Октябрьдің өкімі,
Алып мықты – палуан22, –
деп оны күрес алдында жауырыны жерге тимеген, мерейі асқан палуанға теңеуі де орынды.
Қазақ әдебиетінде, жалпы алғанда, империалистер туралы көптеген өлеңдер жазыла бастады. Ақындар оларды ауыз әдебиетіндегі жағымсыз кейіпкерлерге қолданылатын эпитет, метафоралар арқылы (жалмауыз, жылан, айдаһар т. б.) бейнеледі.
Бұл теңеулер I.Жансүгіров творчествосында да кездесіп отырады. Алайда, суреткер ақын ешуақытта дайын образға қанағаттанып көрген емес. Ол қандай тақырыпты жырласа да өз үнін естіртіп, өз бояуын сездіріп, өз нақысын танытады. «Қанды қыран» өлеңінде ақын империалистік күшті «Қан қанат, у тегеурін, тісі жылан...» немесе «Жөтелсе зеңбіректің оғын бүркіп, оқ саңғып, үстіне от құсатындай» қанды қыранға теңейді. Байқап отырсақ, империалистер ертегідегі дүлей қара күш – жауыздықтың иесіне ұқсап кетеді. Тіпті қыран құстың өзі әдебиетте теңеу ретінде жиі қолданылатын құс. Онда I.Жансүгіровтің өзіндік нақысы қайсы? Жаңалығы қайда жатыр? – деген сауал туады.
Мәселе бұл жерде ақынның алып отырған образдарының бұрын-соңды әдебиетте барында немесе жоғында емес, әдебиетте бұрын бар бейнелеудің жаңарып, жаңа бір бояумен көрінуінде болып отыр. Мысалы, қыран құс әдебиетте образ ретінде ертеден бар жағымды бейнеде алынатын. Ол көбіне ерліктің, өжеттік, батырлықтың символы ретінде жүретін. Ал, I.Жансүгіров сол құлаққа сіңісті болған дәстүрлі образды керісінше қолданғанда, бұл образ әдебиетте тың бейне болып көрінеді.
Еңбекші елді қанаған, қанын сорған обыр империалистерді ақын қанды қыранға теңегенде оны қалай болса солай ала салған жоқ. Ақын қыран мен империалистердің арасынан бір ұқсастық тауып отыр.
Қыран – жыртқыш құс. Әлі жеткен момын аңдардың қанын төгеді. Империалистер де дәл сондай, еңбекші халықтың жазықсыз қанын төгеді, қанайды. Әдетте, қыран – қызылға қаны қас құс. Қызыл көрсе оған бір шүйілмей, реті келсе түспей кетпейді. Ал, қыран қызылға қандай өш болса, империалистер де СССР-дың қызыл туына сондай өш. Социализмнің қызыл туына күші жетсе олар шүйілмей, түспей кете алмақ емес. Міне осы сияқты ұқсастықтар I.Жансүгіровке империалистерді қанды қыранға теңеуге мүмкіндік беріп, қыранның дәстүрлі жағымды бейнесін жағымсыз бейнеге айналдырған.
Дәстүрлі әдебиетте қырғи, қаршыға, лашын, бүркіт сияқты құстардың барлығы да, жоғарыда айтқандай, жылдамдық, ерлік, батырлықтың символы ретінде қолданылатын. Осы дәстүрді қазақ әдебиетінде ең алғаш бұзып, жаңа бейне жасаған ақын Сәбит Дөнентаев.
Тұңғыш рет С.Дөнентаев «Бозторғай» өлеңінде жыртқыш құстарды нақты образ бейнесінде жырласа, I.Жансүгіров оларды теңеуге айналдырған.
Жырына өзекті тақырып таба білген ақын жаңа образ арқылы жырлауды өзінің парызы санаған. Ол біреуге еліктемек түгіл, өзін-өзі қайталағысы келмей, үнемі ізденумен, жаңа образ жасаумен болады. Оның революция, халықаралық тақырыптарға арнап жазған өлеңдерінің ішіндегі ең шоқтығы биік тұрғаны «Гималай» атты шығармасы.
«Гималай» – Ілияс шығармаларының ішінде айрықша айшықтысы, әдемісі, мазмұны мен түрі қиысқан, төрт тақтасы түгел жатық, тыңнан ойғандай тұтас, қорытып құйғандай сом, кесек шыққан көркемі. Оның идеясы – терең, нақ, шын өмірлік идея. Оның екпіні мен әуені шын өмірлік, табиғи сезімнен туған, нағыз толқыған ақын жанынан жарып шыққан23, – деп бағалайды М.Қаратаев. Бұл пікірден біз де ешқандай артық бағалаушылықты көрмейміз.
Ілияс қазақ поэзиясында халықаралық тақырыпқа алғашқы жазған ақындардың бірі болды дедік. Бұл тақырыпқа жазылған қай өлеңдерінде болсын ол ең алдымен отаршылдық саясатқа қарсылық білдіріп, үн қатады.
20-жылдар – шығыс елдерінің жаппай отар болған кезі. Құлдың бұғауындағы елдер кейде қарсылық білдіріп, бірақ ол бұғауды үзе алмай, қайшылықтың шиеленісе түскен жайы бар-ды. Міне, халықаралық өмірдегі осы жағдайға совет ақыны үн қатпай отыра алмады.
Ілияс Жансүгіров творчествосында байқалатын бір жай, ақын кейде халық жайынан сөз қозғағанда оны халық демей, жиынтың образ арқылы береді. Шығыс халықтарының жиынтық бейнесі ретінде Ілияс Гималай тауын алады. Ақынның осы бір шеберлігін, яғни «Ел бейнесін тау бейнесіне меңзеу әбден тапқырлық»24, – деп бағалайды Ә. Тәжібаев.
Айтылған пікірімізді толықтыру үшін шығармадан үзінді келтірейік:
Достарыңызбен бөлісу: |