Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне стильдік, жанрлық, мазмұндық, тақырыптық және көркемдік тұрғыдан талдау жасала отырып, төмендегідей мәселелер қарастырылды:
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі ғұмырнамалық әдеби шығарма екендігі анықталды;
Қаламгер еңбегінде қамтылған тарихи кезеңдегі (1346-1546) саяси биліктегі ағымдардың және ғалымдардың түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне ықпал-әсері анықталды;
Қаламгер еңбегіндегі рубаи, мүфрәд сынды шығыстық жанрлар және мінәжат, мадақ секілді әдеби тақырыптар зерттеле отырып, олардың қазақ әдебиетімен байланыстары анықталды;
Мырза Хайдар шығармасында кездесетін түркі өлеңдерінің авторлары, олардың жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері талданды;
Шығармада кездесетін және қазіргі уақытқа дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатқан қазақ сөздері анықталды;
Мырза Хайдардың исламдық дүнеитанымы зерделенді және исламдық шығыс әдебиетінің стиліне тән әдеби тәсілдері нақтыланды;
Мырза Хайдар еңбегіндегі сөздік қорына сүйене отырып, түрік халықтарының ежелгі тарихы мен қалаларына шолу жасалды.