Мысық пен тышқан (2 түрі)
Балалар қол ұстасып, шеңбер құрып тұрады. Бір тышқан мен бір мысық сайланып, мысық шеңбердің сыртында қалады да, тышқан ішіне кіреді.
Балалар шеңбермен айлана жүріп:
Мысық тісін ақситады,
Көздерін шақшитады.
Дүрдитіп, күржитіп белін,
Айбат қылады ерің, –
деп өлеңдеткеннен кейін, алдын ала келіскен жерде екі бала қолын түсіріп, қақпаны ашады. Тышқан мысықтан қашып қақпадан да, балалардың қолдарының астынан да өтуіне болады, ал мысық тек қақпадан ғана өте алады. Мысық тышқанды ұстасымен балалар орын алмастырады. Шеңбер жасап тұрған балалар тышқанға көмектесіп, мысыққа тосқауыл болады. Ойын барлық балалар «мысық», «тышқан» болып үлгергенше ойналады.
Мысық пен тышқан(3 түрі)
Ойынға 10-нан 20 адамға дейін қатысуға болады. Ойынды үлкен залда, таза сарайда, алаңда ойнаған жөн.
Ойнаушылар қол ұстасып дөңгеленіп тұрады. Ойынға қатысушылар өздері екі адамды ортаға шығарып, оның бірін «тышқан», екіншісін «мысық» ролінде ойнауға ұйғарады. «Тышқан» дөңгелек шеңбердің ішінде қалады. «Мысық» шеңбердің сыртында «тышқанды» аңдып тұрады. Мұндағы мақсат «мысық» ролінде ойнаушы «тышқан» ролінде ойнаушыны аңдып жүріп қапылыста ұстауы керек. Шеңбер ішінде тұрған ойнаушылардың міндеті «мысық» «тышқанды» қуғанда ұстасқан қолдарымен тосып қалып, «тышқан-ды» ұстатпауға тырысады. Мысық қапылыста шеңбердің ішіне кіріп кетсе, «тышқанды» шеңбер ішінен сыртқа шығарып, «мысықты» шеңбер ішінде ұстап қалады.
Егер «мысық» сыртқа шыға қалса, онда «тышқанды» шеңбер ішіне кіргізіп, «мысықты» шеңбер сыртында қалдырады.
Осылайша бірін-бірі қуып жүріп, «мысық» «тышқанды» ұстайды. Ұстаған бойда «тышқан» ролінде ойнаған ойыншы орнына басқа бір адамды шығарады. «Мысық» ролінде ойнаушы да басқа бір ойыншыны өз орнына тағайындайды. Ойын осылайша жалғаса береді.
150. Секіргіш торғайлар Ойыншылар саны: 10-30 адам.
Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: алаң ортасына үлкен шеңбер сызылады. Жүргізуші 2-3 «мысық» ойыншыларды сайлайды. «Мысықтар» шеңбер ортасында отырады. Қалған ойыншылар «торғайлар» шеңбер бойына айнала орналасады.
Ойын мазмұны: жүргізушінің белгісі бойынша «торғайлар» шеңбер ішіне секіріп кіре бастайды. «Мысықтар» ішке секіріп кірген «торғайларды» ұстап алуы керек. Ұсталған «торғайлар» шеңбер ортасына отырады немесе шеңбер жанындағы орындыққа отырады. Келісім бойынша төрт, бес «торғай» ұсталғаннан кейін ұсталмаған «торғайлардың» арасынан жаңа «мысықтар» сайланады. Ойын жаңадан басталады. Мүлде ұсталмаған «торғай» мен аз уақытта көп «торғай» ұстаған «мысық» үздік ойыншы болып саналады.
Ойын ережесі: «мысық», «торғайды» тек шеңбер ішінде ұстауы тиіс; «торғайлар» тек бір аяқпен секіруі керек; «торғайлар» шеңбер ішінде жүгіріп кетсе ойыннан шығып, ұсталған «торғайлардың» қасына барады; ұсталған «торғайлар» жаңа «мысық» сайланғанша ойынға қатыса алмайды.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын оқушылардың шапшаңдық, ептілік, секіру қабілеттерін дамытып, жетілдіреді. Тез шешім қабылдауға, ұйымшылдыққа, бағдарлауға тәрбиелейді.