды тамұқты, – десе, олар жайындағы өз ниетін:
Сенің шерің һәм құсаң – уайым, қамым ол менің,
Қаталдықтың өзімен сүйеу болып келгенің.
Көзің түсті – мен үшін соның өзі зор бақыт,
“Бұл да менің тұтқыным” деп білгейсің бір уақыт [10, 41 б.] – деген өлең шумағымен білдіреді. Жоғарыда келтірілген үзінділердің өзінен-ақ, Мырза Хайдардың қандай әулеттен шыққандығы, ғылым-білім мен кәсіптерді меңгеру жайынан, әскери істерге қатысы, сондай-ақ, өнері мен ақындық, жазушылық қабілетінің деңгейінен жеткілікті мәлімет береді.
Автор оқиғаларды баяндау барысында, өз кейіпкерлерінің образын тереңірек ашу мақсатымен өлең жолдарын да пайдаланып отырған. Мәселен, қаламгер Сайд ханның, мырза Әбу Бәкірдің, әкесі мырза Мұхаммед Хұсейіннің, Әбдірашид ханның образдарын кейіптеуде белгілі шығыс шайырлары Фирдаусидің, Сағдидің, Әнуаридің, Жәмидің, Бабырдың, Науаидың туындыларымен қоса, өзі біраз бәйіт, рубаилар шығарып, пайдаланған. Еңбектің поэзиялық бөлігін түрлі әдеби тақырып және жанрлары бойынша жеке тарауларға бөліп жазған едік. Сондай-ақ, «Мырза Хайдар және оның исламдық дүниетанымы» атты тарауда автордың саяси ұстанымын барынша дәйекті түрде қарастырдық, оның діни идеалдарын сопылармен қарым-қатынасына орай айқындадық.
Шығарманың басты ерекшелігінің бірі – Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымында жатыр. Екіншіден, Мырза Хайдар өз кейіпкерлерінің қадір-қасиетін, ішкі психологиялық ахуалын бейнелеуде, тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты өз көзқарастарын танытар тұста Құран аяттарын басты өлшем ретінде алады. Исламдық тұрғыдан баға береді. Бұл жалпы шығыс әдебиеті стиліне тән ерекшеліктің бірі.
Мырза Хайдар шығыс әдебиетінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі - «тәзминді» (қазақшалап айтқанда «кепіл сөз» деп аталады) пайдаланған. Бұл тәсілде автор басқа бір ақынның өлең жолдарын, мақал-мәтел немесе ел ішіне кеңінен тараған қанатты сөздерді өз ойын айқындауға, әсерлілігін арттыруға әңгіме арасында келтіріп отырады.
Шығарманы баяндаудың тағы бір стильдік ерекшелігі – «Тәлмиһ», қазақша айтқанда, ишаралау тәсілін пайдаланғанымен айшықталады. Негізінде «Тәлмиһ» көзбен ишаралау деген мағынаны білдіреді. Көркем шығарма ілімінде ақын, айтушы яки жазушы өзінің сөзінде не баяндауында бір хикаяға немесе Құран Кәрім аяттарына, хадиске яки халық арасында танымал болған өлең жолдарына сілтеме жасап, өз ойын қуаттай түседі. Автор «Тарих-и Рашидидің басталуы» атты бірінші тарауында Тоғылық Темір ханның ататегінің шежіресін тізбелеп келе, оның атасын Аланқуа деп атайды. Аланқуа Көріктің ұлы. Көрік пәк әйел болған. «Оның ішіне нұр сәулесі еніп, жүкті болатыны» туралы аңызды «Зафарнамеден» келтіреді. Көріктің күйеусіз жүкті болғанын Мариям ұлы Исаның күйеусіз-ақ дүниеге келгенін салыстыра мысалдап, сол оқиғаға ишаралайды. Онда: «дәл осылай Жебрейілдің дәнекерлігімен Имранқызы Мәриям да күйеусіз жүкті болған еді. Екі оқиға да Алланың құдіретімен болған жай» [10, 44 б.] деп түйіндейді. Осы тәріздес әдеби тәсілдер шығыс әдебиетінде «тәлмиһ» (ишаралау) деп аталады.
Оның шығармасында көрініс тапқан қазақ сөздері бүгін де сол күйінде, сол мағынасында пайдаланылады. Бұған дәлел ретінде «қоналқы», «сауын», «талқан», «олжа», «жар», тағы сол сияқты сөздерді келтіруге болады.
Қорыта айтқанда, Мырза Хайдар өз еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап қана қойған жоқ, сонымен бірге барлық ұлы ғалымдар сияқты өзі зерттеген тақырыпта жақсылық пен жамандықтың, білім мен надандықтың өзара мәңгі үзілмес егесін де баяндады. Ойшыл ғалым: «Парасатты ақыл - нағыз ерліктің жол сілтеушісі. Ақылдылық пен парасаттылықтың пайдасы оқ пен семсерден артық. Жебе қаншалықты айбатты болғанымен, нағыз жеңіске тек ақыл ғана жетелейді», - деп жазған. Сондықтан «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тарихи құндылығымен қатар философиялық тұжырымдары да өте маңызды. Шығарманың даналық сөздері Мырза Хайдардың шығармадағы философиялық ойлар мен орайласып жатуы да оның жазу стилінің ерекшелігін байқатады.
Достарыңызбен бөлісу: |