Ынталандыру әдісі шәкірттерді өздерінің оқу-үйренім, тіршілік іс-әрекеттерімен саналы қатынас арқылы айналысуға баулиды. Педагогикада ынталандыру әдісінің екі тәсілі қабылданған: марапаттау және жазалау. Марапаттау балалардың ұнамды әрекеттерін бағалауда қолданылып, болымды дағдылар мен әдеттердің бекіп, орнығуына жәрдемдеседі. Марапаттаудың әртүрлі жолдары бар: қолдап-қуаттау, мақтау, алғыс беру, құрметті құқықтарға ұсыну, байрақтау. Әрқандай марапат бала әрекет-қылығының табиғи жалғасы болып, әділдігімен, ұжым пікіріне сәйкестігімен көрінуі тиіс. Оны қолдануда әр баланың жеке-дара ерекшеліктерін ескерген жөн.