6.5. Тәрбие және қайта тәрбие
Тұлға бойында көзге түспей, астарлы жүріп жататын үдерістер мен олардың қалыптасу мерзімінің белгісіздігі педагогтың да, тәрбиеленушінің өзін де қоғам талаптарына сай келмейтін кейбір күтілмеген әрекет-қылықтардың бой тіктеуінен қиын жағдайларға кезіктіріп жатады. “Қайта тәрбиелеу” үдерісінің мәні – адам бойындағы қандайда сапа мен әдеттерді дұрыстау, ретке келтіріп түзету, қажет болса, қосу не жоюға ұмтылыс. Әлеумет-қоғамға зиянды не жат әрекет қылықты, адамзат қауымына қайшы келетін тұлға қасиеттері, қылмыстық істер жөнінде сөз көтерілсе, “қайта тәрбиелеу” ұғымына жүгінуге тура келеді. Ертеректегі әдебиеттерде болымсыз қылықтарды, “ойып алу, жою, өшіру”, олардың орнына ұнамды әдеттерді «қоя салу» секілді кеңестер берілетін еді. Алайда тәрбиеленуші мейлі бала, мейлі ересек болсын, үнтаспа емес қой, қажетсіз таспаны лақтыра салып, қалаулысын қоса қоятын.
Адам бойындағы кемшіліктерді өшіре салуды мегзейтін қайта тәрбие ескіріп, өткен заман есесінде қалды. К.Д.Ушинский атағандай, бұдан былайғы міндет жаман әдеттерді жақсылармен ауыстыра отырып, болымды әрекет қылықтарға жол ашумен ұнамды әдеттерді қалыптастырып бару. А.С.Макаренко дәлелдегендей, қалаған баланы қалыпты адамгершілікті жағдайларға салып, дұрыс тәрбиелеу мүмкіндігі бар. Қазіргі заман педагогикалық тұжырымы мен гуманистік психологиясы баланы болмысымен қабылдау, оның даралығын құрметтеу, қалыптасу, даму жолдарын ескеріп, бала бойындағы ұнамды сапаға арқа сүйеу қажеттігін алға тартып отыр.
Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесі мақсатты тәрбиемен қатар жүріп жатады. Қиын балалар әрекет қылығындағы кемшіліктерді жою, әсіресе, оларда ұнамды сапаларды қалыптастыру үшін көбіне әдеттегі педагогикалық ықпал жасау әдістері қолданылады. Мұндайда осы маңызды келетін әдістер – сендіру және жаттығулар, ұжым талаптары мен қоршаған адамдардың өнегелі әрекеттері мен әдеттері, мадақтау және жазалау. Дегенмен, кей уақыттары ашу шақырып, қатал талаптар қоюға да тура келеді. Осылайша тәрбиеленушіні өзі күтпеген тосын жағдайға душар етіп, өз өзінен, өз әрекетінен жиеркенуге көмектесуге болады. Бірақ бұл тәрбиелік қадамға баруда педагог талабы ұжым қолдауымен орындалғаны дұрыс.
Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесінде маңызды болар және бір жәйт – тәрбиеленушілерді қоршаған тұрмыс, тіршілік жағдайларына өзгерістер енгізу, кері ықпал шарттарын жою, мүмкін болса “қиын” балаларды қоршаған ортаның болымсыз әсерлерінен оқшаулап, мейір қамқорлығына алу. Әлбетте, баланы сыртқы болымсыз ықпалдардан толығымен ажыратып алу қиынға соғады. Қажеттісі, олардың өздерін жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра білуге үйрету. А.С.Макаренконың “балаларды сырттағы жаман әрекет-қылықтардан қорғаудың пайдасы шамалы, қажеттісі, олардың өздерін кері әдеттерге табанды қарсылық жасауға дағдыландыру” – деген тұжырымы әбден орынды.
Тәрбиелеушілер нақты баланың тіршілігінде жетекші болған өмірлік қатынастарды мұқият зерттеп, қажет болса, оларды түбегейлі ауыстырып баруы керек.
Қайта тәрбиелеу тәжірибесі көрсеткендей, қиын шәкірттерді басқа сынып не басқа мектепке өткізгеннің де ұнамды тараптары бар: бала жаңа дос, жолдастар табады, өзі аңсаған соны да қызықты істерге араласып, бұрынғы жағымсыз қылықтары мен қызығуларын ұмытады. Тәрбие қамқорынан жұта болған балаларды дұрыс жолға салудың пайдалы және бір тәсілі - отбасыдағы жағдайды қалыпқа келтіріп, олардың тәртібіне қадағалауды күшейту және қызықты да қоғамдық пайдалы мазмұнға ие болған іс-әрекеттерге тарту.
«Қиын» балаларды қайта тәрбиелеуде олар бойында табиғи қалыптасқан ұнамды қасиеттерді арқау ету де үлкен маңызға ие. Әр баланың өзіне тән бір немесе бірнеше сапалары болатыны анық. Осыларды анықтай, пайдалана отырып, бала мінезі мен санасындағы кемшілікті жою қиынға соқпайды. Аса қажетті жағдай – педагог пен шәкірт арасындағы қатынастарды дұрыс алып бару. Тәрбие үдерісіндегі баланың теріс жолға түсуі көбінесе ұстаз бен шәкірттің арасындағы байланыстың бұзылуында.
Тәрбие және қайта тәрбие ажырамас бірлікте жүріп жатады. Бұлар өз кезегінде өзіндік тәрбиемен толығып барады.
Тәрбиеленушілердің жалпы мәдениеті, тәлімділігі мен жалпы даму көтеріңкі жағдайда өтіп жатса, қайта тәрбиелеу үдерісі жылдам әрі табысты нәтижесін береді.
Достарыңызбен бөлісу: |