ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Орталық Азияның XVI ғасырдағы атақты тарихшысы, әдебиет майталманы Мұхаммед Хайдар Дулаттың (1499-1551) өмірі мен шығармашылығын зерттеу мен зерделеу әдебиеттану, тарих, философия, дінтану, лингвистика ғылымдары алдындағы үлкен міндет.
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің құндылығы оның қазақ тарихы мен әдебиетін және мәдениетін өткен түркілік дәуірмен, исламдық тарихи кезеңмен сабақтастыра алуы болды.
Тақырыптың өзектілігі. «Тарих-и Рашидидің» әдеби-көркемдік жағы әлі де болса толық зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Еңбекті зерттеген ғалымдардың көпшілігі оған әдеби шығарма ретінде емес, тарихи еңбек ретінде қарап, бағалады.
Фольклортанушы, академик С.Қасқабасов: «Жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, -дей келіп, – өздерінің монолог түріндегі айтылатын толғауларында жырлаулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайрымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырады» деп жазған болатын [3, 8 б.]. Осы айтылған ғұлама пікірдің Мырза Хайдар шығармашылығына түгелдей қатысы бар. Өйткені, ХVІ ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы да, Қазтұған да, Шалгез де Мырза Хайдардың замандасы, ұлысы басқа болғанымен ұлты бір қандастары. Олар да Мырза Хайдар Дулат секілді Әз Жәнібек хан, Битемір, Ораз-Мұхаммед сынды қазақ хандары мен Ноғай әмірлерінің сарайы маңында тіршілік етіп, әміршісі мен заманының күрделі де келелі мемлекеттік маңызды тақырыптарын сөз етті.
Мырза Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1346-1546 жылдар аралығындағы Орталық Азия, Тибет, Ауғанстан, Кашмир, Иран, тіпті Иракқа да қатысты көптеген тарихи оқиғаларды, сондай-ақ автор өзі өкілі болып табылатын қазақ өмірінің де бірқатар деректерін сол дәуір шындығына сай баяндайды. Ғұмырнамалық әдеби еңбегін жазу барысында Мұхаммед Хайдар қоғамдық шындықты басты принцип ретінде ұстайды, сонымен бірге өз шығармасының көркемдік-әдеби жағына мұқият назар аударады. Ислам дінін дәріптеуде мадақ, мінәжат сынды әдеби тақырыптарды молынан пайдаланады. Оқиғалардың, адамдардың психологиялық мінез-құлқын ашуда Құран-кәрімнің қағидаларын, әдеби детальдарды пайдалана отырып, психологиялық талдау жасайды. Рубаи, мүфрәд, ғазал, қита, суырып салу (фи бәдаиһ) сынды шығыстық жанрларды да тиімді пайдаланады. Еңбектің тағы бір ерекшелігі: парсы тілінде жазылғанымен араб және түркі өлеңдерін әңгімесіне арқау еткен. Бір ғажабы шығармада қазіргі уақытқа дейін сол қалпында, сол мағынада қолданылып келе жатқан көптеген қазақ сөздері де кездеседі.
Еңбек шығыс әдебиетінің тәзмин және тәлмиһ сынды тәсілдерін пайдаланғанымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар біз еңбекте жоғарыда аталған әдеби ерекшеліктерімен қатар шығыс әдебиетінің жұлдыздарымен де таныса аламыз. Өйткені, «Тарихи-и Рашидиде» сопылық әдебиеттің өкілдері Қожа Ахмет Иасауи, Нәжмеддин Кобра, Нәқшбәнд және қазақ топырағының перзенті Атаи және түрік халықтарының рухани өкілдері Сәккаки, Лүтпі, Әлішер Науаи, парсы тілді ақындар Әбдіраман Жәми, Фердауси, Сағди, Әнвари сынды ақындардың шығармаларын пайдаланады. Біздің аталған еңбекке әдеби шығарма тұрғысынан қарап, ғұмырнамалық-әдеби шығарма ретінде бағалауымыз да осыдан.
Ғұмырнамалық шығармалар әлем әдебиетінде өзіндік орын алады. Мәселен, француз жазушысы Сен-Симонның (1675-1755) «Естеліктері», американдық саясаткер ғалым Б.Франклинның (1706-1790) «Менің күй-жайым», германиялық жазушы-ақын И.В.Гетенің (1742-1832) «Поэзия және ақиқат», Мырза Әлихан Әмин-әд-дауленің (қайтыс болған жылы 1909) «Саяси естеліктері», Абдолла Мостуфидің (1876-1950) қажарлар билік еткен кезеңнің қоғамдық және басқару тарихына арналған «Менің өмірбаяным», орыс жазушысы А.И. Герценнің (1812-1870) «Былое и думы», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың (1908-1973) «Менің мектептерім», Д.Қонаевтың (1912-1993) «Өтті дәурен осылай» атты еңбектері ғұмырнамалық әдеби шығармалар қатарына жатады.
Иран ғалымы доктор Хұсейін Рәзмжу мемуарлық әдебиетке идеологиялық, саяси және қоғамдық құны бар шығарма ретінде қарай келіп, «егер парасатты автор естеліктерінің қыр-сырын көркемдеп бере алса, ол айрықша тартымды болары анық. Сондай-ақ басқа деректерде табылмайтын тақырыптар қарапайым шынайы түрде жазылса, оның артықшылығы одан әрі арта түсері де шындық» деп жазды [4, 208 б.].
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде өзі өмір сүрген тұстағы тарихи-саяси ахуал, ислам дінінің сол дәуірде түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне жасаған ықпалы анық көрінеді. Әдебиет – заманның көркем шежіресі десек, әр дәуірдің әдебиеті өз кезіндегі тарихи оқиғалар мен сол қоғамның саяси-идеологиялық өрісінен оқшау қала алмайды.
XV–ХVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық, саяси-әлеуметтік сарынды, сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық ағымды әдеби дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру да бүгінгі күннің қажеттілігі.
Достарыңызбен бөлісу: |