БІРІНШІ ТАРАУ
Алғашқы ізденістер
Ілияс Жансүгіров қазіргі Алматы облысы, Талдықорған ауданы, бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысы, 4-ауылда 1894 жылы туған. Әкесі Жансүгір ептеп ескіше оқығаны бар, әділетсіздікке, қиянатшылыққа жаны төзбейтін, өнерге ерекше ден қоятын, он саусағынан өнері тамған кісі болыпты. Сол кездегі баспадан шыққан халықтық жыр-дастандарды, айтыстарды жинап, баспа бетін көрмеген, ел аузында жатқа айтылатындарын көшіріп алып, жұртқа оқып беріп жүрген. Әсіресе, ол Шернияз, Базар сияқты ақын жыраулар мен Ақан, Біржан сияқты әнші ақындардың шығармаларын мұқият жинап, ел арасына кең насихаттайды. Сол кезде ел арасына, әсіресе, Жетісу бойына, аты шыққан Сүйінбайдың жырлары да Жансүгірдің сүйіп оқитын өлеңдерінің бірі болған.
Анасынан жастай жетім қалған Ілияс әке тәрбиесінде өседі. Зерек, алғыр бала үйге келген қонақтардан да әр алуан әңгімелер естиді, жиын тойлардағы ақындардың өзара өнер сайысын, жыраулардың қисса, дастандарын да жиі естіп жүреді. Ілиястың, әсіресе, мол сусындап, көп естіп, жадына сақтағаны әкесі Жансүгірдің жинаған жыр-дастан, айтыстары болады. Ақындық таланты әлі оянбаған, бірақ өлең шығаруға құмарлана бастаған жас Ілиясқа сол жырлар қатты әсер етіп, болашақ ақын оның көпшілігін жаттап та алады.
Ілияс ең алғаш әкесінен сабақ алып қара тани бастайды. Арнайы бала оқытпағанмен өзі білетін азын-аулақ ескіше оқуымен баласына әліп-биден иманшарт, әптиектің ежік сүресіне сүйретіп жүріп, қыстың ұзақ түндерінде білтелі шамның жарығында отырып құранға түсіредіI.
1910 жылдары Ілиясты әкесі Қасен молданың қолына әкеліп тапсырады. Бірақ, ай жарымдай сабақ алғаннан кейін ауырып, аулына қайтып кетеді де, екі жылдай ауылда жүреді. Әйтсе де жас Ілиястың әлі де болса оқысам деген үміті үзілмейді. Сөйтіп жүріп 1912 жылы өзінің талпынуымен тағы да оқуға ілігеді. Әкесі оны Қыли мектебі деген жарты мұғалім, жарты молда татарға береді. Ол үнемі діни оқумен болмай, бір мезгіл әдебиеттен де сабақ береді екен. Жәдитше әжептәуір біліп қалған Ілиястың жолы тағы да болмай, небәрі төрт жарым ай оқиды да, мектепке қош айтысып жүре бередіII. Өйткені бір үйлі жанның сүйенер азаматы енді осы Ілияс болады да егін, шөп жинасу, арық-тоған қазысу, бірлі-жарымды қара-құраны жаз төлдетіп, қыстан аман алып шығу міндеті жүктеледі. Сөйтіп, оған жұрт қатарлы тіршілік ету керек болады. Кедей тұрмыс аяқ-қолын жаздырмай, күнбе-күнгі тіршілік шырмауына оралып, барар жер, басар тауы болмай, көзсіз көбелектей амалы құрып, оқуға талабы болса да дәрмені болмай, үміті үзіліп қала береді.
1920 жылға дейін Ілияс өз аулынан ұзап еш жаққа шыға алмайды. Осы кездерде ол ептеп өлең жаза бастайды. Бұл Ілиястың ақындық өнерінің басталған шағы болатын. Әрбір жас ақындарға тән еліктеушілік әдет Ілиястың басынан да өтеді. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, халықтың бай ауыз әдебиеті мен Абай өлеңдерін сүйсіне оқып, содан үлгі, өнеге алады.
Ілияс Жансүгіров өлең жазуды 1915 жылдардан бастайды. Бірақ оның өлеңдерінің баспа бетін көруі кейінірек. 1932 жылы «Социалды Қазақстан» газетінде басылған «Большевиктік сынды күшейтеміз» деген мақаласында I.Жансүгіров былай деп жазады: «Мен төңкерістен әрі жерде хат шығарып, қисса оқудан артық сауатым болмаған ауыл наданымын. 17-жылдың тұсындағы бостандық пен көбейе бастаған газет-журналдар мені үлкен жазуға еліктірді. Еліккенмен ешнәрсе жазып шығара алмадым»I.
«Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 6-7 сандарында Ілияс өз творчествосының қалай, қашан басталғанын айта келіп: «Мен қалам жұмысына 1920 жылдан бастап араласа бастадым»II... 1921 жылы 22 мартта шыққан №1-дегі («Жас алаш» газеті. – М.Д.) «Жас замандастарға» деген бас мақала менікі және сол номерде «Жалпы жасқа» деген өлеңім де басылды. Менің алғашқы баспасөзге бірінші шыққан мақалам осы»III, – деп жазады. Бұл жерде ақын алғаш баспа көрген өлең емес, мақаласын айтып отырғаны белгілі. Ілиястың «Тілек», «Сарыарқаға» атты өлеңдеріIV 1917 жылы басылған.
Ілияс Жансүгіровтің ертеректе жазған өлеңдерінің бірлі-жарымы болмаса, мезгілінде баспасөз бетін көрмей, ақынның қойын дәптерінде сақталып қала берген. Ал Ілияс кейін аты шығып, ақындық өнері кемелденген кезде, өлеңдерінің бірнеше жинақтарын бастырады, бірақ неге екені белгісіз сол ерте кездегі жазған өлеңдерін бұл жинақтарына енгізбеген.
Ілияс жас кезінде-ақ ауыз әдебиеті үлгілерін жақсы біліп, оны жаттап алып, домбыраға қосып айтуға дағдыланған. Сөйтіп ол өз жанынан өлең шығарып, ауылда өтетін той-думандардан қалмай, кейде қыздармен айтысып та қалып жүрген.
«Хат білген соң өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссаларын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті»V, – дейді ақынның өзі.
1916 жылғы июнь жарлығы бойынша солдатқа алынған қазақтың ер азаматтары өздерінің сағыныш-күйініштерін, мұң мен зарын хатқа өлеңмен жазатын, ал оларға жауап та өлең күйінде қайтарылатын. Бұл қазақ даласындағы сол кезде әдетке айналып кеткен дәстүр болатын. Міне, сол солдатқа кеткен ауыл адамдары мен ағайын-туған, туысқандарының хаттарына Ілияс өлеңмен жауап қайтарып отырған. Осы тұста жазған «Арман» атты өлеңінде:
Мезгіл бар ма құтылар,
Шынжырлаулы тағдырдан?
Бірақ ой жоқ ұмтылар,
Табылар тағдыр дағдыдан.
Рақымы жоқ шынжырға,
Байқамастан шалдырған,
Аяқ, қолы құрсауда,
Зарлауда жүр «Балдырған»I, –
дейді.
Өлеңді ақын дәстүрлі сәлем хат күйінде жазбайды, баста ерік жоқ, өкіметте әділет жоқ замандағы өзі теңдес жастардың тағдыры шынжырланғанын түйіп айтады.
Ілияс ауылда жүрген кезде көптеген кісілер жоқтау жазғызып алған. Солардың ішіндегі халық арасына мол тарап, жатталып айтылып кеткені «Бейсекенің жоқтауы». Басқа жоқтаулары кезінде жұрт аузында жүрсе де қағазға түспегендіктен, бертін келе ұмыт болып кеткен.
Ілиястың осы ақындық жолына алғаш құлаш ұрған жылдардағы шығармалары идеялық-көркемдік жағынан шынында да оның шәкірттік қадамын байқатады. Ақын өлеңінің мазмұны бірде әнге, күйге елігушілік, бірде ел арасындағы бұзылған адамдарды шенеушілік, бірде әлеуметтік теңсіздіктің шет жағасын аңғарушылық болып келсе, көркемдік нақыштау жағынан негізінде қазақ әдебиетіндегі бар өрнектерді пайдалану, Абайға еліктеушілік айқын сезіліп отырады.
Жас кезінде Ілияс қолына түскен кітаптарды талғамай оқи береді екен деп жоғарыда айттық. Сол сияқты 1914 жылдың бір күні оның қолына сары қағазға қауырсын қаламмен жазылған бір өлең түседі. Өлеңнің басы жоқ, қалған шумағы былай басталады:
Енеді жаздың көркі жыл құсымен,
Жас күлер жайраң қағып
құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен
шал,
Өзінің жалбаңдасар тұрғысыменII.
Көңілге ұнаған өлеңдерін үнемі көшіріп алу әдетіне сіңген Ілияс әлгі үзіндіні де көшіріп алады. Авторы кім, оны Ілияс білген жоқ (Абайдікі екенін кейін біледі). Бірақ, өлең көңіліне қорғасындай ұялап қала береді. Ақырында 1916 жылдың күзінде Абайдың өлеңдер жинағын қолына түсіріп алып, жатпай-тұрмай оқи береді, тіпті жаттап та алады. «Оған шейінгі көрген, оқыған әдебиетім бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап өмірді өлең қыла бастадым. Бірақ, сарыны жылау, айналадағыға наразылық, торығу, өзіңді өзгеден бөлектеген адам санау сияқты бірдеңелер жазылып қалып жүрді. Тақырыпқа да, түрге де Абай түрінде қалдым. Сол қыста бірталай ұсақ өлеңдер жаздым. Оның атын «Балдырған» қойып қойдым. Бірақ бұл өлеңдерімнің көпке берерлік жаңалығы жоқ еді. Тіпті Абайдың орыстан аударған мысалдарын да өлең қылып әуреленіппін, мәселен, «Бұлбұл мен есек» деген өлеңінің бірері әлі есімде»I, – дейді Ілияс.
Абай өлеңдерімен ертерек танысқан Ілиясқа Абай сатираларының күшті қуаты да ерекше әсер етеді. Абайдың өз ортасындағы «пысықтарды» әжуалайтын, надандарды шенейтін өлеңдерін оқиды, Абай аударған орыс ақындарының мысалдарымен танысып, оны өзінше қайтадан өлең етіп жазады. Бұл оның Абайдан алған ақындық өнерінің алғашқы бір үлгісі еді.
Ілияс Жансүгіровтің өскен аймақтарында атағы жұртқа тарап кеткен ақындар аз болмаған. Белгілі ақын Әсет Найманбаев (1856-1923) айтысқа ғана қатысып қоймай, көптеген әннің тексті мен музыкасын шығарып және эпикалық шығармаларды да жырлаған ақын. Ілияс осы Әсет ақынның өлеңдерімен жас кезінде-ақ танысады. Кейінірек Әсеттің ақындық өнерінен үйреніп, оның көптеген өлеңдерін жазып та алады.
Ілиястың әрі жерлесі, әрі замандасы Қуат Терібаев та осы Әсеттің ақындық өнерінен үйренген ақындардың бірі. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қазақшаға аударған Әсет Семей, Талдықорған сияқты жерлерде ән салып, көп аралаған. «Евгений Онегин» романын Қуат Терібаев 1911 жылы осы ақын Әсеттен үйреніп, жаттаған екен. «Біздің айтып жүргеніміз Әсеттен естіген бір жыр, – дейді Қуаттың өзі. – Әсет орысша тілге жүйрік болмаса да көңілі жүйрік, бір айтқанды терең ұғынатын ақын еді. Ол Абайды ғана емес, Пушкин, Лермонтовты да жақсы білген адам. Әсет ақынның Пушкин шығармаларын аударып жырлауына, сөз жоқ, Абайдың да идеялық-творчестволық әсері болған»II. Міне, Абай дәстүрі, ол арқылы ене бастаған орыс поэзиясының үлгі-өрнектері Ілияс өскен ауылда осылай таралады. Ілияс та бұларды оқып, біліп, одан үйренуге талаптанады.
Ілияс бұл жылдары махаббат өлеңдерін де жазған. Әншінің, күйшінің өнеріне де құмартқан, бұлбұлдың сұлу үніне елтіген. Бұл ол үшін тек жастықтың ғана емес, адам жанының қажетті дүниелері болған.
Ақын, ең алдымен, адамгершілік мәселесін ерекше сөз етеді. Өзі өмір сүрген ортасынан бірсөзді, тұрақты адам, әділ заң, әділетті би таба алмай, өңкей көрсе қызар, жалқау, алдампаздардың мінезіне күйініп, соларды сынайды. Адамгершілік, әділеттік ақынның бұл жылдардағы шығармаларының өзекті бір мәселесі болады. Ал, оның:
Көз ұйқыда,
Көңілі қиқымда,
Ынтасы ұрлық, қулықта.
Көрсе былқыл,
Көрмесе қылқыр,
Заңым түсті сұмдыққа.
Сұм-сұрқия қу заман,
Ел қарғадай шулаған,
немесе:
Билері бұзық,
Билігі «қызық»
Әділетті қар басты.
Зекіріп, ақырып,
Жаланы шақырып,
Қылдыра ма далбасты?
Қашан туар әділдер?
Әділетті кім қадірлер?I –
деген жолдардан сол кездегі заман мен заңға ызалану, ашыну бар. Осы өлеңдерінің қайсысында болмасын Ілияс Абай шығармаларының үлгісінен үйреніп, онан әсер алған. Ақынның айтар ойы, жұртқа ұсынар бағыты да сол Абай деңгейімен қанаттас жатады.
Ілияс бұл жылдары өзі өмір сүрген қоғамындағы кемшіліктерді сынаудан әрі кете алмайды. Онда да патриархалдық-феодалдық қоғамның толып жатқан ірік-шіріктерін мол қарпып, кең көрсеткен емес. Абай айтқан жайлардың кейбір көріністерін өзінше қайталап, өзінше айтуға тырысады. Жалпы, Ілияс бұл жылдары әлеуметтік қайшылықты терең түсінбегенімен таптық айырмашылықты сезе бастайды. «Арман» деген өлеңінде:
Ажарлы, нұрлы ақ балғын,
Заманмен тозды сайысып, –
деген шумақ бар. Мұнда ақын заманның ескі әдет-ғұрпына қарсы сайысқан жастың ескілікті жеңе алмағанын айтады да одан жүрегі тез суынады. Ақырында ақын:
Мезгіл бар ма құтылар,
Шынжырлаулы тағдырдан?II –
деп дағдарса, енді бірде:
Миға сақта талғауды,
Заман отыр тың-тыңдап.
Бізге де кезек жақындар,
Байлаған тордан бұлқанбақI, –
деп бостандық, теңдіктің туар кезін аңсайды. Бірақ ол бостандық қандай жолмен келеді? Оны кім алып береді? Ол жағын ақын ашып айта алмайды.
«XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің тақырыбы идея жағынан өрісі тар, өресі жетімсіз болды. Оның көп кадры өз дәуірінің саяси жаршысы дәрежесіне көтеріле алмады, өмір заңын, халық тілегін, көз алдында болып жатқан әр алуан қоғамдық құбылыстардың, ұлы оқиғалардың мән-жайын жете аңғармады»II. Әрине, мұның да өзіндік заңдылығы болды. Бұл заңдылық ең алдымен қазақ халқының сол кездегі экономикалық, қоғамдық дамуының артта қалып, қоғамдық сананың толық жетілмеуіне байланысты еді.
Бостандықты аңсаған қазақтың демократиялық бағыттағы ақындары 1917 жылғы февраль буржауазиялық революциясын азаттық таңын әкелуші революция деп ұқты. Уақытша үкімет басшылары түрлі деректер қабылдап, сөз жүзінде халықты жарылқамақшы болып жатты. Міне, осы февраль революциясын Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин де қуана қарсы алды.
Творчествосының алғашқы жылдарында жазған өлеңдерінде Бейімбет Майлин, негізінде, ғашықтық, махаббат жайын, табиғат көріністерін суреттеумен болса, ал 1916 жылғы июнь жарлығында ел басындағы ауыртпалықты сезе бастайды.
Февраль революциясы кезінде жазған «Қырда», «Қазаққа» деген өлеңдерінде Бейімбет Майлин көңілін қуаныш кернеп, енді құлдықтан құтылдық. «Келді теңдік, туды теңдік басыңа!» деп ұран тастайды.
Тіпті, революционер ақын Сәкен Сейфуллиннің өзі де осы Бейімбет сияқты февраль революциясын қуанышпен қарсы алған ақындардың бірі болды. Бұған ақынның «Асығып, тез аттандық!» деген өлеңі айғақ бола алады.
Біздің әдебиет зерттеушілеріміз Сәкен Сейфуллиннің осы «Асығып, тез аттандық!» өлеңін оның социалистік революция туралы жазған басқа өлеңдерінің тобына қосып жүр. Профессор Е.ЬІсмайылов: «Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін Сәкеннің әдебиеттік қызметінің жаңа дәуірі басталады. Ақынның әр жанрда көрінген көркем шығармалары енді нағыз революцияшыл мазмұнға ие болады. Социалистік реализм әдісіне ойысқан жас суреткер революцияның алғашқы күндерінен бастап-ақ жаңа социалистік заманның жаршысы болды. Дауылды күрес жылдарында Сәкен өзінің «Асығып, тез аттандық!», «Кел, жігіттер», «Жолдастар», «Далада», «Жұмыскерге» сияқты революцияшыл мазмұнға толы, жалынды сезімге бөленген саяси лирикаларын жазып»I, - таратады дейді. Біздіңше, «Асығып, тез аттандық!» өлеңі жоғарыда аталған басқа өлеңдермен бір топқа кіре алмайды. Сәкеннің соңғы өлеңдері социалистік революцияға арналса, «Асығып, тез аттандық!» өлеңі февраль буржуазиялық революциясынан кейін, 1917 жылы март айының 9 күні жазылады. Міне, өлеңнің жазылу мезгілінің өзі-ақ қай революция туралы жырланғанына айғақ. Қазақтың басқа ақындары сияқты Сәкен де февраль буржуазиялық революциясын бостандық әкелген революция, бұл революция арқылы күн шықты, тұман сергіді деп алданады:
Күнге жайып құшақты,
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты,
Асығып, тез аттандық!II, –
дейді.
Бірақ қазақтың демократиялық бағыттағы ақындарының бірсыпырасы февраль революциясының халыққа азаттық алып беретін революция емес екеніне көп ұзамай-ақ көздері жете бастайды. Сәкен Сейфуллиннің «Асығып, тез аттандық!» атты өлеңі осы буржуазиялық революцияны құптап, ақынның сол үшін барлық жан-тәнін салғанын біз көрмейміз. Өлең ақынның революция мәнін толық түсінбей, алданған заматтағы көңіл-күйін ғана сездіреді. Бұл өлеңде ақын тек қуанышты хабарды ел-жұртқа таратушы ғана. Бірақ оның сойылын соғушы емес.
Демократиялық бағытта жырлап келген ақындардың бірсыпырасы сол заман рухын терең түсіне алмай, ауытқуға түссе, енді бірсыпырасы бірте-бірте буржуазиялық революцияға алданып қалғанын сезіне бастайды. Уақытша үкіметтің іс-әрекеттеріндегі пәтуасыздық, құр сөз, құрғақ уәде, біткен іс, тынған шаруаның жоқтығын Бейімбет Майлин тез аңғарып, сол жылы «Съезд» деген өлеңін жазады.
Ал, Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңгеннен кейін Сәкен Сейфуллиннің «Далада», «Кел, жігітер» деген өлеңдерінде нағыз революциялық үн айқын да еркін шығады. Революциялық іске өзі тікелей араласып кетеді.С. Сейфуллин, Б. Майлин сияқты Ілияс Жансүгіровте февраль революциясын қуанышпен қарсы алушылардың бірі болды. Ақын «Тілек» атты өлеңінде:
Жарыл маңдай, теп жүрек.
Қуанышты құттықтапIII, –
деп шат-шадыман болады.
Патша самодержавиясы құлап, ел билігі уақытша үкіметтің қолында тұрған кезде қазақ ұлтшылдары өздерінің саяси партиясын құруға асықты. Сөйтіп олар заңды түрде (юридический) болмағанмен «Алаш» атты партиясын құрып, «Сарыарқа» деген газет шығара бастадыI. Бұрынғы демократияшыл бағытта жазып келген қазақ ақындарының көбісі еңбекші халыққа бостандық алып беретін партия осы «Алаш» болар деп үміттенеді де, оның органы «Сарыарқа» газетінің шығуын құттықтап өлеңдер жазды. «Сарыарқа» бетінде Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлинмен бірге Ілияс Жансүгіров те өлең жаза бастайды. «Сарыарқаға»II атты өлеңінде осы газеттің шығуын құттықтап, енді халыққа басшылық жаса, қызмет ет деген тілек білдіреді.
Алайда, февраль революциясын қуана қарсы алып отырған Ілияс осы «Тілек» өлеңінің екінші жартысында сол қуанышына сенбейтіндігін де анық байқатады.
Төгіл сия, ашыл көз,
Абайла ауыз, тіл мен жақ.
Абайла деген асыл сөз,
Анықтап, ойлап тос құлақ.
ЬІнтымақ туы жарқыра,
Болмай ғана буалдыр.
Миһірбан суы сарқыра,
Бұқараны бір қандыр!III, –
дейді.
Қуанышын сездіргеннен кейін «аузыңа ие бол», «абайла әлі де болса» деп толық сенім білдіре алмай тұрғаны, әрине, тегін емес-ті. Сонымен Ілияс Жансүгіров февраль революциясын әуелде қуана қарсы алғанмен Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин сияқты шын бостандық деп ұқпағаны байқалады. Дегенмен бұл жылдары ақынның қайшылығы да анық сезіледі.
1919 жылы ақ гвардияшылар Сибирьде тұрақтай алмай, кейін шегініп, Семей, Ақсуға келіп орналасты, Олар жүрген жеріне ойран салып, халықтың малын, мүлкін талап, зорлық-зомбылық көрсетіп, елдің берекесін қашырады. Осы жылдары Қапал, Арасан, Тасбекет сияқты шағын қалалардың жергілікті тұрғындары ақ гвардияшылардың айуандық істеріне шыдай алмай, Ақсуға келіп тығылады. Аядай жерге құмырысқаша үймелеген халықтың шаруашылығында да ешбір береке болмайды, егін салынбайды. Осылардың салдарынан халық әбден ашығып, елдің берекесі кетеді. Осы бір кезеңді I. Жансүгіров былай деп жазады: «1918 жылдан бастап біздің жақ апалаң-топалаң майдан астында қалды. Ақ пен қызыл соғысты. «Алаш» іскері казак-орысқа қосылып, большевикті жаулап жатты. Ел ішіндегі мен сияқтылар түгін де ұғынған жоқ. Бірақ көргенім: ел таланды, үрке-корыққа ұшырады. Ақтар, «Алаштар» елдің ерін мойнына келтірді. Еш жан еңбек ете алмады. Қысында жұтқа ұшырады, аштыққа шалынды. Біз ауылымызбен торғайдай тозып, төмен (Балхашқа қарай, құмға) кеттік. Балапан басына, тұрымтай тұсына. 1919 жылы ауылда ауру болдым. Жүдеушілік, жоқшылық қысып, жаным жаман жаншылды...
1920 жылы ақтар жеңіліп, алаштар тарады. Кеңес үкіметі орнады. Ел аш, жұттан шыққан жұрт, жер-жерде ревкомдар жасалды. Аштарға бидай үлестіретін ауылдағы комитеттің мүшесі болып қызмет істедім. Алғашқы әлеуметтік қызметім осы»I. Ақсуға жиналған халықтың оқыған азаматтары ашыққан халықты аман сақтап қалу ниетімен «Комитет бедноты» деген ұйым құрып, оларға астық, мал үлестіріп береді.
Міне, осындай қиын кезде Ілиястың ақындық таланты да тасқа соғылып, майырылып, өзінің үнін ашық айта алмай, амалсыз тұсалып қалады. «Не күйде», «Ел шетінде, жау бетінде», «Тәңір-ау, неге болам мәз» (1918 ж.) деген өлеңдері дәл осы кездегі құбылысты суреттейді. «Не күйде» деген өлеңінде осы аласапыран кезде еңбекші кедейлердің жарлы-жақыбай, өмір әділетсіздігінің тақсіретін тартқан сорлы әйел, тағы басқаларының жайын ойлап қамығады. Ал, «Ел шетінде, жау бетінде» деген өлеңінде ақын сол кездегі жайды былай бейнелейді:
Достарыңызбен бөлісу: |