Зерттеудің әдісі. Жұмыс барысында жүйелі сипаттау, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-салғастырмалы талдау әдіс-тәсілдері қолданылды. Сондай-ақ, әдебиеттанудағы көркем шығарманы талдаудың мұраты идеалық-образдық бірліктің табиғатын кең көлемде зерттеу, жекелеген туындыны қарастыруда туындының мазмұндық сипатын, ал мазмұнды тексергенде оның көркемдік сипатын тұтастықта тану принципін негізге алынды. Автордың туындысын жан-жақты талдау барысында текстологиялық саралау әдісі кеңінен қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Қазіргі заманғы қоғамдық өзгерістер ұлттық әдебиетке жаңа көзқарас-пайыммен келуді міндеттеп отыр. Сондықтан қазақ әдебиеті мен тарихын өткен қоғамның саяси жолы және стильдік тәсілдерін тану арқылы қазіргі қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігін тарихи тамырларымен сабақтастыра зерделеу жұмыстың теориялық және практикалық маңызы болып табылады. Зерттеу еңбегінде Мырза Хайдар шығармасының исламдық шығыс әдебиетінің түркі-қазақ тарихымен сабақтастыра қарастырылуы осының бір дәлелі.
Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдарын жоғары оқу орындарына, мектептерге арнап оқу құралын, оқулықтар жазуда, қазақ әдебиеті пәні бойынша арнаулы курстарды жүргізуде пайдалануға болады.