Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет20/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

Молда барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар, } қалам қас
Қаламды көр де қасым көр

Қырым барсаң пісте бар,


Пістені көр де мұрным көр } пісте мұрын

Тоғайға барсаң тоғайда


Томаланған қоян бар } қоян жон
Қоянды көр де жоным көр

деген шумақтарды оқып отырсақ сұлу қыздың басы алтын түймеге, қасы қаламға, мұрны пістеге, жоны қоянға т.б. теңестіріліп отырады. Мұның өзі белгілі бір дәуірде халықтың эстетикалық талғамында әдемі сурет болғаны даусыз. Алайда мұндай суреттеулер, теңеу, шендестірулер бүгінгі күні өзінің эстетикалық әсерін бізге бұрынғыдай тигізе алмайтынын да көреміз. Өйткені қазір халық өмірі өзгеріп соған орай эстетикалық талап-талғамы да басқаша болып отыр.


Әрине, төрт мүлік малға, көшпелі тұрмысқа байланысты туған көркем ойлау ерекшеліктерінің күні бүгінге дейін маңызын жоймай, халық ұғымында түсінікті болып келуінің себебі, халықтың бұл тұрмысының өзгергеніне әлі көп уақыт өтпегендігіне, көптеген көркем шығармалардағы бұрыннан қалыптасып келген дәстүрлерге т.б. байланысты. Сонымен бірге, қазақ халқы көшпелі өмір сүргенімен қазір Қазақстан бір жағынан әлі мал өсіруші республика. Қазақ халқы бұрынғы қолға үйреткен төрт түлік малын әлі де бағып, өсіріп, халық игілігіне жұмсап келеді.
Әрине, бұдан көркем ойлау ерекшелігі тек солай, төрт түлік малға, көшпелі тұрмысқа байланысты ғана келсе, халықтың ұлттық сипаты даралана түседі деп қарауға болмайды. Бұл жерде біз әрбір ұлт адамдарының (ұлттық кейіпкерлердің) тіліне өзінің бұрыннан халық санасында қалыптасқан, құлаққа сіңген ұғымдардың осы күнге дейін сақталып келгендігін ғана айтып отырмыз. Әйтпесе ол белгілі бір ұлт адамдарының барлығы бірдей және барлық уақытта айтуға тиісті шарт емес. Демек, халық экономикасының дамуына орай, ойлау сипаты да өзгеріп отырады.
Ұлы Октябрь социалистік рсволюциясының жеңісі арқасында қазақ даласына дабыл қағып, жер сілкіндіріп поезд, трактор, самолет келіп, электр жарығы жер-жерге нұрын төге бастады. Қазақ халқы сауатын ашып, енді техниканы да меңгере бастады. Қазақ жастары жаңадан салынған завод-фабрикаларда жұмыс істейді.
Еліміздегі техникалық, мәдени жаңалықтардың барлығы да СССР-дегі туысқан ұлттардың ортақ жетістігі болып саналды. Отанымыздың әр жерінде салынып жатқан коммунизмнің алып құрылыстары, космосқа ұшырылып жатқан спутниктер, космос корабльдері, игеріліп жатқан тың жерлердің барлығы да совет халықтарының ортақ істері. Совет халықтары кешегі Ұлы Отан соғысында тізе қоса отырып, басқыншы жауға күйрете тойтарыс берді, қазір дүниежүзі халықтарын бейбітшілік үшін күреске шақырып, қажырлылық, табандылық көрсеткенде де бір жағадан сөз, бір жеңнен қол шығарып отыр. Совет халқы социализмді толық жеңіп, коммунизм орнату жолына бірыңғай бет алып отыр.
Міне, советтік ұлттар өміріндегі ұлы жаңалықтар, ортақ жайлар халық тұрмысына қандай өзгеріс енгізсе, олардың көркем ойлау ерекшеліктеріне де сондай өзгерістер енгізе бастады. Сонымен бірге мұның өзі көп жағдайларда ұқсас, қай ұлт халықтарына болса да түсінікті, ортақ болып келеді. Бұл жайға кеңірек тоқталардан бұрын айта кететін бір мәселе бар. Қазіргі заман тудырған, жаңа өмір тудырған жаңаша ойлау ерекшеліктері бірден қалыптаспайды, белгілі бір дәрежеде ертедегі дәстүрге енген, құлаққа әбден сіңісіп кеткен нақыштармен екеуі қатар араласа келіп туады. Халық тұрмысына сай келген бұл ұғымдар дами береді де, оған сай келмегендері көп ұзамай-ақ ұмытылып отырады. Мысалы, қазақ совет әдебиетінің алғашқы дәуірінде (20-жылдары) қазақ тұрмысында бұрын болмаған өндіріс орындарын заводты, фабриканы, поезды жырлағанда ақындар оларды төрт түлікті малмен салыстырып, теңегенін білеміз. Мысалы: С.Мұқанов өзінің өлеңдерінде паровозды қара айғырға теңеді.


Қажымас қара айғырым, –
Ұрпағын мол жайғырым.
Терісі – темір
сүйегі –
Болат,
шегі – сым,
Демі –
от,
Айғырымның барында
Кімнен кем менің байлығым –


Самолет қыран құсқа теңелді. Мұның барлығы ақындардың жаңа құбылыстарға теңеуді, эпитеттерді, метафораларды халық ұғымына жақын, өздерінің тіршіліктеріндегі бар нәрселерден табу ниетінен туған. Алайда жаңа тақырыптың жаңа мазмұнына форманың бұл сипаттары үнемі сай келе бермеді. Жаңа құбылыс, жаңа тіршілік халықтың көркем ойлау ерекшеліктерін де жаңартты, құбылысты жаңаша қабылдау процесі туа бастады.
Халық творчествосында заман туралы сөз қозғалса, «Заман өтіп барады желдей есіп» деп келуші еді. Бір сарынмен өзгеріссіз өтіп жатқан уақыт артына ешқандай белгі тастамастан, ескен желдей зымырап өте бергені де сол заманына сай туған бейнелі теңеу еді. Алайда ол бүгінгі совет дәуірінің шындығына сай келе бермейді. Жаңа заман, революциялық заман – адамзат тарихында ұлы өзгеріс жасаған, еңбекші халықты қанаушылықтан, сор-бейнеттен құтқарған заман. Сондықтан да Сәкен Сейфуллин бұл заманды асау тұлпармен теңеді.

Жүген құрық тимеген,


Жасынан ноқта кимеген,
Алты жасар асауды
Ұстап міндім далада.
Ақырды асау –
Жаңғырды дала.
Тулады, орғыды асау
Дүбірлеп күңіренді дала...


Міне асау тұлпарша дүниеге келген жаңа заман бейнесі осылай беріледі. Жаңа заманның, еңбекші халықтың бостандық, алған заманын тұлпарға теңеген ақынның екінші бір өлеңі мынадай болып келеді.

Қанатты, тағы тұлпарым


Арқырап келші кермеден...
Құтқаршы мені қамаудан
Шынжырлап ерік бермеген.
Мініп-ап «шу» деп кетейін
Жарысып соққан желменен...
Аймақты жатып дүбірін
Жаңғырсын таулар, жерменен...
Өңкей сорлы езілген
Көрісейін елменен,

Заман бейнесінің көркемсөздегі романтикалық образы болған асау тұлпар өмір шындығына әбден жанасымды еді. Октябрьден кейінгі тарихи оқиғалардың жеделдігі, замана өзгерістерінің молдығы, жаңаның қарқындылығы, жаңа өмір құру ниетінің қанаттылығы, міне, осындай дәуірге асау тұлпардай теңеу дәл келетін еді. Бұл өмірдің өзі тудырған лирикалық бейнеI - деп жазған Т.Кәкішевтің пікірін біз де қоштаймыз, Сәкен творчествосы туралы жазған мақаласында Е.Ысмайылов та былай дейді: «... Революцияның дауылды тұлғасы даланы жаңғырықтырып ескі дүниені сілкіндірген, өр мен қияны баса көктеп, арқырай құйғыта шапқан асау тұлпар бейнесінде сипатталады...»I дейді. Біз бұл пікірді де қоштаймыз. Замана бейнесін асау тұлпарға теңегенде жоғарыда айтқандай, бір жағынан ақын оны халықтың ұғымына жақындату үшін алып отыр. Алайда Ә.Тәжібаев жазғандай «Мұндағы тұлпар фольклор тұлпарынан бөлек. Ол адам жанының жабылықтан айығып, қуатқа, қарқынға меңзелуі»II. Сәкеннің өлеңінде романтикалық, асқақ сөз, биік серпін мол бола тұрса да «Асау тұлпар реальдық бейнеге айналады, оның нәрі, күші өмір шындығына сол кездің адуын тіршілігіне тоғысады»III. Әйтсе де заманды асау тұлпарға теңеу белгілі бір кезеңге ғана лайықты болып қалды. Бақташылық, көшпелі тұрмыстың дәуірі әлі берік сақталған, техника тұрмысқа толық сіңісе қоймаған кезеңде асау тұлпар замана бейнесіне дәл келген соны теңеу болды. Ал, халықтың тұрмысына елеулі өзгерістер еніп, кешегі мешеу дәрежеден индустриялық ел дәрежесіне дейін көтерілген қазақ халқының ой дүниесіне де көптеген жаңалықтар ене бастады. Асау тұлпарлар енді замана түгілі поездың өзіне де лайықты теңеу бола алмайтындай дәрежеге жетті. Мұны Сәкен Сейфуллиннің өзі жақсы түсінген. Ол:


Бұрын атым тұлпар еді бәйге көк,


Енді, міне, поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға
Тұлпар қол ма,
Мейлі жорға!
Тұлпар міну –
Сарыарқада жүрсең тек1
деп жазды. Сондықтан да ақын енді бүгінгі ерекше қарқынмен дамыған жаңа заманды тұлпармен тенемей, «Біздің құрылыс – экспресс» деп, экспреске теңеді:


Советстан, біздің стан, совстан!
Экспресс талма екпінді шабыстан
Гуле жүріп,
Үні құрып,
Қалсын ұлып
Ескі жалған
Арттан қалмай жабысқан... –
деген жолдар, міне, соның куәсі.
Бұл жерде біз бұрынғы дәстүрлі ойлау ерекшеліктерінің жаңа құбылысқа сай келмейтінін, оның кейбірі сақталумен қатар, кейбірі ескіріп, енді жаңаша ойлау өрнектері туа бастағанын көреміз.
«Абай жолы» эпопеясының 1-кітабында Құнанбайдың қаталдығына қарсы, ашынған Байдалінің сипатын М.Әуезов былай суреттейді: «Үлкен қазанның асттын қызыл жалын дамыл алмай жалап тұр. Әуелде толтыра құйған іркіт қазір бірер қайнап қалған екен. Кемерінен орта түсіп, шымыр-шымыр қайнайды. Жаңағы Байдалінің ашулы сөздерінің тұсында Абай көзі қазан бегіне түсіп еді. Қоюланып бара жатқан ыстық құрттың ортасы кей кезде көміршік атып, сақылдап қайнайды. Сол көрініс тап Байдалы ашуындай. Қайнауы жеткен ашу – қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес қазан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. Ол дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақтың, Сүйіндіктің, Бөжейдің ашулары сияқты».
Ал, 3.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повестінен біз мынадай суреттемені оқимыз: «Шарапқа масаң жігіт өзі де құдды шампан шарабындай быж-быж қайнап, қарсы алдындағы сұлу қызға лықсып, шапшып қап, тасып төгіліп тұр».
Адамның ішкі жан құбылысы, сыртқы бір қарағандағы елесі М.Әуезовте қазандағы іркіттің бұрқ етіп шымырлап қайнаған көрінісіне, 3.Қабдоловта лықсып, шапшып, быж-быж қайнаған шампан шарабына байланыстырылып отыр.
Шампан шарабының тығынын ашқандағы быжылдай қайнап, ыдысына сыймай, булыға шапшитын қасиетін М.Әуезов те жақсы біледі, бірақ Әуезов қазандағы шымырлай қайнаған құртты әдейі алып отыр. Біріншіден, қазандағы қайнап тұрған құрт бір ғана жерден бұрқ етіп қоймайды, ол қазан бетінің әр жерінен бұрқылдап, шымырлай қайнайды. Суреткер жазушы осы көріністі параллелизм арқылы Құлыншақтың, Сүйіндіктің, Бөжейдің ашуына теңеу үшін алды. Екіншіден, құрт қайнату сол Абай дәуірінде екі үйдің бірінде кездесетін, халықтың тұрмысына сол кезде мол сіңіскен жай.
Ал, жас жазушы Қабдолов қайнаған құрттың жайын білмейді емес. Бірақ, ол әдейі шампан шарабын алып отыр. Өйткені халықтың қазіргі тұрмысында (әсіресе, студенттер тұрмысында) құртты қазанға құйып қайнату емес, шампан шарабы әлде қайда мол сіңісіп кетті.
3.Шашкиннің «Теміртау» романында Айшамен сөйлесіп отырған Асқардың ішке бүккен бір ойын жазушы былай береді. «Миының қатпар-қатпар астарында: «Сен өмірдің академиясын бітіріп, жылдар тезінен өтіп, махаббат қадірін білгендей болып ең, не қылғаның көре сала еріп, баяғы әуеніңді қайта бастағаның?» – деген қатал да шын ой ракета сияқты жылт етіп жоқ болады». Әдетте мұндай құбылысты «жалт етті де, жоқ болды, көрген түстей, сағымдай» болып көшпелі қазақтың кең жазық даласындағы жазғы күнгі сағымы жүруші еді. Көрген түсте, сағым да өзінше әдемі бейнелер әйтсе де ол бүгінгі күн үшін жаңалық та емес. Ал, 3.Шашкиннің өте орынды, дәл тапқан жалт етіп қатпар-қатпар ми астарына кіріп кеткен ойды ракетаға ұқсатуға тек бүгінгі заман космосты игерту заманы тудырып отырғанын айтамыз. «Колхозды ауыл осындай» деген өлеңінде колхоздың қарапайым мүшесі Кенбай қарттың басын С.Мұқанов:

Ертегі, өлең-жырдың, шежіренің,


Миы бай, көркем, сұлу антологиясы, –
деп антологияға теңесе, «Гүл бағындай отаным» деген өлеңінде ақынды сөз жасап шығаратын фабрикаға («Дегенмен ақын сөздің фабригі») теңейді. «Сөз – советтік армия» деген өлеңнің аты да жаңа, тың мағына беріп тұр. Жазушының қаламынан шыққан әрбір сөз жауға армия болып соққы береді деген жаңа ұғым айтылалы. Осы өлеңдегі әдебиеттің әрбір жанрларына әскери қызмет бөліп берушілігі де қазақ поэзиясында жаңадан туған бейнелі теңеулер.


Проза атқарады қызметін –
Ауыр артиллерия да зеңбіректің
Немесе:
Очерктер разведка қызметін
Атқарады тынбастан хабар тасып, –
деген сияқты болып келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында империалистік мемлекеттер жер-жерден соғыс өртін тұтандырып, басқыншылық әрекеттерін көрсете бастады. Осы кезде біздің елімізде басқыншы жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылдарының қандайына болса да тойтарыс беруге дайын тұру үшін отан қорғау мәселесіне зор көңіл бөлінді. Сондықтан да отан қорғау идеясы, яғни патриотизм идеясы совет ақындарының шығармаларынан ерекше орын алды. Тек жауынгерлер ғана емес, шығармаларымен жауға тойтарыс беру жазушылар алдындағы зор міндеттердің бірі болып саналды. Міне, осы жағдай ақын шығармасында жаңа образды сөздер, теңеулер, эпитеттер, метафоралар тууына себепкер болды. Отан қорғау идеясы ерекше орын алып отырған кезеңде жазушылар шығармаларында бомбовоз, снаряд, бомба, зеңбірек тағы басқа толып жатқан әскери техниканың құралдары теңеу, эпитет, метафора болып отырды. Қ.Аманжоловтың «Абдулла» поэмасындағы:

Жау жолына атам сені


Бомба бол да жарыл жүрек.


Ә.Тәжібаевтың «Жолдас Науаи» деген өлеңіндегі:

Мың жыл бойы жасауы әбден мүмкін


Бүгін бір снарядтай атылған жыр.


М.Әлімбаевтың:

Отызға бүгін жеттім мен.


Толғарлық ойлар бар мұнда.
Увертюра біткенмен
Операм түгел алдымда, –
деген жолдар бар. Міне, осы мысалдардың өзі-ақ халықтың көркем ойлау ерекшеліктерінің өзі дамып, жаңарып отырғандығының толық айғағы бола алады. Сонымен бірге, қазақ халқының белгілі бір нәрсеге эстетикалық ұғымы қалыптасқанда, мысалы сұлу қыздың мүсінін суреттегенде жоғарыда айтылғандай төрт түлік малдың мүшелерімен салыстырып (бота көз) отырса немесе қыздың білегіне, беліне, мойнына, басына, қасына, шашына, ерніне, бетіне, тамағына, үніне де ерекше мән беріп, оған белгілі бір образ теңеулер тауып отырған. Бірақ қазақ еш уақытта қыздың аяғының сұлулығы туралы сөз қозғаған емес. Оның себебі, бақташылық, көшпелі тұрмысқа байланысты қазақ қыздары кебіс-мәсі немесе етік киетін болған, көйлектерінің етегі неше жерден желбезек салынып, аяғының басын жасырып, жерге төгіліп тұрған. Оның үстіне әйелдің еркекке аяқ көрсетуі күнә болып саналған. Ал, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты бүгінгі өмірден алынып жазылған пьесасының кейіпкері Арыстановтың сүйген қызын мүсіндегенде «... Көз бен кірпік! Ақ мойын, аяқ-қол... ғажайып!» деген сөзін естиміз. Кәзірде киімді денеге лайықты әдемі кию және адам мүшелерінің сұлу көрінуі де берік орын алып келеді. Адамдардың сұлулыққа, әдемілікке деген талғампаздығы өсіп, жетіліп келеді. Бұл талғампаздық үй ішілік мүлік жүру-тұру т.б. барлығында да көрінеді. Міне, тұрмыстағы осындай өзгеріс жаңалық СССР халықтарының барлығында да бар.
Кейіпкерлердің ұлттық ерекшелігі қазақ халқының өткен дәуіріне арналған шығармаларында айқынырақ көрінеді де, бүгінгі дәуірге арналған шығармалардағы кейіпкерлердің ұлттық ерекшеліктері онша дараланбайды деген алып қашты пікір тудырған кісілер ұлттық ерекшелік деген ұғымның өзі ештеңеге ұқсамайтын, дара қасиет болуы керек деп теріс түсінеді. Абай дәуіріндегі халықтың тіршілігі, әдет-ғұрпы, дәстүрі украин халықтарының тіршілігіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына, ойлау ерекшеліктеріне көп ұқсамайтын. Сондықтан да реалист жазушы сол ерекшеліктерді көрсетпей тұра алмайды. Ал бүгінгі халықтар өмірінің бір арнамен дамып, бір мақсатқа мезгеп келе жатқанын, олардың тіршіліктерінің ұқсас келіп жатқанын ескермеске болмайды. Және де әр ұлттың ұлттық озық дәстүрлерін екінші бір ұлт өз игілігіне пайдаланып отыратын шындығын да көрмеуге болмайды. Олай болса бір ұлтта бар сипаттардың екінші бір ұлтта да болуы, олардың ойлау ерекшеліктерінде ортақ жайлардың тууы да заңды құбылыс. Айталық снарядты, бомбаны немесе жердің спутниктерін орыс, украина, өзбек, татар, қырғыз ақындары мен қатар қазақ ақындары да теңеу етіп алса, бірінен-бірі көшіріп алды деген ұғым тумасқа керек. Өйткені заман шындығы бұл халықтардың барлығына бірдей ортақ. Өзбек те, орыс та, қазақ та біздің спутниктеріміз деп бірдей мақтанышпен айта алады. Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы кейіпкері Семен өзінің сүйген қызы Нина туралы әңгіме шертіп отырғанда мынандай диалогты кездестіреміз.
– Бір күні Нина орнында жоқ болып шықты. Кітапхана қаңырап бос қалғандай көрініп кетті.
– Иесіз қалған окоптай де.
– Я, иесіз қалған окоптай...
Ұлы Отан соғысына СССР-дегі барлық халық өз отанын қорғау үшін жан аямай қатысты. Майдан өмірі оларға окоптың не екенін және де иесіз қалған окоптың сырын жақсы білдірді. Сондықтан да иесіз окоп тек орыс, не қазақ, өзбек жігіттеріне емес, ол майдандағы барлық ұлттар өкілдеріне бірдей түсінікті. Міне ортақ майдан әмірі халықтардың бәріне ортақ образды сурет туғызды. «Иесіз қалған окоп» деген бейнелі сөздің эмоциялық әсері бар ұлт жауынгерлеріне бірдей болады. Сонымен әдебиеттің ұлттық формасының басты бір белгісі ұлттық тіл, оның ішінде әсіресе көркем ойлау ерекшелігі екенін әңгімелегенде халық өмірінің ұзақ жылдар бойы даму процесінде қалыптасқан, басқа ұлттарға ұқсамайтын жеке, дара образды ойлау ерекшеліктерінің болуымен қатар, бүгінгі өмір шындығы тудырып отырған, туысқан ұлттардың бәріне де ортақ, жаңаша ойлау ерекшеліктерінің туатындығын көріп отырмыз. Бұдан біз халықтардың ойлау ерекшеліктері бір-біріне жақындасып келе жатқанын айқын сезінеміз.
Қазақ әдебиетінің кейіпкерлері ұлты жағынан тек қазақ қана емес, көршілес туысқан елдер, тіршілігі, тағдыры бір, қамқорлығы тиген бауырлас ұлттар өкілдері де көріне бастағанын біз өткен тарауда сөз еттік. Олар - орыс, татар, қырғыз, өзбек т.б. ұлттар өкілдері.
Қазақтың көркем шығармаларында, әсіресе, драматургия мен прозасында, басқа ұлт өкілдерінің араласуына байланысты оларды ұлттық кейіпкерлермен ұғыныстыру, түсіністіру, қарым-қатынас жасатуда жазушылардың алдында жаңа міндет тұрды. Мысалы, орыс ұлтының өкілі орысша ойлайды, орысша сөйлейді, ал, қазақ ұлтының өкілі қазақша ойлайды, қазақша сөйлейді, екі ұлт өкілдерінің тілін бір-біріне қандай жолмен жеткізуге болады? Бұл мәселенің шешімі әлі бір арнаға түсіп болған жоқ.
Әдетте, қазақ кейіпкерлерінің ұлттық сипаттарын ерекшелендіре түсу ниетімен оларды орыстармен сөйлестіргенде ол тілдің басын жарып, көзін шығарып, бұзып сөйлейтін «тәсіл» бар. Бұл кейіпкер шығармаларда оқушыға езу тарттырып, юмор жасау үшін де қолданылатыны байқалады.
Бірақ та бұл мәселенің дұрыс-бұрыстығына тоқтау үшін ең алдымен сол кейіпкерлердің өмір сүріп отырған кезеңін, жағдайын, ортасын (среда) еске алмай болмайды.
С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында орыс ұлты өкілімен сөйлескен қазақтың тіліне орыс сөздері бұзылып келіп отырады. Мысалы, «Оянған өлке» романындағы Байжанның аузыма автор орыс сөздерін салады. Бірақ та Байжан орысшасының жалпы нобайы келіп жатыр демесе, орысшасы орысша емес-ақ. Сәлем беріп кіріп келген Елизаветаға Байжан: «Абажди қызым. Бог первой, шалабек опторой!» десе, намазын оқып болған соң: «Шырағым қызым теперь бог прощай. Наулекеде баба шаршайт! Абажди, нотом шай пить буйдым» – дейді. Байжекеңнің осы қойыртпақ сөзіне оқушы еріксіз езу тартып, шын ықласымен күледі. Өйткені табиғи юморы мол адамның жүріс-тұрысына, қалжыңына оның осылай сөйлеуі жарасып та тұр. Бұл мәселенің бір ғана жағы. Ал, басты мәселе, Байжекең өмір сүрген тарихи дәуіріне байланысты. Екі ұлт өкілдерінің жаңа ғана ұшырасып, бір-бірлерінің жанының тереңіне ой жібере бастаған, түсіне бастаған алғашқы бір кезеңдерінде олар іс-әрекетімен қатар тілімен де түсінуге, ұғысуға тырысты. Байжанның бүкіл тұлғасынан, жанының тереңінен басқа ұлттарға деген, әсіресе орыстарға деген, сүйіспендігі айқын көрінеді. Ол қайтсе де өзі достасып, қадір тұтқан орыстарының тілінде сөйлеп, өз жүрегін, жан сырын ұққызуға тырысады. Міне, осы жай С.Мұқанов кейіпкерлерінің басынан да табылады.
Сонымен, бір-біріне достық құшағын ашқан екі ұлт адамдарының алғашқы араласа бастаған кезіндегі, қазақ кейіпкерлерінің тілінде орыс сөздерінің он екі бұралып, сабасына түспей жатуының заңдылығы бар деуге болады.
Ал, одан бері талай уақыт өтті. Совет халқының өмірінде ұлы-ұлы өзгерістер болып жатыр. Орыс пен қазақ ұлттары бүгінде құшақтары айқасып, бауыр басты. Ұлы істерде бір шепте, бір қатарда болды. Баяғы Байжекеңнің ұрпақтары бүгінде орыс тіліне судай жетік болды. Тіпті орыс тілінің даму тарихын, грамматикалық ерекшеліктерін зерттейтін дәрежеге жетті. Олай болса, сол Байжекең заманына сиымды жайлардың бүгінгі дәуірде орынды келе бермейтіні де болады. Бүгінгі қазақ ұлты өкілдерін орысшаны Байжекеңнің тілімен сөйлетудің ешқандай заңдылығы да, келістілігі де жоқ. Осы жерде «Әдебиет және искусство журналында (№9. – 1954.) басылған С.Шаймерденовтің «Ұнамды герой жайында» деген мақаласындағы ұлт өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерінің бастысы «екінші бір тілді бұрып сөйлеушілігінде кездесетін секілді» деген пікіріне, әрине, қосылуға болмайды. Ұлт өкілдерінің ұлттық ерекшелігін сақтау тек қана тіліне байланысты десек, сол ерекшелікті көрсететін басқа да көптеген шарттардың шеңберін тарылтып жіберген болар едік. Ал, кейіпкердің тілі, оның ұлттық ерекшелігін айқындауда белгілі бір дәрежеде роль атқарады десек, ұлт кейіпкерін екінші ұлт тілінде сөйлеткенде оны орынды-орынсыз даурықтыра берудің де шегі, кезеңі болатынын ескермесе болмайды. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Тентек ояздың Базаралыға қамшы соғатын ісіне Абай араласып, одан каталашкаға отырып, ақырында ұлықтар одан жауап алғандағы олардың тіліне оралсақ, жазушы кейіпкерінің қандай ойды қалай жеткізгенін айқын көрсетеді.
«Ондай оязды ел қадірлеуге міндетті емес еді. Сонда да ел бұл кісіге түк істеген жоқ. Үкіметтің қадірін түсіргенге ренжіді де, тек сайлауға қарамай тарап кетті...» деген ойды орыс тілінде жеткізген Абай, кейбір ойларын орысша жеткізерде қиналып, бөгеліп қалғанына дейін жазушы оқушыға білдіріп отырады. «Сондай орысша тіл орамы жетпеген тұс болса, оң жақта отырған тілмашқа салмақты талап етеді» - өтінішсіз тапсырма бергендей боп: «осы тұсын ғана жеткізіп жібер» дейді. Міне, кейіпкердің басындағы осындай шынайы құбылыстар оқушыға еш күдік тудырмастан, көкейіне қонып отырады.
Орысша жап-жақсы білетін, өз ойын сол тілде толық жеткізе алатын дәрежеге жеткен Абайдың сөйлеу тіліне жазушы орыс сөздерін араластырмайды.
Ал, соңғы жылдары жазылған роман, повесть, пьеса шығармаларындағы қазақ ұлты өкілдерінің аузынан орыс сөздері бірен-сарандап қана емес, түйдек-түйдегімен шығып жататын жайлары бар. Енді бір топ кейіпкерлер қазақ тілі мен орыс тілін араластыра, қойыртпақтай сөйлейді. С.Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романындағы Бозжанов: «Шаир-майына анализ жасаңдар. Дұрыс жасаңдар. Это хорошо! Ал, дальше что? Меніңше поощрят ету керек» десе, 3.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесіндегі Дәулет: «Ой горе, мынаны шешіп қолыма алсам ба екен жүдә? Боже, мынауың қала емес, мола ғой бір» дейді.
Кейде, өзінің өткірлігін, бейнелілігін жойып алатын орыс сөздері қазақша аударылса бір сәрі. Әйтпесе, кез келген сөзді орысша айта беру, әрине, жазушының стилін айқындауға не кейіпкердің ұлттық характерін даралауға қызмет ете бермейді.
Ал қазақ кейіпкерлері өзара сөйлескендегі орыс тілін араластырып, былықтырып сөйлеуі тіпті келіспейді-ақ.
Жоғарыдағы шығармалардың авторлары өз геройларының сөйлеу тілін шұбарлағанда, олар оның барлығын ойдан шығарып, жасанды тіл құрап отырған жоқ. Әрине, қазірде, әсіресе, интеллигенция арасында, өзара сөйлескенде бір сөйлемнің ішіне бірнеше орыс сөздерін қосып сөйлеуді әдетке айналдырған кісілер (әсіресе, жастар) аз емес. Мұны біз, екі ұлт тілін орынсыз араластырып, тілді шұбарлап жіберуін, ең алдымен, олардың сол екі тілді бірдей қадірлемеушілігі, сыйламаушылығы деп білеміз. Оның бір жағы сөйлеу мәдениетінің кемдігі десе де болар еді. Өмірде кездесетін осындай құбылыстар жазушыларға, әрине, жеткілікті материал беріп отыр.
Алайда, жазушы естігенін сол естіген күйінде қағазға түсіретін стенограф болмағандықтан да ол өз кейіпкерлерін сөйлеткенде, қайсысының аузына қандай сөз салу керектігін есептеп, талдап отырады. Оның үстіне, өмірдегі әлгідей құбылысқа жазушының бейберекет қарай алмайтыны да мәлім. Сондықтан да сөйлеу мәдениеті кеміс адамдар көбіне жағымсыз кейіпкер болып келеді. 3.Қабдолов шығармасынан мысалға келтірілген шұбар тілді басқа жағымды кейіпкерлердің аузына салмай, Дәулетовке сөйлетеді. Тілді шұбарлаушылыққа жазушы тікелей шабуыл жасамағанмен батпақты жерге біткен қамыстай, жел қалай соқса, солай жантая кететін жағымпаз, екіжүзділеу, кейде жалақорлығы да бар жігіт Дәулетовтың бейнесі арқылы сол құбылысқа өзінің қатынасын, көзқарасын білдіріп отыр. Осы Дәулетов сияқты сұйық жігіттің жағымсыз бейнесі шұбар тілі арқылы да бояуы қалыңдай түсетіні даусыз.
Ал, С.Шаймерденовтың жағымсыз кейіпкерлерімен бірге жағымды кейіпкерлері де талғаусыз екі ұлт тілін араластырып сөйлей береді. Жазушы бұл мәселеге өз тарапынан қарсылығын білдіріп отырмаған жағдайда, кейіпкерлердің әлгіндей тілі оның ұлттық сипатын айқындай түсуде ешқандай қызмет атқара алмайтындығын көру қиын емес. Олай болса бұл жағдай жағымды кейіпкердің бейнесіне күңгірт көлеңке түсіреді. Демек, бұл жазушының пайдасына шешілетін мәселе емес.
Қазақ әдебиетінің кейіпкерлері өзінің ұлттығы жағынан әр алуан болып келуінің себебі мен заңдылығын жоғарыда айттық. Осыған байланысты жазушылар алдында сол ұлттар өкілдерінің өзіндік, ұлттық бейнесін жасау міндеті тұрады. Олардың әдет-ғұрпын, салты мен дәстүрлерін былай қойғанда сөйлеу тілі мен ойлау ерекшеліктері қаншалықты сақталды деген мәселеге келсек, бұл қазақ жазушыларының творчествосында әлі бір жүйеге келе қойған жоқ. Әсіресе, көршілес халықтар (түріктілдес ұлттар) өкідерінің бейнесін даралап, олардың ұлттық бейнесін жасау мәселесі туралы осыны қатты айтуға тура келеді. Көптеген романдарда, повестерде, пьесалар мен поэмаларда кездесіп отыратын татар, өзбек, қырғыз халықтарының өкілдері, көбіне, қазақтан ешбір айырмасы болмайды. Жазушылар олардың аузына кейде өзбекше, татарша сөздер салады да, ол өзбек еді, не татар еді деп өзі айтып береді.
Әрине, кейіпкерлердің өзбекше, не татарша сөйлеп жүргенінен оның қай ұлт өкілі екенін сезуге болады. Бірақ, оны кейіпкердің ұлттық бейнесін жасаудағы басты шарт деп қарауға болмайды. Қазақша жазылып отырған романда әр ұлт кейіпкерлері өз ана тілінде сөйлей берсе, мысалы, орыс орысша, татар татарша, неміс немісше, грузин грузинше сөйлесе ол көркем шығарма емес, түсініксіз бірдеңе болған болар еді. Сондықтан да басқа ұлт кейіпкерлерінің өз тілінде сөйлеуі шарт емес. Ал, қазақ романдарындағы өзбек, қырғыз, татар ұлттары өкілдерінің өз ана тілінде сөйлегендігінің өрескел болмайтыны, олардың тілдерінің бір-біріне түсініктілігіне байланысты. Сондықтан да бұл ерсі көрінбейді, жат та сезіле бермейді. Және олар да үнемі өзбекшелеп, татаршалап кете бермейді. Жазушы олардың диалогтерін көбіне қазақ тілінде беріп отырады. Оны біз Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Самед пен Ә.Нұрпейісовтың «Күткен күніндегі» Хмара, т.б. бейнесінен анық көреміз. Сонымен, көркем шығармада басқа ұлт кейіпкерлерін өз ана тілінде сөйлету арқылы ғана оның ұлттық бейнесін айқындауға тырысушылық, әрине, тым оңай жол.
Көршілес халықтар мен ұлттар өкілдерінің ұлттық бейнесін даралап көрсетуде қазақ әдебиетінде айтарлықтай жетістіктің болмай келе жатқанына әртүрлі себептер бар сияқты. Біріншіден, қойы қоралас, түтіні аралас отырған көрші ұлттардың тіршілігінде дүние тануында қазақтармен көптеген ұқсастықтар бары даусыз. Бірақ, осы ұқсастықтармен бірге оларда біріне-бірі ұқсамайтын өздеріне ғана тән ерекшеліктері де бар. Жазушы өз кейіпкерінің сол ұлттық ерекшелігін жіті біле бермейді, яғни сол халықтың өмірін саяз біледі. Екіншіден, бұған басқа ұлт өкілдері қазақ шығармаларында көбіне эпизодтық кейіпкер дәрежесінен аса алмай келе жатқандығы да себеп болу керек. Өйткені бір ғана оқиға, штрих үстінде жалт етіп жоқ болып кететін кейіпкердің бойынан бүкіл бір халыққа тән ұлттық ерекшеліктерді көрсете-білу, әрине, мүмкін емес. Сондықтан да жазушы басқа ұлт кейіпкерлерін өзінің ұлттық психологиясымен даралап көрсете алмайды. Алайда, бұл ретте біраз жетістік барын Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романындағы өзбек Самедтің образынан байқауға болатынын атамай кетуге болмайды. Онын өзбек екенін танытатын «ака», «һам» деген сөздері ғана емес, ол көбіне өз халқының ауыз әдебиетіндегі сүйікті кейіпкері Қожа-Насреддиннің тапқыр сөздерін ұтымды пайдаланып, оны қайта тірілтіп, өз ойынан оның жаңа бейнесін жасап жүргендігінде. Бұл оның ұлттық бейнесін айқындайтын бір ғана сипаты.
Қазіргі кезде СССР халықтарының өзара достығы олардың биік сипатты, тамаша қасиеттерінің бірі болып саналады. Бұл ретте, әсіресе, орыс халқының ағалық қамқорлығын ерекше атап айтуға болады. Қазақтың құлашын кең жайған сахрасының өзгеруі, өндіріс орындарының көбеюі, тың және тыңайған жерлерді игеруде орыс халқының сіңірген еңбегі орасан зор. Қазақстанның экономикасымен қатар, мәдениетінің де, әдебиетінің де өркендеуіне бұл аға халықтың үлкен ықпалы тигенін атамай кете алмаймыз. Сондықтан да қазақ әдебиетінде орыс ұлты өкілдерінің бейнесі суреттелуі, олардың қамқорлығының көрінуі заңды құбылыс. Реалист жазушы бұл шындықты аттап кете алмақ емес.
Қазақ әдебиетінде орыс адамдары эпизодтық қана кейіпкер емес, басты геройдың бірі ретінде көрініп келеді. Және де туысқан ұлт өкілдерінің ұлттық бейнесі молырақ, айқынырақ көрініп келе жатқаны да орыс ұлтының өкілдері екенін байқаймыз.
Көркем шығармадағы кейіпкердің тілі, оның ұлттық сипатын айқындауға қатысы бар дедік. Алайда бұл оны өз ана тілінде сөйлету деген сөз емес. Оларды өз ұлтының тілінде, немесе, екінші бір ұлт тілін бұрып сөйлетпей-ақ, сол кейіпкердің ұлт тілінің кейбір грамматикалық құрылыстарын, ойлау ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақша сөйлетуге болатындығын көрнекті жазушыларымыздың шығармаларынан анық көреміз. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы орыс өкілдері өз тілінің синтаксистік құрылысын сақтап отырғандығын байқау қиын емес. Сөйте тұра ол қазақ оқушысына түсінікті, ұғымды келеді. Мысалы, стражниктің «Қарашы, киргизин оқымысты боп алған! Бабаң мен әкең үшін де осы каталашкада оқып алайын деп жатырсың ба? Күндіз саған жетпеді ме?» Немесе надзитарель Хамутовтың: «Құнанбаев, дежуркаға жүр. Саған ауылдан әке келген» деген сөздері олардың ұлтын айтпаса да тілінен-ақ қазақ емес екендігі сезіліп тұрады. Осы эпопеядағы Михайловтың, Козловтың, Лосовскийдің, Кошкиннің, сөйлеу тілі Құнанбайдың, Абайдың, Бөжейдің, Оразбайдың, Жиреншенің, Дәркембайдың, Базаралының ешқайсысына ұқсамайды. М.Әуезов орыс кейіпкерлерін орысша ойлатып, орыс тілінің сөз құрамын алады. Сонымен бірге, орысша оқыған Әбіш те орыстармен сөйлескенде орысша ойлап, сөйлемін орысша құрып отырады. Павлов кіріп келгенде Әбіш: «О, қандай тамаша! Қандай жақсы сюрприз! Келіңіз, мұнда келіңіз!» деген сөйлемін оқимыз. Осындай жайды С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» атты пьесасындағы Чернышевскейдің Шоқан туралы айтқан «Мүмкін ол қазақ халқының Грибоедовы болуы» деген сөзінен де байқауға болады. Дәл осы ойды қазақ өкілі «оның қазақ халқының Грибоедовы болмасына кім кепіл» деп айтқан болар еді. С.Мұқанов орыс ұлтының өкілі Чернышевскийдің сөйлеу тілін әдейі, орыс тілінің сөйлеу құрылысымен алып отыр.
Орыс ұлты өкілдерінің сөйлеу мәнерін орыс тілінің сөйлеу құрылысына жақындатып алуға тырысушылық тек М.Әуезов, С.Мұқанов қана емес, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, X.Есенжанов, 3.Шашкин, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, 3.Қабдолов, С.Шаймерденов, т.б. жазушылардың шығармаларында да кездесіп отырады. Т.Ахтанов бір кейіпкерінің аузына «...Ал, Раушан сенің қарының ашқан шығар. Қазір тамақ ұйымдастырамыз...» деген сөз салады. Бұл орысша «организуем» деген сөздің мағынасы ғой. Әдетте қазақ тамақты ұйымдастырамыз деп айтпаған. Сөйте тұра осы ұғым қазақ оқушысына да түсінікті, ұғымды келсе, екінші жағынан орыс ұлты өкілінің ойлау ерекшелігін дәл беріп отыратынын көреміз. Мұндай мысалды, әсіресе, 3.Шашкиннің творчествосынан анық байқауға болады. «Ұядан ұшқанда» повесінде жазушы Фальковскийдің аузына: «Шыбынды пілге айналдырудың керегі не?» деген сөз салады. Бұл орыстың ойлау ерекшеліктерінен туған ойлары, идиомдық сөздері ғой («Из мухи слона делать»), Кейіпкердің ұлттық ойлау ерекшелігін жазушы сақтай алған және де оны қазақша түсінікті етіп бере білген. Әрине, идиомдық сөздердің бір тілден екінші тілге аударылғанда мағынасын жойып кетіп отыратындары аз болмауы мүмкін. Бірақ қайткенде де жазушы әр ұлт өкілдерінің сөйлеу тілін оның ұлттық ойлау ерекшеліктерінен бөліп алмауы керек.
Өзбек, татар ұлт өкілдеріне қарағанда, орыс адамдарының сөйлеу тілін жасауда әлде қайда жетістік бар екенін мойындасақ та, дәл баспаушылық, жаңсақ кетушілік те әлі орын алып келеді. Әсіресе, орыс ұлты өкілдерінің ойлау ерекшеліктері тым қазақыланып кететіні туралы ертеректе С.Мұқановтың «Сырдария» романындағы Полевой жайында дұрыс айтылып жүрген еді. Осы жай тек «Сырдария» романында ғана емес, тіпті соңғы жылдары жазылған көптеген шығармаларда әлі де аракідік ұшырасып отырғанын көруге болады. Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романындағы Полищук былай дейді:
«Кім білсін. Может саданули егі,... связист деген халық та мына біздер, шабармандар, сияқты, өздері оқ атпайды. Бірақ, немістің оғына ілігеді. Қосақ арасында кетеді».
X.Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы Михеев былай дейді: «...Мен төтелеп отказ жасаудан көрі, жараның уын шығармаймын деп ұзын арқан, кең тұсауға салып...».
Жас жазушы К.Тоқаевтың «Тасқын» повесіндегі орыс өкілінің аузына: «кәрі қойдың жасындай жасым қалды» деген сөздер салады. Әрбір адамның ойлау ерекшелігі оның ұлттық психикасының ерекшелігіне байланысты деген тұрғыдан қарағанда Полищуктің «қосақ арасында», Михеевтің «ұзын арқан, кең тұсау», Тоқаевтың кейіпкерінің «кәрі қойдың жасындай...» деген сияқты мысалдардың өзі қазақтың тұрмысынан туған, психикасына қалыптасқан ойлар, ұғымдар ғой. Олай болса бұл орыс ұлты өкілдерінің психикасына дәл келе бермейтін жай екенін айтпауға болмайды. Мұндай жағдайда орыс ұлтының өкілдері еріксіз қазақша ойлап, өздері қазақыланып кететін қаупі туады.
Сондықтан да әрбір ұлт өкілдерінің ұлттық бейнесін жасауда оның сөйлеу тілін ұлттық образды ойлау ерекшелігінен бөліп алмай, табиғи заңды түрде алу керек дегіміз келеді. Әйтпеген күнде ұлттық кейіпкердің бейнесін жасауда жасандылық пайда болуы мүмкін.
СССР халықтарының совет дәуіріндегі әдебиеттері сияқты қазақ халқының әдебиеті де жаңа тақырыпты, жаңа адамдардың жаңа психикалық пішіндерін, жаңа типтерін жасау үстінде ұлттық форманы байытудың және сол форманы көркемдендіре түсудің жаңа мүмкіндіктерін тудыруда елеулі үлес қосып келеді десек асыра айтқандық болмайды. Ұлттық форманың мазмұнға сай, заңды даму жолдарының бір саласы қысқаша қорыта айтқанда осындай.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет