«Тарбиған Тарбағатай жердің құты» болған, «Оранған ақ кебенек аруақты Алтай» үшін ерте заманнан бері талас-тартыстар болып келген жайды ақын:
Ертеде сол асқардың сәулетіне, Қиыспай қырғындасқан талай жұрты72, – деп кетсе, жылысып бір мінезбен жылжып аққан Іле өзенінің жағалауы үшін талай шайқасулар болғанын ақын: «Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле» деп сездіріп отырады. Бұл I.Жансүгіровтің ақындық өнерінің құдіретін анық танытқан, осы уақытқа дейін жазған өлеңдерінің бір қорытындысы. Ақын әрбір көріністі көркем бейнелеулермен ғана береді. Көркем теңеулерді қысылмай еркін таба біліп, оны қынжылмай барынша мол пайдаланып, көркем бояуды армансыз-ақ жағатынын көреміз. Аяқ бассақ бейнелеу, образ.
Жетісу кеудең асқар, аяғың көл, Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл, немесе: Шегіскен шоғыр асқар қатпарланып, Қия құз мұсатыр мұз жақпарланып, Емес пе көк ала бас, ақ буралар Оралған шудалары мақпалданып73, – десе, енді бірде мұз көйлек киген, белін мұнара сағыммен буынған, бір-біріне тұтаса ұласқан таулар түйе бейнесінде алынады. Ал, көкала бас ақ буралар оның қарлы шыңдары болады да, бураның мақпал шудалары –тау етегіндегі бұйра ағаш, ормандар бейнесінде елестейді.