Көзінен күлкі өшпентін,
Өнер мен ойы өспейтін –
Осы бір ағаң-ағаң-ақ
Сенен артқан досы жоқ.
Кебісін қойсаң ағалап
Сенен артқан қасы жоқ.
Мінін айтсаң шамалап.
Мақтай берсең панаң-ақ
Мақтамасаң қағанақ
Өлеңнен байқап тұрған адамымыз, мақтағанды ғана сүйіп, сынасаң өшігетін, менменсінген соқыр кеуде жан. Ал, ақын оны сынағанда қандай эстетикалық идеал тұрғысынан сықақтап тұр! Ақынның идеалы ап-айқын. Ол өтірік жалған күлмейтін, өнерлі, жөнді, орынды, сынды көтергіш, өз кемшілігіне сын көзбен қарайтын, әділ парасатты адам. Міне, жазушы осындай болмадың деп сынап отыр.
Егерде жазушы сол кемшілікті белгілі бір эстетикалық идеал тұрғысынан сынай алмай, құр фактіні ғана көрсетіп қойса жалған шындық осыдан туар еді. Бұндай қорытынды – шығарманы натурализмге соқтырар еді. Осыдан келіп типті шындықты бұрмалау келіп туар еді.
V
Совет әдебиетінің социалистік мазмұны оның нағыз халықтық әдебиет екендігіне де тығыз байланысты. Бұндай жарты ғасыр бұрын В.И.Ленин пролетарлық әдебиеттің он мыңдаған үстем тап өкілдері үшін емес, миллиондаған, он миллиондаған еңбекші халыққа қызмет атқаратындығын атап көрсетті. Коммунистік партия бұқара халықтың партиясы болғандықтан да халық мүддесінен басқа онда ешқандай бөгде мақсат жоқ. Олай болса партиялық әдебиет – халықтық әдебиет болмасқа ешбір правосы жоқ.
Әдебиеттің партиялығы мен халықтығы – коммунистік қоғам құру үшін күрестің ең жоғарғы көрінісі. «Кімде-кім халықпен бірге болғысы келсе,- дейді Н.С.Хрущев, – ол әр уақытта партиямен де бірге болады. Кімде-кім партияның позициясында берік тұрса, ол әр уақытта халықпен бірге болады». Әдебиеттің партиялығы жазушының белгілі бір партияға мүше болғандығында не болмағандығында емес, әдебиеттің партиялығы мәселесі – шығарманың озық идеялылығы, халық мүддесіне жат идеологияның қандай түріне болса да төзбейтіндігінде.
Шетел идеологтері совет әдебиетінің партиялық принципі халықтығы жөнінде әр түрлі сындар айтып, міндер тағып келеді. М.Шолохов жазушылардың Бүкіл одақтық II съезінде сөйлеген сөзінде ондай сандырақтарға қатты тойтарыс берді.
«Шетелдердегі күйінген жаулар, біздерді, совет жазушыларын, партияның нұсқауымен ғана жазады екен деп кіналағысы келеді. Мәселе сәл өзгешерек; біздің әрқайсымыз өз жүрегіміздің нұсқауымен жазамыз, ал біздің жүрегіміз бар өнерімізбен қызмет етіп келе жатқан партиямыз бен сүйікті халықтарымыздікі»1.
Н.С.Хрущев жазушылар, суретшілер мен скульпторлардың алдында сөйлеген сөздерінде совет әдебиетінің тарихи маңызын ерекше атап өтті. Әдебиет пен искусство халық өмірімен тығыз байланысты болуы тиіс, ол халық өмірінің әр алуан ерекшеліктерін, кері тартқан кемшіліктеріне дейін шынайы түрде көрсете білуі тиіс. Совет адамдарының тамаша ерлігін, асыл арманы үшін күресін, моральдік асыл қасиеттерін көрсетуі тиіс. Әдебиет пен искусствоның ең асыл, қоғамдық міндеті коммунистік құрылыста жаңа табыстарға жету жолындағы күреске үндеу, соған ынталандыру екенін атап көрсетті.
Соңғы жылдары совет жазушылары бүгінгі күн тақырыбына шұғыл бет бұрып келеді. Социалистік реализм әдісімен жазылған шығарма бүгінгі қоғамдық озық ой дәрежесіне көтеріліп, социалистік мазмұнын айқын көрсетіп отыру керек. Совет жазушысы коммунистік партияның идеясы бірден-бір дұрыс, озық идея екенін жақсы біледі, сондықтан да партияның сара жолынан бағыт алады және сол үшін күреседі. Әрине, әдебиеттің партиялығы деген мәселені тар мағынада түсінбеу керек. С.Мұқановтың «Ботакөз», Ғ.Мұсафиннің «Дауылдан кейін» т.б. шығармаларда бірінде революцияға дейінгі қазақ ауылындағы тап тартысы, революциялық күрес, соңғысында революция жеңіп, қазақ ауылдарын советтендіру кезіндегі тап тартысы суреттелген. Шығармалардағы қазақ кедейлерінің революциялық санасының ояна бастауы, олардың революциялық іске араласуы, ақырында буржуазияны құлатып, өкімет билігін өз қолдарына алып, бұқара халықтың қамқоршысы бола білуінен, партиялық бағыт айқын көрінеді. Тіпті ол ғана емес, бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармалардағы жаңа мен ескі арасындағы тартыстар жеке меншіктік психологияны қоғамдық мүдделердің, ескіні жаңа көзкарастың жеңуінен де партиялық бағыт айқын көрініп отырады. Ал, біздің ақындарымыздың қаламдарына неше алуан табиғат лирикалары мен махаббат сезімдеріне арналған лирикалық шығармалар туып жатыр. Табиғат лирикаларында туған жер, отан табиғатына деген сүйіспендік сезіледі, демек, осы екі тақырыпта былай қарағанда нақтылы партиялық бағыт жоқ сияқты. Осыдан келіп оның қажеттілігі қанша деп қарайтын болсақ, біржақтылыққа душар етер еді. Бұл совет әдебиетінің социалистік реализм әдісінің мол шеңберін тартылтуға әкеліп соғар еді. Жалған, мансапты махаббат емес, шынайы адал, кіршіксіз таза махаббат нағыз адамгершілік моральға жататын болса, бұл совет адамдарының да жақсы идеалдарының бірінен саналады. Коммунистік партиялық адамзатқа тән озық, жақсы, асыл қасиеттердің ешқайсысын да жат санап, сыртқа теппейді. Адам баласының бойындағы барлық асыл қасиеттердің ұрығын себу совет әдебиетінің партиялық принципіне қайшы келмейтінін көреміз. Өзінің идеялық және көркемдік сапасы арқылы халықтың қажетіне жарап, оларға эстетикалық ләззат бере алған шығарма ғана халықтық сипатқа ие бола алады. Олай болса әдебиеттің халықтығы совет әдебиетінің социалистік мазмұнының бөлінбес бір қасиеті болып саналады.
«Әдебиеттің халықтығы туралы» деген мақаласында Р.Бердібаев көркем әдебиеттің шынайылығы, оның өмірлілігі халықтығында екеніне жақсы талдау жасайды. Зерттеуші өзінің зерттеп отырған проблемасын ғылыми сатыға көтере білгендігін көреміз. Алайда, Р.Бердібаевтың «Әдебиеттің мазмұны социалистік болатыны оның социалистік өмір шындығын керсетуінде»1 деген пікіріне дау айтуға тура келеді. Егерде, бұл пікір жаңсақтықтан кіріп кеткен болса, бұл жайында арнайы сөз козғап жазудың қажеті де болмас еді. Амал не, Бердібаевтан басқа әдебиеттің социалистік мазмұнын социалистік өмір тақырыбынан іздеушілер де кездесіп қалып жүреді. Социалистік өмір шындығын көрсеткендіктен совет әдебиетінің мазмұны социалистік болады десек, аты әйтеуір социалистік өмірден жазылған шығармалардың барлығы да осы мазмұнға ие болып шыға келер еді. Бірақ, нені көрсетті де ғана емес, мәселе ең алдымен қалай көрсетті де ғой. Шығармасының бар материалдары социалистік өмірден алынып, бірақ идеялық бағыты, социалистік мазмұнға сай келе бермейтін жағдайлар кездеседі ғой. Дудинцевтің «Не хлебом единым» атты романы дәл осындай күйге ұшыраған жоқ па еді. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, әдебиеттің мазмұны социалистік болатынын, оның социалистік өмір шындығын көрсетуінен іздесек, халықтың социалистік құрылысқа дейінгі дәуірінен жазылған М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романдарының мазмұнын қайдан іздеу керек? М.Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында маркстік-лениндік ілімнің негізінде социалистік реализм әдісінің принциптерін басшылыққа ала отырып, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірін тамаша суреттеп берді. Таптық қоғамдағы үстем таптың зорлығы мен зұлымдығын, әділетсіздігін әшкереледі, кертартпа күштерге қарсы күрескен озық, прогрессивті күштердің жарқын болашағының барын анық байқатты. Өткен дәуірдегі халық өмірінің шындығын М.Әуезов социалистік көзқарас тұрғысынан суреттеп, оқушысын коммунистік идея рухында тәрбиелейді. Совет әдебиетінің мазмұны социалистік болу себебі халық өмірінің қай дәуірін көрсетсе де, жазушы оны социалистік идеал тұрғысынан суреттеуінен, адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің дәнін сеуіп, оқушысын революциялық рухта, интернационализм идеясымен тәрбиелеуінде.
Бұл жай Совет Одағы Коммунистік партиясының Программасында айқын бейнеленген.
«Ұлттық мәдениеттердің өзара бірін-бірі байытып отыруына, социалистік ұлттардың өмірлік рухани салт-санасының жақындаса түсуіне жәрдем етуді»2 КПСС өзінің алдына міндет етіп қояды.
Нағыз шынайы көркем шығарма ешуақытта тек сол өзінің жазылған ана тілінде ғана құнды болып қала алмайды. Сонымен бірге ол басқа да тілек-мақсаттары ортақ халықтардың игілігіне айналады. «Қазақстанның көркем әдебиет» баспасынан жылма-жыл қазақ тілінде шығарылып жатқан, дүниежүзілік елдердің демократияшыл жазушыларының және ұлт республикалары жазушыларының көптеген шығармаларын атасақ, Жамбыл Жабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, т.б. көптеген ақын-жазушылардың шығармалары одақтық ұлт республикаларымен қатар, шетелдер тілдеріне аударылған фактісі де міне соның дәлелі бола алады.
Социалистік қоғамның қозғаушы күшінің бірі – советтік патриотизм идеясы. Сондықтан да совет әдебиеті халықты патриотизм рухында тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңіріп келеді. Советтік патриотизмнің басты бір ерекшелігі – советтік құрылыстың негізі болып отырған социалистік меншікке, еңбекке деген жаңа, коммунистік көзқарас болса, совет әдебиеті халықты осы рухта тәрбилеуге, совет адамдарының саяси-моральдық сипатын коммунизм идеясы рухында қалыптасуына күш салады. Социалистік мазмұнды совет әдебиеті өзінің басты мақсаты – коммунистік қоғам орнату жолындағы кедергі-тосқауылдардың қандай түріне болсын қарсы күресіп отырады, сөйтіп, социалистік мазмұнды әдебиет совет адамдарының бойындағы бар жақсы асыл қасиеттерін ілгері дамытуға мүмкіндігінше жәрдемдесіп отырады. Коммунистік партияның совет әдебиеті жөнінде ұстап отырған саясаты осындай. Қорыта келгенде, көптілді совет әдебиетінің идеялығы, партиялығы, халықтығы өзара байланысты болса, осылардың барлығы келіп, совет әдебиетінің социалистік мазмұнын айқындайды.
Әр тілде, әр түрлі ұлттық формада туып, дамыған, ұлт республикалары әдебиеттерінің бір-біріне жақындығы, өзара байланысы, ең алдымен әдебиеттің осы социалистік мазмұнында жатыр.
Совет әдебиеті жаңа типті әдебиет, ең демократияшыл, халықтық әдебиет дегенде, тағы да қайталап айтуға тура келеді, ол жоқтан бар болмайды, таптық қоғамдағы әдебиеттің демократияшыл элементтерінің негізінде жасалады, соның жаңа қоғамдағы жаңа сипат алған жалғасы болып саналады. Жаңа қоғам әдебиеттің алдына жаңа міндеттер қояды, осыған орай жаңа мазмұнды әдебиет өз жаңалықтарын тудырады. Социалистік елде қанаушы тап болмағандықтан да, реакцияшыл мазмұндағы әдебиет сол езуші таппен бірге жойылады. Сондықтан да совет әдебиеті халықтық, жаңа типті, социалистік мазмұнды әдебиет болып саналады. Әрине, совет әдебиетін тұтас алып қарағанда оның жаңа мазмұны оп-оңай, бірден туа қалған жоқ. Ең алдымен, әр ұлт әдебиеттерінің ішіндегі буржуазиялық элементтер мүмкіндігінше кедергі жасап бақты. Бұл кедергілер әр ұлт әдебиетінің даму дәрежесіне орай, әртүрлі жағдайда, әртүрлі дәрежеде жүріп жатты. Социалистік революция тұсында әр ұлттар мен халықтардың әлеуметтік-мәдени дәрежесі әр сатыда болғаны белгілі. Бірсыпыра ұлттарда капитализм толық орнаса, бірсыпыра елдерде капитализм жаңа ғана ене бастады. Қазақ, қырғыз, түрікпен, т.б. халықтарда феодалдық-рулық құрылыс берік орын алып келді. Міне, қоғамдық құрылысының, осындай, әр дәрежеде болуының негізінде сол ұлттар мен халықтар әдебиетінің дәрежесі де әртүрлі болды. Орыс, украин, белорус, грузин, т.б. халықтардың жазба әдебиеті әлдеқашан қалыптасса, қазақ, түрікпен сияқты халықтардың жазба әдебиеті XIX ғасырдың екінші жартысында туа бастады. Көптеген ірілі-уақты басқа халықтарда тек қана ауыз әдебиетінің нұсқалары болды, жазба әдебиеті тек совет дәуірінде ғана туып дамыды. Жаңа социалистік әдебиеттің қалыптасып, ерекше қарқынмен дамуына бұл жағдай қиындық тудырмай қалған жоқ. Қазақ әдебиетіне келсек, оның жазба әдебиетінің тарихы онша көп емес-ті. Қазақтың бай ауыз әдебиетімен бірге, тарихи әдебиеті XVIII ғасырда туса да, шын мағынасындағы жазба әдебиет XIX ғасырдың екінші жартысында Абай поэзиясынан ғана басталады. Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін қазақ әдебиеті негізінде поэзия саласында дамып келді де, проза енді ғана бой көрсетіп келе жатты, драматургия әлі туған жоқ десе де болады. Бұрын дамыған, бай үлгісі бар қазақ поэзиясының өзі жаңа дәуірде жаңа мазмұнға ие болды. Бір кезде тек қана поэзиясы бар қазақ әдебиеті аз уақыттың ішінде барлық жанрлары дамыған, прозада «Абай жолы» сияқты эпопеясы бар қабырғалы әдебиетке айналды. Қазақ әдебиеті бұл күнде тек Одақтық емес, дүниежүзілік аренаға шықты. Осынша аз уақыттың ішінде әдебиеті шарықтап, тез дамыған тек қазақ халқы емес, басқа да көптеген халықтар әдебиеті осындай биік белеске көтерілді. Мұның сыры неде? Мұның сыры социалистік қоғамның жеңісіне байланысты.
КПСС Орталық Қомитетінің Совет Одағы Қоммунистік партиясының XXII съезіне жасаған есепті баяндамасында Н.С.Хрущев былай деді:
«В.И.Ленин коммунистік қоғамның бірыңғай мәдениетіне апаратын жол капиталистік езгіден азат болған әрбір халықтың ұлттық мәдениетін көркейтіп өркендету арқылы өтеді деп көрсеткен болатын. Социалистік ұлттардың творчестволық қарым-қатынас жасап, ынтымақтасуының барысында бүкіл совет мәдениетіне ортақ жаңа сипаттар пайда болып, дамиды, олар өзара бірін-бірі байытады. Біздің міндетіміз – социалистік мәдениеттердің интернационалдық бірлігін қастерлеп, қолдап, оның дамуына жәрдемдесіп отыру»I.
Коммунистік партия халық таланттарының көзін ашып, оның дамуына бар мүмкіндік жасап келеді. Халықтар достығы негізінде олардың әдебиеттерінде де өзара байланыс, әсер-ықпалы болды. Мұның барлығы совет әдебиетінің жаңа социалистік мазмұнын, интернационалдық мазмұнын айқындады.
VI
«Совет әдебиеті жалғыз орыс тілінің әдебиеті емес, бүкіл одақтық әдебиет» деп бағалаған М.Горький жазушылардың Бүкіл одактық I съезіндегі баяндамасында, ұлт республикалар жазушылары туралы былай дейді: «...Өйткені олардың әр қайсысы (ұлт жазушылары – М.Д.) тек өз халқына емес, социалистік республикалар одағы мен автономиялы облыстардағы халықтардың бәріне де қызмет етеді. Тарих орыс жазушыларына қандай жауаптылық жүктесе, оларға да сондай жауаптылық жүктеп отыр»II.
«Совет әдебиетіне тек біздер – орыс жазушылары ғана келіп қойғанымыз жоқ,- деп жазды А.Фадеев, – еліміздегі басқа халықтар да жыл сайын көптеп келіп жатты: Озық поэтикалық мәдениетімен украин, грузин, содан кейін, жазу-сызуын тек революциядан кейін ғана бастаған қырғыздар келді. Бұлардың барлығы да өз дәстүрінің қайталанбас үлгілерін және өз ұлттық түрлерін өздерімен бірге ала келді». Социалистік мазмұнды совет әдебиеті көптілді әдебиет. Социалистік мазмұн әр одақтас ұлттар мен халықтар әдебиетінің ұлттық формалары арқылы жүзеге асып келеді. Азербайжан халқының аса көрнекті ақындарының бірі Самед Вургун, совет әдебиетінің осы ерекшелігін бейнелі түрде былай деп жазды: «Совет поэзиясы көп үнді оркестр сияқты. Әрбір аспап өз халқының үнін шығарады да барлық үн ұласа келіп, социалистік поэзияның әуенін жасайды»I.
Мазмұн әлеуметтік категорияға жататындықтан да, қоғам өзгеруіне орай ол да өзгеріп, жаңа сипат алып отыратындығына біз жоғарыда қысқаша шолу жасадық. Марксизм-ленинизм ілімі мазмұн мен форма мәселесін бір-бірінен бөлмей, диалектикалық бірлікте қараумен қатар, мазмұнға қарағанда форманың әлдеқайда тұрақты болатынын да теориялық жағынан дәлелдеп берді. Жаңа мазмұн жаңа форманың тууын талап етеді, қажет етеді. Бірақ жаңа форма бір дегеннен туа қалмайтындықтан да алғашқы кездерде жаңа мазмұнның өзі уақытша болса да ескі форма арқылы көрініп отырады. Осы кезде мазмұн мен форма арасында алшақтық тууы да мүмкін. Жаңа мазмұнды ескі форма айқын көрсете алмаса, оның маңызын жояды. Мұндай жағдайда жаңа мазмұнға міндетті түрде жаңа форма керек. Бірақ ескі форманың барлығы да жарамсыз, бәрін де өзгертіп, жаңа форма туғызу керек десек, тіпті қате болар еді. Екі форманың бәрі бірдей жарамсыз емес. Олардың ішінде де жаңа мазмұнды айқын бере алатын элементтері аз емес. Және де жаңа мазмұн жаңа форманы туғызғанда ол «жаңа форма» аспаннан түспейді. Бұрынғы бар формалардың негізінде, ескірген, ескіре бастаған формалар өңделіп, жаңа қадір тауып отырады. Сонымен жаңа форма туу проблемасы бұйрықпен немесе жеке адамдардың тілегі бойынша жасалынбайды. Ол қажеттіліктен, творчестволық іздену арқылы бірте-бірге жасалады. Қандай бір жағдайда болмасын, форманың мазмұнды толық айқындауы басты шарт. Мұның өзі күрделі мәселе. Өйткені әдебиеттің көркем формасы әр халықтардың өмірі, тіршілігі, мінез өзгешеліктері, әдеп-дәстүрлерімен тығыз байланысты болғандықтан да оның барлығы форманың қай белгілері қаншалықты дәрежеде өзгеруіне әсер тигізбей қалмайды. Ендеше әдеби форманың ұлттық болуының бір себебі де осында жатыр. «Ұлттық форма категориясы, - деп жазады Г.И.Ломидзе. – Эстетикалық категорияға жатады және ол мазмұнды қалай, қандай көркем құралдар арқылы айқындай алады деген сұраққа жауап береді. Ұлттық формада әр халыққа тән творчестволық ерекшелік барынша мол сезіліп жатады»II.
Әдеби форманың бірі – көркем образ. «Мазмұнды айқындайтын форма өмір шындығын көркем образ арқылы типтендіріп беріп отырады»I дейді Н.Андреев. Ол болса өмірдегі адамдардың ұлттық, таптық белгілері көркем шығармаларда жеке адамдар – образдар арқылы көрінуі тиіс.
Әдеби форманың шеңбері кең. Соның бір түрі көркем образ, ол әр ұлт әдебиетінде ұлттық ерекшелік алып отырады. Өйткені ол белгілі бір ұлттың өкілі, белгілі бір географиялық ортада өмір сүреді, қоғам дамуының белгілі бір сатыларында оның психикасы қалыптасады, (характері) тілі, әдет-ғұрып дәстүрлері пайда болады. Ұлттық образдың даралығы сөз жоқ осы жағдайларға байланысты жатады. Бұл бір мәселе. Екіншіден, осы образ белгілі бір көркемдік амал-тәсілдер арқылы жасалады. Ең алдымен, ол образ белгілі бір ұлттық, халықтық тілде жасалады. Ол образ белгілі бір әдеби формада жасалады (мысалы эпикалық, лирикалық, драмалық формалар) және әдебиеттің толып жатқан «техникалық» жайлары арқылы жасалады. Мазмұннан форманы бөлуге болмайтын сияқты, образ жасауда форманың ішкі түрлері де өзара байланыста, бірлікте болады. Қазақ әдебиеттану ғылымында бұл мәселе әлі белгілі бір жүйеге келген емес. Көркем форма мәселесін көбіне біржақты түсінетін жай байқалады. Әсіресе, қазақ совет поэзиясы туралы жазылған мақалалар даII көркем образдан гөрі өлеңнің «техникалық» жағы сөз болып, өлең жолдары, буын сандары, ырғақ, ұйқас, екпіннің айналасынан шыға алмаушылық көрінді. Әрине, бұл да көркем форманың көптеген түрлеріне жатады. Алайда, мұның өзін көркем образдан бөліп алып, жеке қарап, форма мәселесін шешуге болмайды. Онда көркем форманың шеңбері міндетті түрде тарылар еді және кейбір теориялық топшылау жасауда сыңаржақтық пайда болар еді. Әдеби көркем форма мәселесіне арналған мақалалардың тек қана поэзияның техникалық жақтарын сөз етумен тынуының өзі осы мәселені біржақты түсінуден болуы да ғажап емес.
Өлеңнің техникалық жағы әдеби форма деген кең ұғымды бере алмайды, ол көркем форманың бір ғана саласы.
Сонымен халықтар әдебиетіндегі көркем туындылар нағыз көркем шығарма болуы үшін оның социалистік мазмұны мен ұлттық формасының өзара біртұтастықта болуы басты шарт.
|