204 Эстафеталық ойын түрлері Эстафета сөзі бірнеше аттарды қолдану арқылы жылдам хабар жеткізу мағынасынан пайда болған. Қазіргі кезде эстафеталық ойындар мен спорттың көптеген түрлері бар. Мысалы, шаңғы, жеңіл атлетика, суға жүзу, мұзда сырғанау, спорттық бағдарлама т.б. спорт түрлерінде эстафеталық жарыстар өткізіледі. Эстафеталық ойындар оқу-жаттығу сабақтарында кеңінен қолданылады.
Эстафеталық ойынның мақсаты: топқа бөлініп, тапсырылған түрлі сынақтарды, жаттығуларды жылдам және дұрыс орындау арқылы қимыл-қозғалыстарын үйлестіру, қимыл қабілеттерін жетілдіру болып табылады.
Эстафеталық ойындар сан алуан, оларды ұйымдастыруға қойылатын талаптарға:
– эстафеталық ойындар екі немесе одан да көп топқа бөлініп өткізіледі;
– орындалатын жаттығулар алдын ала таңдалып алынады;
– жаттығуларды орындауды топтар бірге бастайды;
– топтар өзара жарысады, күш сынасады;
– міндетті түрде жеңімпаз және жеңілген топ болады;
– топтағы барлық ойыншылар жаттығуларды біркелкі дұрыс, жақсы орындағанда жеңіске жетеді;
– топ ойыншылары басқарушыны тыңдап, ұйымшыл болып, ойын ережелерін дұрыс орындаулары шарт;
– ойын барысында ойыншылар бір-бірінің үйлесімді және дұрыс жұмыс жасауына көмектеседі;
– топ мүшелері бір-бірін көтермелеп, мадақтап, жеңіске жету үшін бар ықыластарын салып орындауға тырысады;
– эстафеталық ойын қорытындысы топтағы барлық ойыншылардың көрсеткіштері бойынша анықталады.
Бірнеше қарапайым эстафеталық ойындарды үлгі ретінде беріп отырмыз.
Бірінші оқушы барарда кедергілер арасымен жылдам жүгіріп барып, қайтарда тура жүгіріп келіп эстафета таяқшасын келесі ойыншыға беру;
Ер балалар барарда допты аяғымен кедергілер арасымен тебе алып барып, қайтарда допты қолмен алып жүріп келіп, келесі ойыншыға беру. Қыз балалар барарда кедергілер арасымен жіп секіртпемен секіріп барып, қайтарда секірмей тура жүгіріп қайту.
Бірінші бала допты барарда кедергілер арасымен алып барып, баскетбол шығыршығына лақтырып, қайтарда допты жерге ұрып алып келіп, келесі ойыншыға береді. Ойын осылай жалғаса береді.