Үшінші түрі. Қыз-бозбалалар жиналғанда «хан жақсы ма?» ойнайды, оның тәртібі: ойынды басқаратын «хан» мен «ханша» және «уәзір» сайланады. (Әдетте «хан» үйленген жігіттен, «ханша» келіншектен болады. Уәзір қай жігіттен болса да мейлі). Ойынды басқаратын «ханның» бұйрығы бойынша, бір қыз, бір жігіттен араласа отырады. Келіншектер оңаша отырады.
Жастарды солай орналастырғаннан кейін, «хан» уәзірін жұмсайды да отырған жастардың ішінен бір жігітті хұзырына (әміріне) шақыртып алады. Жігітке екі жағында отырған қыз ере келеді. Келген жігітке берілетін бұйрық: әуелі ханды мақтап үш ауыз өлең айтады. Содан кейін қасындағы екі қыздың белінен құшақтай көтеріп тұрып, екеуін де мақтап үш ауыз өлең айтады. Қыздарды жерге түсіргеннен кейін ылғи жанды заттардың атын қосып үш ауыз, жансыз заттардың атын қосып үш ауыз өлең айтады, одан кейін үш ауыз өтірік өлең айтады, ең аяғында үш ауыз «кер өлең» айтады, яғни соңғы бір ауыз өлеңді соңғы жолынан бастап кейін қарай айтып шығу. Мысалы:
«Базардан алып келген шай тостаған,
Тар жерде қыйын екен ән тастаған
Шешеңнен сені тапқан айналайын,
Бәйгеден келген кердей ойқастаған» –
деген өлеңді керісінше айтса:
«Бәйгеден келген кердей ойқастаған»
Шешеңнен сені тапқан айналайын,
Тар жерде қыйын екен ән тастаған
Базардан алып келген шай тостаған» – болып шығады. Сонда ханның бұйрығымен жігіттің барлық айтып шығатын өлеңі – жиырма төрт ауыз. Солардың бәрін орындап болғаннан кейін, хан жігіттен «көршілеріңе ризасың ба?» деп сұрайды. Жігіт ризамын десе, хан «ендеше екі жағыңдағы қыздың да аузынан сүй» деп әмір етеді. Қыздардың ол әмірді орындамауға хақы жоқ.
Егер жігіт «риза емеспін» десе, онда қандай қыздың қасына отырғысы келетінін сұрайды. Таңдайтын қызы бар жігіт ханға жауабын қара сөзбен емес, өлеңмен қайтарып, неге таңдайтындығын дәлелдеуі тиісті. Сонда ғана хан жігітке таңдаған қызының қасына отыруға ұлықсат етеді, таңдауын өлеңмен дәлелдей алмаса, бұрынғы орнында қалып қояды. Бірақ шарт: бір жігіт айтқан өлеңді екінші жігіт қайталамайды, әр жігіт тыңнан өлең табуға тиіс. Тыңнан өлең таба алмаған жігітке қолданылатын екі жаза бар: бірі – өлеңнің орнына ақша, немесе орамал, айна, тарақ, кисет сияқты зат төлейді, оны төлей алса, қасында отырған екі қыздың біреуінің аузынан ғана сүйеді; бірі – егер өлең орнына ақша немесе зат төлей алмаса «алты қатынның абақтысына» жібереді, яғни қыздардың арасынан шығып, келіншектердің арасына отырғызады. «Жігітпін» деген адамға бұл екеуі де қорлық. Сондықтан «хан жақсы ма» ойнына араласуда дәмесі бар жігіт, шамасы келсе, күн бұрын тырбанып шама шарқынша өлең шығарып жаттайды да, оған шамасы келмесе, мүмкіндігі бар жігіт ақша даярлайды, мүмкіндігі жоқтар «алты қатынның абақтысына» түскісі келмесе, қыздың арасына отырмайды. Ойынның «хан жақсы ма?» деп аталатын себебі, ойын тарардың алдында, ойынға қатысқандардың ішінен біреуі шығып көпшіліктен: «Қалай хан жақсы ма?, Ойынды жақсы атқара алды ма? деп сұрайды. Егерде хан беделсіздеу біреуден саналса, әдетте жастар оны «саттым, алдым» қып, сықаққа айналдырады. «Саттым, алдым» дейтіні: сұрау қойған жігіт – саттым дейді жұртқа. Жұрт ішінен біреу: «несін саттың?» дейді. Мысалы: «көзін саттым» дейді сұраушы. «Алдым» дейді топтан біреу. «Неге алдың?» десе, алған кісі жаман бірдемені атап, «соған қарауыл қылуға алдым» дейді. Сол тәртіппен сықақтағысы келген жастар «ханның» денесіндегі көп мүшелерін «сатып алады» да, бәрін де сықақтайтын жаман бірдемеге жұмсамақ болады. «Ханды» көпшілік жамандаңқырап жіберсе, сықақтың аяғы «түйе бас» пен, яғни басынан жұдырықпен «кел тұқыл» не «кертартпа» алумен аяқталады, оның түрі ойын болғанымен мазмұны «ханды» сабау. Хан беделді жігіт болса, жастар бұлай сықақтай алмай, «хан жақсы ма?» деген сұрауға «жақсы» дей береді. Ескі Римнің «Сатурнали» аталатын ойынына ұқсас. 419-421 бб.